Сенат • 30 Қараша, 2023

Халықтың қарызы азаймай, керісінше өсіп отыр – Сенат Төрағасы

109 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын халықтың қарыз сомасы 30 пайызға артып отыр. Қарыздың негізгі бөлігі тұтынушылық несие. Сондықтан проблемаға әкеліп соқтыруы мүмкін несиелерді беруді шектеу үшін қосымша шешімдер қабылдау қажет. Мұны бүгін Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қарау барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның  баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Халықтың қарызы азаймай, керісінше өсіп отыр – Сенат Төрағасы

senate.parlam.kz

«Бұл заңда жеке тұлғалардың кірістерін босату нормалары бар. Олар коллекторлық ұйымдар осы тұлғалардың қарыздарын есептен шығарған кезде қалыптасады. Яғни, олар есептен шығарылады, бірақ кіріс ретінде есептелмейді және сәйкесінше салық алынбайды. Тағы бір мысал, микроқаржы ұйымдары проблемалы қарыз алушылардың микрокредиттерін есептен шығаруына байланысты табысқа салық салудан үш жылға босатылады. Бұл –азаматтардың қарыздарын есептен шығаратын микрокредиттік ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау үшін жасалған қадам. Мұндай тәсіл аталған ұйымдарды ынталандырады деп сенеміз. Жалпы, алдағы уақытта заңды түсіндіру кезінде оның ұстанымдарын дұрыс түсіну қажет. Бұл заң қарыз алушылар мен кейбір несие берушілердің жауапсыз әрекеттерін ынталандыру ретінде қабылданбауы керек», деді М. Әшімбаев.  

Мәулен Әшімбаев халықтың несие алып, қарыздануын төмендету үшін барлық мүдделі тарап белсенді жұмыс жүріп жатқанын айтты. Бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі – қайтарылмайтын несиелермен жұмыс істеу.

«Мұның бәрі біз адамдарды одан әрі несие алуға, оларды қайтармауға, кейін несиелерді есептен шығаруға ынталандырамыз немесе микрокредиттік ұйымдар оларды есептен шығарады дегенді білдірмейді. Адамдарды оған итермелемеуіміз керек. Қалай болғанда да, біз үшін халықтың несие алып, қарыздануын төмендету маңызды. Біз бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Соңғы көрсеткіштерді қарастырсақ, бізде осы жылдың он айында тұтынушылық несиелер бойынша халықтың мерзімі өткен қарызы шамамен 18%-ға  өскен. Бұл жөнінде жыл басынан бері айтып келеміз. Соған қарамастан мерзімі өткен берешек, жалпы халықтың қарызы азаймай, керісінше, өсіп отыр. Қазір қабылдап отырған нормалармен біз кейбір мәселелерді шешуге тырысамыз. Алайда, бұл мемлекет несиені қайтармауды ынталандырады деп қабылданбауы қажет. Осы бағытта біз Үкімет өкілдерімен, мемлекеттік органдармен, Ұлттық Банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен белсенді жұмыс істеуіміз керек», деді Сенат Спикері.