Елорда • 01 Желтоқсан, 2023

Астана – іскерлік туризмнің бастауы

288 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бізге білінбес, бірақ жыл сайын курортты елдердің ірі компаниялары өзара бақталасып, туристерді тарту үшін түрлі қадамға барады. Қомақты қаржы қарастырып, жарнамаға жанын салады. Қоңыр­­жай климаттық белдеуде ор­налас­қан еліміздің табиғаты жаға­жай туризмін жандандыруға қолайсыз. Қаймығатын дәнеңе жоқ, білгенге туризмнің сан тараулы тармағы бар. Мысалы, шетелдік қонақтар Астанаға іскерлік туризммен келіп, сәті түсіп жатса, іргелес аудандарды аралап, өлкенің бай тарихымен танысуға тырысады.

Астана – іскерлік туризмнің бастауы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Басқа-басқа елордада іскерлік туризмге жайлы орта қалыптасқан. Туристер қонақүй, тамақтанатын орындарды тал­ғамына қарай таңдай алады. Қызмет көрсету сапасы көңілден шығады. Бір сәт дамылдап қайтуды ойлағандар Астананың символына айналған «Бәйтеректен» бас­тап, қаланың сәнін келтіріп тұрған зәулім ғимараттарды, монументтер мен басқа да көрікті орындарды тамашалайды. Иә, осы күнге дейін де Астананы іскерлік туризмнің орталығына айналдыру туралы ұсыныстар аз айтылған жоқ. Іс жүзінде алға нақты жоспар қойылып, көптеген жоба орындалды. «ЭКСПО-2017» көрмесі күні кешегідей есімізде. Сол шағын қалашық аумағындағы нысандарды тамашалауға арнайы баратын қонақтардың қатары әлі күнге үзілген жоқ. Бұл көрме туризмнен пайда табуды көздеген кәсіпкерлерге үлкен тәжірибе болғаны анық. Кәсіпкер туристерге сапалы қызмет көрсетудің қиындығын сезінген шығар. Әрине, мұндай халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар Астана төрінде әлі талай мәрте ұйымдастырылатынына бек сенімдіміз.

Биыл бірінші жартыжылдықта Аста­наға келген туристердің үлесі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28%-ға өскен. Алты айда елордаға 622 465 қонақ келген. Оның ішінде 136 772 шетелдік болса, 485 693 адам елдің бас­қа аймақтарынан сапарлаған. Аста­на қаласының Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Туризм­ді дамыту бөлімінің басшысы Өмір­ұзақ Тілеужанның айтуынша, қалада туризмді дамыту бағытында іске асып жатқан жобалар баршылық.

– 2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде алғашында 950 жаңа жұмыс орны құрылады деп жос­парланса, қазір 1 127 жұмыс орны ашылды. Биыл қаңтар мен қараша аралығында біздің бөлімнің мамандары 15 мемлекеттік қызмет көр­сетті. Яғни туристік-операторлық қыз­метке лицензия берді. Биыл бірінші жарт­ыжылдықта әуе көлігіндегі жолаушылар ағыны шамамен 3,2 млн адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,1% өсім байқалды. Бүгінде 78 елмен визасын режім жаңғырды. Әлемнің 28 еліне тіке­лей халықаралық рейс ашық. Нақ қазір 111 бағыт бойынша аптасына 489 рейс қатынайды. Астана қаласында 222 қонақүйде жалпы саны 16,2 мың орын бар (8 840 бөлме). Оның ішінде 5 жұлдызды – 8 қонақүй, 4 жұлдызды – 11 қонақүй, 3 жұлдызды – 5 қонақүй және санатсыз 205 қонақүй бар екенін де айта кеткім келеді. Осы қонақүйлердің барлығы қалаға келген туристерді қабылдап, сапалы қызмет көрсетуге дайын. Ұлттық статистика бюросының дерегіне зер салсақ, биыл бірінші жартыжылдықта Астана қала­сындағы қонақүйлердің орташа толым­дылығы 30,3%-ды құрапты, – дейді Ө.Тілеужан.

Астана қаласында туристік ағынды және көші-қонды бақылап, есепке алуға арналған «eQonaq» деп аталатын ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін біле бермейтін шығарсыздар. Жүйе туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрылған. Шетелдік туристер осы жүйеге қосылған қонақүйлерге барса, біраз уақытын үнемдейді. Ақпарат үшін айтар болсақ, бүгінде «eQonaq» жүйесіне 202 қонақүй қосылған. Бұл шамамен 9 мың орынды (6 000 бөлме) қамтиды. Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша да жоба-жоспар сан алуан. Мысалы, «Red Bus» экскурсиялық автобустарын айтсақ болады. Мұндай автобустар аудиогидтермен жабдықталған. Туристерге экскурсия 8 тілде ұсынылады екен. Сонымен қатар Астанадағы әуежай мен «Бәйтерек» монументіндегі қонақтарға жол көрсететін туристік ақпараттық дүңгіршектер ашық. Ал туристерге арналған «Astana City Pass» деген карта қаланың көрікті жерлеріне төте, емін-еркін баруға мүмкіндік береді. Туристер бұл картаны 9 990 теңгеге сатып алып, қаладағы 11 мәдениет нысанына 70% жеңілдікпен бара алады. Ол ол ма, қонақтар үшін izi.Travel халықаралық платформасында аудио турлар қолжетімді. Жүйеге Астана қаласындағы 164 көрнекті нысан бойынша экскурсия жүктеліпті.

