Шымкент қаласындағы бұл жаппай жерлеу орны ХХ ғасырдың соңында-ақ анықталған. 1998 жылы жаппай ату жазасын орындау орнында «Қасірет» атты мемориал орнатылған. Алайда ашылғанына ширек ғасыр өткен мемориалдың өзіндік тарихы бүгінде көмескілене бастағандай. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үрдісінің нәтижесінде жаңғыртылуға тиіс тарихи жадының бір бөлігі болып табылатын бұл тағзым орнының тұмса тарихын қайтадан нақтылап жазып, есепке қосуды жөн көрдік.
Тәуелсіздік алғаннан кейін басталған жаппай ату және жерлеу орнын іздеу жұмысы ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы кеңестік жазалау орындарының қызметкерлері өздерінің сойқан істерінің іздерін жасыру әрекетіне кездескендігінің салдарынан бірқатар қиындыққа ұшыраған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еңбек демалысындағы қызметкері Азимов Абдель-Керимнің естелігінен белгілі болғандай, НКВД-ның мұрагері болып саналатын кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен (МҚК) жергілікті тәуелсіз БАҚ беттерінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының құнын қоғамдық сұраудың қарқынды басталғандығынан сол кездегі Шымкент облысы бойынша МҚК басқармасының басшысы, генерал-майор Есенгелді Мұстафетовтің бұйрығымен құрамы комитет қызметкерлерінен тұратын шұғыл топ құрылған.
Архивтердегі істерді қайта қарау тобының жұмыстарын үйлестіру МҚК басқармасының қызметкері Анатолий Ильич Коваленкоға жүктелген. Дегенмен ІІД және МҚК архивтері құжаттары арасында саяси қуғын-сүргін құрбандарының қай жерге жерленгені жайлы ешбір мәлімет табылмаған. Өйткені НКВД қызметкерлері өздерінің іс-әрекеттерін шебер жасыра білген.
ҰҚК-тің «Шұғыл іздестіру тобы» архив материалдарынан ешқандай із таба алмағандықтан, жергілікті тұрғындарға сұрау салудың нәтижесінде ғана құрбандарды жаппай ату орнын анықтаған. Ондай мәліметті алғаш рет 1938 жылдан бастап НКВД-ның ішкі түрмесіне қызметке алынған Коренда Константин Никитович деген азамат берген. Оның айтуынша, НКВД-ның ішкі түрмесіне жаңа қызметке ауысқаннан кейін онымен НКВД басқармасының басшылары Демидов Федор Петрович пен оның орынбасары Костенко Григорий Александрович сұхбаттасқан екен. Арада бірнеше ай өткеннен кейін оған екі мәйітті көлікке тиеп, орыстілді тұрғындар «Түлкілі сай» «Лисья балка», ал қазақтар «Албастысай» деп атаған Бадам өзенінің ескі арнасына жерлеу туралы бұйрық берілген. Ол мәйіттер жатқан бөлмеге кіріп, оларға жабылған брезентті ашып қарағанда, НКВД-ның басшысы мен оның орынбасары Ф.П.Демидов мен Г.А.Костенко мәйіттерін көрген екен. Берілген бұйрықты орындаған Костя ағай (Коренда К.Н.) мәйіттерді көлікке тиеп, жерлеп келеді. Бұл қуғын-сүргіннің екінші толқыны басталған, «үштіктер» деп аталатындардың бір-бірін қудалап, қылмыстық жауапкершілікке тартып, асырасілтеушілікпен айналысты деп айып тағып жатқан кездер еді. Бірақ К.Н.Коренда құрбандардың нақты қай жерге жерленгенін тауып бере алмаған.
Комитеттің шұғыл тобының ізденістерінің нәтижесінде Шымкенттегі жаппай ату орнын табуға сол маңдағы ауылда өскен, сол замандағы 10 жастағы бала Николай Иванович Белов көмек жасаған. Н.И. Белов өздері «Түлкілі сай» деп атайтын қорқынышты жерді шұғыл топ ізденушілеріне көрсеткен. Сол кезеңдегі он жасар бала достарымен бірге «Түлкілі сай» жаққа жиі барып тұрғанын, мәйіттердің жерленген іздерін көргенін айтады. Оның айтуынша, барлығы түн мезгілінде болған. Түнде автокөлік келіп, одан адамдарды түсіреді екен де, көп ұзамай атылған оқтың даусы естіледі екен. Ол орындар қоршаулы болған, түнге қарай күзетшілер күзеткен.
