09 Маусым, 2010

КІШІЛІКТІҢ КЕЛІСТІ КӨРІНІСІ

438 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Президент шешімін қолдайды ХАЛЫҚ СЕНІМІ –  ЕҢ БИІК МӘРТЕБЕ Елбасының республика азамат­та­рына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясы Саяси бюросына ар­науын бас­пасөзден оқып, танысып шы­ғып, үлкен әсерде қалдым. Парла­мент­тің ұсынған заң жо­басына Нұрсұлтан Назарбаев қол қоя ма екен, қоймас па екен деген сауал біраздан бері ел ішіндегі әңгімеге өзек болып жүрген-ді. Елбасы осын­дай атақты ресми заңдасты­ру­ға зәру ме? Елбасы деген атақ дек­ретпен, жарлықпен, заңмен беріле ме, халықтың өз жүрек қалауының көрінісі емес пе деген пікірлер жиі естіліп жүрді. Өйткені, біз Н.На­зарбаевты көптен-ақ Елбасымыз деп атап та, жазып та жүрміз. Ол үшін заң қабылдау қажет пе? Он­сыз да Мемлекет басшысын бүкіл халық сыйлайды, құрметтейді. Елбасына деген ел сүйіспеншілігі жоғары, оған халық үлкен сенім артады. Мұны күн сайын сезіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан да депутат­тар­дың бұл бастамасы Президенті­міздің беделін көтеріп, ұлықтауға көмектесе қояр ма екен деген пікірлер де болды. Әрине, парламентарийлердің бұл бастамасын нендей бір ұпай жинаудың, көзге түсудің амалы деп қабылдау жөн бола қоймас. Халық ықыласын, көпшілік сезімін ресми түрде заңдастырсақ деген олардың игі тілектерінен туғаны сөзсіз. Бір­ақ олардың бұл қадамы қоғам та­ра­пынан бірыңғай оң қолдау тапты деп айту қиын. Түрлі әңгімелерге жол берді. Бүгінгі өркениетті ғасырда өзге жұрттан алабөтен мемлекет бас­шысына арнайы атақ беріп, даңғаза жасаудың өзі әлемдік саясатта қа­лай қабылданады, бұл Нобель сыйлығын беру немесе мемлекеттік марапаттаудың түріне де жатпайды ғой деушілер жет­кілікті болды. Н.Назарбаевтың рес­публика азамат­тарына, Пар­ламентке, “Нұр Отан” партия­сының Саяси бюро­сына арнауын оқығанда халық өз бас­шысының көрегендігіне, саяси тапқырлы­ғына іштей риза болды. Мен де сондай сезімде болдым. Әри­не, Президентке бұл атақты қимаған­дықтан емес, бұл заңсыз-ақ халық өз басшысын сыйлайды, құрмет­тейді ғой деген ойдан туған. “Менің отбасымның мүше­лері... өзге азаматтар сияқты таң­даған ма­ман­дықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және бизнеспен айна­лы­суға құқылы. Сонымен қатар, барша қазақ­­стандықтар сияқты ел азамат­тарын теңестіретін бұлжымас заңға ба­ғынуы тиіс”, деген сөздерін оқы­ғанда, Елбасының заңды құрметтеуі өз отбасына ерекше артықшылық беруге, Қазақстанның басқа азамат­тарынан даралап, үстем жағдайға қоюға түбегейлі қарсы екендігі көп жағдайды аңғартады. Бұл Н.Назар­баевтың әділдігін, даналығын, демократ­ты­ғын дәлелдей түседі. “Бұрынғы күйеу балам, үш не­меремнің әкесі Р.Әлиевтің шектен шығуы арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі – маған және ме­нің отбасыма орасан қасірет бол­ды”, деген сөздерін оқығанда, Прези­дентті адам ретінде терең түсініп, Елба­сының да ет пен сүйектен жарал­ға­нын, жаны ауырып, жүрек сыздауын жете ұғынып, Елбасына деген іштей ықы­ласың, тілектестігің арта түседі. Елбасының Отан үшін, ел үшін, әрбір азамат үшін жанын салып, күн-түн демей аянбай еңбек етіп жүргенін көріп те, сезіп те жүрміз. Сол үшін де Президентке зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тілейміз. Өйт­кені, еліміздің алдында орасан үл­кен міндеттер тұр. Олардың ойда­ғыдай орындалуына Елбасы кәміл сенеді. Біз Мемлекет басшысының жасампаз еңбегіне әрдайым сүйсіне қараймыз. Біз бәріміз Н.