Иә, «ардың ісі» саналған әдебиеттің қуаты мен сипатын беретін нақты анықтама жоқ. Әдебиеттің бір аты – шексіздік. Тақырып аясы ғарышқа дейін жетіп, адамзаттық деңгейде тұра алатын көркем әдебиетте шекара да жоқ. Әрқашан ізгілікті үндейтін әдебиеттің ұлттың дамуына, халықтың мәдениетінің, руханиятының бекем қалыптасуына тигізер үлесі де мол. Көркем шығарманы, әсіресе классиканы көп оқыған ұлттың мәдени деңгейі қай сатыда екенін бағамдай беріңіз. Әдебиеті халқымен бірге өмір сүретін елдің рухы да, тұрақты дамуы да, болашағы да тас қамалдай берік болары сөзсіз. Ол үшін әдебиетті оқу бар да қолдау бар. Еліміз егемендік алған жылдардан бері тәуелсіз қазақ әдебиетінің кең тынысы ашылып, дамуы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Түрлі жоғары марапат, әдеби байқаулар, автор кітаптарын республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға тарату, қаламақы беру...
Осы орайда араға қаншама жыл салып, күні кеше ғана қайта жаңғырған «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын айтып өтейік. Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев, Ахметжан Ашири, Смағұл Елубай, Любовь Шашкова аталған марапатқа ие болды.
Еске салсақ, ең алғаш 1984 жылдан бастап 90-жылдардың орта шеніне дейін берілген «Қазақстанның халық жазушысы» атағы 39 қаламгерге табысталған. Оның ішінде Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділ, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова сынды басқа да әйгілі ақын-жазушылар бар. Кеңес өкіметі тұсында өз туған жұртының халық жазушысы атанған Шыңғыс Айтматов, Давид Кугультинов, Қайсын Кулиев, Расул Ғамзатов, Эдуардас Межелайтис, Петрусь Бровка секілді көптеген даңқты ақын-жазушылар болды.
Құрметті атақты халыққа кеңінен танылған, жоғары идеялы көркем шығармалар мен әдебиеттану жөнінде еңбектер жазған, қоғамдық өмірдің бүгінгі ақиқат бейнесін көрсетіп, ұлттық жан дүниемізді ашатын, тарихи жадымызды жаңғыртатын шығармалар жазуға белсене араласып жүрген жазушыларға, ақындарға, драматургтерге, аудармашыларға, балалар әдебиеті өкілдеріне, сыншылар мен әдебиет зерттеушілеріне берілген болатын.
Кейін «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық ақыны» атақтарын беру тоқтатылып, оның орнына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы тағайындалды.
Құрметті марапатты қайта жандандыру идеясын Мемлекет басшысы алғаш рет «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді.
«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілді.
«Қазақстанның халық жазушысы» – елімізде әдебиетттің дамуына ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және (немесе) әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған тұлғаларға берілетін болды.
Егер «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағына ие болған қаламгерлер азаматтық қызметші санатында болған жағдайда, оның айлық жалақысына «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 18-қосымшасына сәйкес «Халық» деген құрметті атағы үшін азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің (жұмысшыларды қоспағанда) функционалдық блоктар бойынша лауазымдық айлықақыларын есептеуге арналған базалық лауазымдық айлықақыға 100% қосымша ақылар мен үстемақылардың мөлшері қосылады. Яғни Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында: «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне 17 697 теңге мөлшерінде базалық лауазымдық айлықақы белгіленсін» делінген.
Бұл туралы Сенат отырысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев та айтқан еді.
«Үкімет қаулысына сәйкес егер ол кісілер мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе, онда тиісті үстемақысын алады. Жұмыс істемесе, алмайды. Оның ешқандай қаржылық есебі қарастырылмаған. Үстемақы 17 954 теңге шамасында болады», деді ол.
Сондай-ақ Үкімет қаулысына қоса берілген түсіндірме жазбада «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы төсбелгісінің сипаттамасы жазылған. Төсбелгі диаметрі 30 мм дұрыс шеңбер нысанындағы жезден дайындалып, оның беткі жағында кітап пен қауырсын бейнеленген. Ал жоғарғы бөлігінде төсбелгі шеңбері бойымен «Қазақстанның халық жазушысы» деген жазу орналасқан.