Н.Беловтан бөлек, сұрапыл кезеңнің сұрқай суреттері көз алдынан кетпейтін куәгерлер қазақ балалары арасынан да табылды. Сол жылдары қозы бағып, тай қуған балалар – бүгінде ел ағасына айналған көнекөз қариялар Шақабай Түктібаев, Сиқымбай Татыбаев, марқұм Асқарбек Бекжігітов: «Ел басына нәубет келген жылдары біз бала едік. Ауылымыздағы қырдың аржағынан кешке қарай, түнде атылған мылтықтардың дауысы естілетін. Құлағымызға ыңырсыған, жылаған, айқайлаған үндер келетін. Әке-шешеміз бізге естіртпеуге тырысатын және ол жаққа аяқ баспауымызды талап ететін. Аш иттер кейде ауылға адамның аяғын, қолын тістеп әкелетін. Бір күні қозы бағып жүргенде балалық әуестігіміз ұстап «Албастысайға» бардық. Биік жарды үңгірлеп қазып, өлген адамдарды төсек жинағандай, бірінің үстіне бірін қалап жинап қойыпты. Бетін жаппағанына қарағанда, қатары әлі де болса көбейеді деп жоспарланса керек. Кейбірі атқан жерінде сілейіп жатыр. Көбін атқан бойда құдыққа тастапты. Құдықта су орнына қан шүпілдеп тұр. Шамасы белгілі бір бай тұрған-ау, екі-үш үйдің аумағындай алаңқайда дүние-мүлік тіреліп тұр. «Бүлінгеннен – бүлдіргі алма» деген емес пе, ешкім тимеген. Бірақ елді аштық жайлап, жоқтық қыспаққа алған кезде иманнан безген біреулердің сонда барып, иесіз қалған жерден атылғандардың бүтін киімін, кейбір мүлкін алып келе жатқанын жұрт көрген. «Қайдан келе жатырсың?» деген сұраққа: «Сельмагтан» деп жауап берген. Ел әлгілерге қарғыс жаудырған. Кейін сол сұғанақ қолдардан ұрпақ қалған жоқ», дейді Саяси қуғын-сүргін музейінің бір кездегі директоры, ақын Х.Есенқараева.
Неге жаппай ату орны «Албастысай», «Түлкілі сай» болуы мүмкін деген сауал алдымызға көлденең тұрады. Өйткені бұл жер революцияға дейін бір дәулетті адамның меншігіндегі жайылымдық жер болған деген естелік бар. Бай түнге қарай жыртқыштар малға шаппау үшін осындай үлкен-үлкен он шақты шұңқыр қазып, малды сонда қамаған. Сайдың ішкі жағында, Бадам өзенінің ескі арнасы бойында құдық болған, сол жерден су шығарып, мал суарған. Міне, осы шұңқырлар мәйіттерді тастап, көмуге ыңғайлы болғандығы туралы да ауызша дерек табылған.
Осыдан кейін шұғыл топ ізденушілері қабір болуы мүмкін орын ретінде осы жердің рельефін бейнекамераға түсіріп, жиналған материалдарды МҚК басқармасының басшысына баяндайды. КСРО МҚК-нің төрағасы В.А.Крючковтың бұйрығын басшылыққа ала отырып, жергілікті билік пен облыс прокурорының келісімдері бойынша 1989 жылдың 3 қарашасында «Қабір болуы мүмкін орынның бірін жарым-жартылай ашу туралы» шешім қабылданады. МҚК басқармасы басшысының кабинетінде шағын жабық жиналыс өткізіліп, ол жерде бұл жұмысқа кірісу үшін жүйкесі де, күші де мықты он шақты шұғыл қызметкерден тұратын топ құру туралы шешім қабылданған.
