1990 жылдың 24 сәуірінде президент лауазымы бекітіліп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-ның президентін сайлады. 1990 жылғы 25 қазандағы қабылданған егемендік декларациясы биліктің үш тармағын заңдастырғанына қарамастан, 1993 жылғы бірінші Конституцияға дейін президенттік басқару нысаны кеңестік басқару жүйесінің элементтерімен қатар жүргізілді. Демек өтпелі кезеңде күшті мемлекеттік билік құру мәселесі өзекті болып қала берді.
Сөйтіп, республика президентiнiң өз өкiлеттiгiн тиiмдi және дербес жүзеге асыруы және президенттiк басқару нысанын одан әрi нығайту үшiн президенттiк билiктi жанама түрде өкiлдi орган арқылы емес, бүкілхалықтық сайлау арқылы заңдастырудың объективті қажеттілігі туындады. 1991 жылғы 1 желтоқсанда қазақ халқы тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлауда өз президентін сайлап, президенттік институттың негізі қаланып, оның дамуында жаңа кезең басталды. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақстан Республикасының Конституциясы президенттік билікті нығайту үрдісін дәйекті түрде жалғастырып, Қазақстан Республикасының президенті атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқаратынын белгіледі. Осыдан кейінгі оқиғалардың өрбу бағыты қалыптасқан жағдайда Қазақстанның дербестігін сақтап, мемлекеттілікті нығайту үшін биліктің мықты құрылымын қалыптастырудың дұрыстығын көрсетіп берді. Оны елдің әлеуметтік-экономикалық, ұлттық-демографиялық жағдайы мен республикалар арасындағы қалыптасып қалған еңбек бөлінісі және әскери-өнеркәсіптік кешеннің еліміздің шикізат көздерін талан-таражға салған өктем саясатына қарсы тұру қажеттілігі талап етті. Оның үстіне, компартияның шексіз билігі толыққанды азаматтық қоғамның дүниеге келіп, белсенді әрекет жасауына кедергі болды.
1995 жылғы Конституцияның қабылдануы Қазақстан халқының демократиялық қоғам құру жолын таңдаумен бірге елді басқарудың үлгісі ретінде президенттік билікті түпкілікті қолдайтындығын көрсетіп берді. Кейіннен мемлекеттік билікті бөлу қағидатының дамуы барысында президент қоғамның саяси жүйесінің орталық тұлғасына айналып, президенттік басқару нысанының элементтері толыққанды қалыптасты.
Президенттік институт мемлекеттік басқарудың әкімшілік-әміршілдік жүйесінен жаңа нарық экономикасы мен азаматтық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нәтижесінде, елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Еліміздегі президенттік басқару нысаны қоғамда бірыңғай мемлекеттік биліктің бөлінуі мен жұмыс істеуінің ерекше жүйесі логикалық тұрғыда аяқталған түрге ие болды.
Мемлекет басшысы таңдаған жол демократиялық мемлекет қалыптастырудың қажеттілігі, президенттік республика құрудың дұрыстығы мен тиімділігіне назар аударуды талап етті. Құқықтық мемлекетке бет алған жағдайда биліктің үш тармағы күшті және өз қызметтерін жүзеге асыра алатындай жағдайда болуы қажет еді. Алайда заң шығарушы және атқарушы билікті байланыстырушы буын тек Президент қана бола алатындығы күмән келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық мемлекеттік саясаттың басты қағидатына айналды. Оның өзегі мемлекет құраушы ретінде қазақ халқының топтастырушы рөлі жағдайындағы «Бірлік – алуан түрлілікте» формуласына негізделді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты. Ол президенттік басқару үлгісінің, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан жағдайында көптеген, тың реформалардың батыл жүзеге асырылуы, жаһандық ойыншылардың стратегиялық серіктесі ретінде әрекет етуге қабілетті, күшті және қарқынды даму жолына түскен мемлекет құрылуы президенттік билік үлгісінің нақты жемісі болды.
Осылайша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында күшті президенттік институт аясында либералды қоғамдық құрылыс пен демократиялық саяси жүйенің басты негіздерін бекіткен маңызды институционалдық және құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды. Сонымен бірге қоғамда туындауы ықтимал қауіпті мәселелер ішкі қайшылықтарсыз шешілді. Саяси реформаларды біртіндеп жүргізу стратегиясы қоғамға күрделі өтпелі кезеңнің көптеген cын-қатеріне төтеп беруге мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының аса күрделі жағдайда қоғамды терең жаңғырту трансформацияларын бастауы тарихи шешім болды. Президент саяси күресте біржақты позиция ұстанып, Қазақ елін, экономика мен қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды жалғастыруды табанды түрде жақтады. Озық қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген ауқымды қайта құрулар жағдайында жаңғырту үдерістерінің айқын мақсаттары мен міндеттері, басымдықтары, табысқа жеткізетін әдістері болады. Ол саяси және экономикалық модернизацияны толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Еліміз үшін әрқашанда ашықтық, инновация және прогреске деген өркениетті және құнды таңдау тән.
Президенттің белсенді сыртқы саяси қызметінің арқасында еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан бос деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді.
Президенттік институт Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізудің басты құралына айналды. Алғашында, сыртқы саясат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дәйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға ел президенті болды.
Қазіргі таңда президенттік институт ісін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табысты жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы конституциялық артықшылықтарға сәйкес еліміздің бірлігі мен ілгерілеуін қамтамасыз етіп, Конституцияны, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыратын жүйелі реформаларды жүзеге асырады. Президент сайлауалды бағдарламасында алға қойған мақсаттарға қол жеткізудің кепілі ретінде Әділетті Қазақстан жағдайында президенттік институттың жетекші рөлін сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Өткен жылғы 26 қарашада өзінің ұлықтау рәсімі кезінде: «Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы», деп мәлімдеді.
Соңғы кезеңде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауқымды конституциялық реформа жасады. Бұл әділетті Қазақстанның құрылысы аясында мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін жаңартуға әкелді. Бүгінде демократиялық институттар нығайып келеді. Конституциялық реформа президенттік институтқа да әсер етті. Президент лауазымында болудың бір реттік 7 жылдық мерзімін белгілеу жөніндегі түзету Республика Президентінің өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңіне партиялық бейтараптық қажеттілігі туралы қабылданған конституциялық түзетулермен сәйкес келеді. Президенттік өкілеттіктердегі өзгерістер әділетті Қазақстанды құру стратегиясына барынша сай келетін президенттік институттың оңтайлы моделін іздеуді көрсетеді.
Елімізде саяси билік президенттік басқару жүйесіне негізделіп, Ата заңына сәйкес Президент – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға ретінде халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Демек президенттік институт жаңару, әділетті Қазақстан құру жолындағы елімізде ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Болашақта да халық игілігіне, еліміздің келешегіне жұмыс істей беретін болады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері