Жалпы, ауылда маманға деген зәрулік – бұрыннан бар мәселе. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы елді мекендердегі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер қызметкерлері арасында жастар көбейді. Бірақ ауыл шаруашылығын таңдағандар санаулы ғана. Солардың бірі – Жаңақорған ауданындағы Қосүйеңкі ауылының мал дәрігері Өткір Әбсадықов. Қызылордадағы агроколледжден кейін көрші облыстарда оқыған жас маман 2016 жылдан бері бағдарлама арқылы ауылда еңбек етіп келеді.
«Қатарларымның көбі «неше жыл оқығанда біреудің қорасында қи сасып жүрем бе?» деп қалада қалып қойды. Бірақ бәріне жайлы жұмыс пен жұмсақ кресло қайдан табыла берсін. Мамандығына деген сүйіспеншілігі болса, адам қайдан да орнын табады. Өзім ауылға келгеніме еш өкінген емеспін. Осы күні қалаға тән тұрмыстық жағдай ауылда да бар. Құдайға шүкір, қазір жалақымыз көбейді. Осы салада жұмыс істеуге талаптанып, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға мемлекет қолдау танытып отыр. Ауылда жұмыс та, ырыс та бар», дейді Өткір.
Аудандардан жиналған деректерді саралап көрдік. Олардың қатарына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ең көп үміткер қатысқан өңір Жаңақорған екен. Бюджеттік несие түрінде тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылғандардың 73-і – білім, 38-і – денсаулық сақтау саласы мамандары. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілген.
Қармақшы ауданы бойынша былтыр 75 маманға 22 млн 972,5 мың теңге көтерме жәрдемақы, 50 жасқа тұрғын үйге 229 млн 725 мың теңге жеңілдетілген несие қаржысы бөлініпті. Көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алған мамандар қатарында агросала өкілдерінің тым аздығы байқалады.
Қазалы ауданында да 2009-2022 жылдар аралығында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек алған 1 216 маманның төртеуі ғана агроөнеркәсіптік кешенде еңбек етеді.
Биыл жазда Қазалыға барған сапарымызда республикаға танымал «РЗА» АҚ негізін қалаған кәсіпкер Самұрат Имандосов басты мәселенің бірі ретінде маман тапшылығын айтқан еді. Дүркін-дүркін ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен де құр қол қайтатын кездері көп. Өйткені жұмыссыз жастың көпшілігі 8 сағат кабинетте отырып, кесімді айлығын алатын кеңсе тірлігін қолай көріп отыр.
Шиелідегі «Халық» фермерлік қожалығы жетекшісі Халықберді Мыханов та осы мәселені баса айтады. Шаруашылықтар ақшасын төлеп, болашақ мамандарды өздері оқытуға да әзір. Бірақ соған талаптылар аз болып тұр.
Сырдария ауданындағы ірі құрылым «Шаған жер» ЖШС өз жұмысшылары арасынан болашақ мамандарды оқытып жатыр. Олардың дені – жастар. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріне жасаған сапарындағы кездесуде осы серіктестіктің жас механизаторы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артықшылықтарын айтты.
Ауыл мәселесін көтеріп жүрген кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріковтің бұл бағытта бірқатар ұсынысы бар.
«Ауыл шаруашылығы мен ауыл егіз ұғым болғандықтан, ауылға қажетті мамандар мәселесін де екіге бөліп қараған жөн сияқты. Бірінші топқа бюджеттен қаржыландырылатын білім, медицина, мәдениет, спорт саласы мамандарын кіргізейік. Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына біршама өзгеріс енгізген дұрыс. Бағдарлама бойынша бөлінетін қаржыны 15-18 млн теңгеге дейін көтерген жөн. Оның ішінде шамамен 12 млн-ды жаңа типтегі тұрғын үй салуға, 5 млн-ды мал алуға немесе кәсіп ашуға, 3 млн-ды қалаған мақсатына жұмсауға бөлген дұрыс. Берілген несие қайтарымын отбасында дүниеге келетін балалардың санымен байланыстыру керек. Мысалы, үш балаңыз болса, несиенің 40 пайызын шегеріп, 4 балаға 70%, ал отбасында бала саны бесеуге жеткенде несиеден мүлде құтылатындай жағдай жасаса, ауылдың демографиялық жағдайына да оң әсер етер еді», дейді кәсіпкер.
Көп жылдан бері саланы зерттеп жүрген кәсіпкердің пікірінше, мемлекет тарапынан ауылға маман даярлауға бөлінетін қаржыны жұмыс беруші шаруашылықтарға тікелей бөлген тиімді. Жұмыс беруші өзіне қажетті маманды қайда оқытатынын, қай оқу орнын таңдайтынын өзі шешкені жөн. Бұл өз кезегінде оқу орындарының бүгінгінің талабына сәйкестігін де айқындап береді. Берілген қаражаттың қайтарымын бірінші топтағы жүйемен сәйкестендіру керек. Мемлекет қаражатымен даярланған маман жұмысқа орналаспаса, жұмыс берушіден де жауапкершілік сұралуы қажет.
«Осы арқылы қоғамда қалыптасқан көптеген мәселені қоса шешуге болады. Еліміздің солтүстігіндегі миграция мәселесі өте күрделі болып тұр ғой. Солтүстіктегі оқу орындарына бөлінетін қаржының 70 пайызын оңтүстіктен баратын жастарға бөлсе деймін. Мысалы, оңтүстіктен жылына 15 мыңдай жас солтүстікке оқуға барар болса, соның кем дегенде 2 мыңы сол жақта тұрақтайтыны анық. Үкімет осындай шешім қабылдаса, халықты солтүстікке қоныстандыру бағдарламасының тиімділігі екі-үш есе артар еді. Осы бағдарламаға өзгерістер енгізу арқылы маман даярлау, демография, ішкі миграция мәселелері шешімін табар еді. Ең бастысы, саяси тұрақтылықты сақтауға негіз болады деп санаймын. Халық санының өсуі мен саяси тұрақтылық ел экономикасын дамытатын факторлардың негізі екенін бәріміз білеміз», дейді Ерұлан Өмірсеріков.
Осындайда Мұқағали ақынның: «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан, осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан...» деп басталатын өлеңі еске түсе кетеді. Бақытын шулы шаһардан емес, бұйығы ауылдан іздегендер қатары көбейсе екен.
Қызылорда