«ҰҚК басқармасының шаруашылық бөлімінің басшысы В.В.Маймурға топты құрал-сайманмен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беріп, осы жұмыстарды атқару үшін «Беларусь» тракторы бөлінген. Істің маңыздылығына байланысты тракторшының қызметінен бас тарттық, оны В.Ф.Бугаев және Т.И.Айдарбеков деген қызметкерлер жүргізді», деп еске алады шұғыл топ мүшесі, ҰҚК органдарының ардагері, отставкадағы полковник, қазіргі кезеңде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне қарасты «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ Авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы болып қызмет атқаратын Владимир Николаевич Головин.
Арнайы шұғыл іздестіру тобы 4 қарашада таңертеңгі сағат 6-да құрылған орынға аттанды. Топтың құрамында В.Виткалов деген қызметкер де болды. Алматы ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетін «Топырақ зерттеуші» мамандығы бойынша тәмамдаған оның топырақ құрамы туралы білімінің осы тұста көп пайдасы тиген екен. Ә дегенде қай шұңқырдан бастау керектігін таңдау қиынға түскен. Ақылдаса келе, ең терең шұңқырды таңдап алып, трактордың шөмішімен қаза бастаған. Шөміш 1,5 метр тереңдікке жеткен кезде, топырақ құм сияқты суси бастаған. Бұл мәйіттің үстіне себілген әктің топыраққа әсері болуы мүмкін. Ол еттің сүйектен ыдырау үдерісін жылдамдатады әрі жағымсыз иісті жою үшін себіледі деп топшылаған топ ізденушілерінің әрекетінің негізінде 2,5-3 метр тереңдікке жеткенде 15 адамның бас сүйегі, қаңқа сүйектері, шіріген киімдерінің қалдықтары, түймелер, аяқ-киімдер, гильзалар шықты. Қазба жұмыстары сол жерден тоқтатылып, қазу жұмыстары туралы ақпарат МҚК басқармасының басшысына баяндалды. Шамалы уақыттан кейін қорым орнына облыстық әкімдік пен прокуратурадан өкілдер келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының қабірі осында екеніне көз жеткізеді. 1989 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР-нің МҚК төрағасы В.М.Мирошникке қабірдің табылғандығы және олардың жарым-жартылай ашылғандығы туралы ақпарат жіберіледі. Жиналған мағлұматтар мен алынған ақпараттар негізінде МҚК басқармасында Оңтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үйлестіру жиналысы өтеді. Бұл факті бойынша облыс прокуроры қылмыстық іс қозғап, қазба жұмыстары басқа шұңқырларда да жалғастырылады. Шұңқырлардан 10 қаптан асатын адамның бас сүйектері мен қаңқа сүйектері табылған. 1989 жылы сот-медициналық сараптамасы өткізілген соң табылған сүйектер табыттарға салынып, 7 автокөлікпен қазіргі мемориал кешені тұрған орынға жеткізіліп, қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді.
Іс-шарада қоғам қайраткері Б.Рузанов, «Әділет» («Справедливость») тарихи-ағарту қоғамының Шымкент облысы бойынша филиалының басшысы В.Головин сөз сөйлеп, осы жерден ескерткіш тұрғызу туралы шешім қабылданды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыруда және әділеттікті қалпына келтіруде қажырлы еңбек еткен куәгерлердің кейбірі қазір біздің арамызда жүр. Бұл жұмыстың алдыңғы қатарында ҰҚК бұрынғы Шымкент облысы бойынша басқармасының басшылары мен қызметкерлері: Е.Мұстафетов, В.Головин, В.Маймур, А.Коваленко, В.Попков, О.Абдиев, А.Мачугин, Ю.Волков, В.Виткалов, Т.Айдарбеков, А.Власов, В.Бугаев болған. Ал 1998 жылы «Албастысайда» саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып «Қасірет» мемориалды кешені салынды.
Жантөре ӘШІМ,
Кәмшат УТЕЕВА,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының мүшелері, тарих магистрлері
Суреттерде: Қайтпас-1 ауылының қариялары А. Бекжігітов, Ө. Жәнібеков, Ш. Түктібаев, С. Татыбаев Албастысайда (билік құжаттарында «Түлкілі сай»); Албастысайдағы (билік құжаттарында «Түлкілі сай») үңгір.