Туризмнен хабары бар азаматтар Астана қаласының төңірегіндегі аудандар эко және этнотуризмге таптырмайды деседі. Иә, қазақтың тарихы, мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін өлкелер назардан тыс қал­мауы керек-ақ. Себебі халықтың тұрмыс-салты мен мәдени мұралары да шетелдіктерді қызықтырмай қоймайды. Бұл ретте біз Ақмолада іске асып жатқан «Байтақ жер» жобасының маманы Айжан Жансұлтановадан пікір сұраған едік.

– Еліміздегі қалалардың ішінде Аста­наның туристік әлеуеті зор деп айтар едім. Мұнда іскерлік туризм дамып келеді. Туристерге жайлы орта қалыптасқан. Ең бірінші кезекте инфрақұрылымы көңілден шығады. Туристерге жол сілтейтін қосымшалар да іске қосылып жатыр. Кәсіпкерлер жарнамаға көбірек көңіл бөле бастады. Астана қаласының тағы бір артықшылығы – орналасқан аймағы. Мейлі, қысы суық бола берсін, бірақ қалаға келгендердің қызығушылығы оянса, іргедегі аудандарды аралай алады. Ал қала маңындағы аудандарда эко, этнотуризм, агротуризм, тарихи және оқиғалық туризм, спорттық және ат туризмін дамытуға болады. Расында, Ақмоладағы табиғаты таңғажайып жерлерді шетелдік туристермен қоса ел азаматтары да біле бермеуі мүмкін ғой. Қазір осы бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Мысалы, аймақта Орталық Азияның Еуразия қоры мен «Шеврон» компания­сы іске асырып жатқан «Байтақ жер» жобасын айтуға болады. Жоба арқылы туризмді дамытуды көздеген кәсіп­керлерге қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр, – дейді А.Жансұлтанова.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Туризм» кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Мүтәлиеваның айтуынша, елордада іскерлік туризммен қатар медициналық туризмді де қатар жандандыруға мүмкіндік мол.

– Қалада құрылысы ерекше, көз тартатын нысандар жетерлік. Сонымен қатар елордада жыл сайын кең ауқымда мәдени іс-шаралар, көрме, форум, фес­тивальдар өтіп тұрады. Жаңа үлгідегі сауда орындары, жайлы тамақтану орындары бар. Қонақтар алаңсыз жүре алады. Астана қаласының әкімдігі де туристерді тартуда іскерлік туризмге көңіл бөлгенін байқаймыз. Іскерлік туризм дегеннің өзі халықаралық аренада қаланың беделін көтеруге септеседі. Елордада туризмді да­мытудың екінші бағыты – медициналық туризм. Мұнда жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсететін заманауи медициналық кластері қалыптасқан. Клиникалық, стоматологиялық, кос­метологиялық және экоорталықтардың желісі бар. Елорданың алты клиникасы JCI халықаралық аккредиттеу комиссиясымен сертификатталған. Біле білсеңіздер, бұл медициналық қызмет сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігінің алтын стандарты саналады. Астанаға келуді ойлаған туристерді қалай қызықтыра аламыз? Бірінші кезекте қонақтар қаладағы сәулет өнерінің таңғажайып туындыларын тамашалай алады. Қаланың тарихы мен мәдениетіне қызығатындар Ұлттық музейге бара алады. Мұнда қонақтар қазақ халқының бай тарихымен танысып, салт-дәстүрі туралы да толымды мәліметке қанық болады. Астана халқы көп этностығымен де ерекше. Есесіне, туристер түрлі этностың ас мәзірінен дәм тата алады. Көз тартатын саябақтар, Есіл жағалауы фотосессияға таптырмайды. Қалаға келген туристер Астананы заман талабына сай қызмет көрсететін орындар мен мәдениеттің, табиғаттың тоғысқан мекені ретінде есте сақтайды деп ойлаймын, – дейді Л.Мүтәлиева.

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқар­масының Туризмді дамыту бөлімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қалада жал­пы сомасы шамамен 713 млрд тең­гені құрайтын «көпфункционалды туристік аудан» деп аталатын туризм саласындағы ірі инвестициялық жоба іске асып жатқан көрінеді. Бұл жоба 2020 жылы басталса, 2026 жылға дейін толық аяқталуға тиіс. Қазірдің өзінде туристерге сапалы қызмет ұсыну үшін visitastana.kz. сайты іске қосылған. Мұнда туристер авиабилеттерді сатып алып, қонақүйлерді брондай алады. Ақпарат құралдарынан байқаған боларсыздар, бүгінде бірнеше елмен визасыз режім арқылы байланыс нығайып жатыр. Сәйкесінше, жаңа туристік бағыттар ашылатыны анық. Еліміздің 13 қаласына «Ашық аспан» режімі енгізіліп, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат беріліп отыр. Енді жуырда Қытай да сол қатарға қосылды. Қос тарап отыз күнге дейін визасыз жүру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Келешекте елге келетін туристер ағыны екі, үш есе көбейіп жатса, қонақтар Астанаға келіп, сәулеті келіскен қаланы қалай да тамашалауға тырысады деп ойлаймыз.