Назарбаев­тың қара­пайым­дылы­ғы­на, халыққа жақын­ды­ғына, орынсыз мадаққа, жеке басын елден ерек даралап, қол­паштауға қарсы екенін де білеміз. Бұл арнау сөзінде де  “Әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұ­руға тырысамын және осы ұста­ным­да қала беремін”, деп атап көрсетіпті. Елбасының бұл шешімі – Пар­ла­мент ұсынған заңдарға қол қой­май, кері қайтаруы – Н.Назар­баевтың тұлғасын бұрынғыдан да зор биікке көтере түседі. Өйткені, Президент жалған мадақ, жасанды марапат үшін емес, халық үшін, қоғам үшін, ел игілігі үшін қызмет етуді мұрат тұтады және бұл еңбегін пұл­да­май­ды, өзіне ерекше мәртебе беруді қа­ламайды. Елбасына өз хал­қының, өз елі азаматтарының, өз отандас­та­ры­ның сенімінен биік мәртебе, жоға­ры марапат жоқ. Ел сенімі, халық құрметі Н.Назар­баевтың күш-қайратының, өмірге құштарлы­ғы­ның қайнар көзі болып табылады. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ,  философия ғылымдарының докторы, профессор. ЕЛБАСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫНА ЕЛ РИЗА Президент Н.Ә.Назарбаев Тұң­ғыш Президент, Ел Басы туралы заң­намаға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заңдарға қол қоюдан бас тартып, ол жө­нінде ақпарат құралдарында жария етілді. Елбасының осы мәселеге бай­ла­ныс­ты пайымымен мұқият таны­сып, жоғары ризашылық сезімде бол­дым. Қазақстан Республика­сы­ның азаматы ретінде тәуелсіздік жыл­дарында өткен уақытқа еріксіз көз жібердім. Әуелі тәуелсіздік алған кезеңдегі эко­номикалық өте ауыр жағдай елес берді. Бірінен соң бірі тоқ­та­ған өн­діріс орындары, қиюы қаш­қан экономикалық байла­ныс, жылан жалағандай бос сөрелер, құн­сызданған ақша, тағысын тағы­лар. Оған қоса көшкен жұртпен ілесе әйтеуір “жылы жаққа” қарай ағылу. Осындай кезде ел ішінде “шынында біздер дербес мемлекет бола аламыз ба” деген сауалдар туындамай қалған жоқ. Міне, осы кезеңдерде Н.На­зар­баев Қазақстан Респуб­ликасының Президенті болып сайланып, оның тікелей басшылығымен игі істерге жол басталды. Елді тығырықтан шығару жолында тыңнан жүргізіл­ген соны ізденіс пен ересен еңбек көп ұзатпай өз нәтижесін беріп, Қазақстанға әлем қызыға назар аудара бастады. Соның бір айғағы – Қазақстанның  ЕҚЫҰ-ға төраға болуы деп білемін. Елбасы осы ауыр кезеңнің өзін­де көрегендік танытып, алдағы 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арнал­ған стратегия ұсынды. Басында көп­шілік үрке қараған осы стра­те­гия қазір қолдауға ие болып, ке­ле­шектің басты бағдарламасына ай­нал­ды. Осы бағдарламаны басшы­лыққа алудың нәтижесінде түрлі бағыттардағы ісіміз оңға басты. Осы жолда Елбасының қажырлы қайратымен қоса, кемеңгерлігі де айқын танылды. Күйреген Одақтың орнында пайда болған кейбір ел­дердегі саяси-әлеуметтік, экономи­ка­лық жағдайларды өзіміздегімен салыстыра отырып, қазақ­стан­дық­тардың тәубе, шүкір деуі орынды. Осындай қыспақты жағдайда ел басқарып, ел-жұртын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттыр­май  бастап алып келе жатқан Аза­матқа қандай атақ беріліп, қандай мадақ айтылса да жарасымды. Қазақстан халқы осы ұстанымда болып, Парламент депутаттары оны бірауыздан рәсімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсыныс үшін халыққа, депу­тат­тарға ризашылығын білдірді және әдеттегідей қарапайымдылық таны­тып, заңға қол қоюдан бас тарту себебін түсіндірді. Әсіресе, Елбасының “Бар­ша­ңыз білесіздер, маған қарап ай­тылған бар­лық мадаққа, менің жеке тұл­ғамды айрықша ұлық­тайтын ұсы­ныстарға мен үзілді-кесілді тыйым са­лып келемін... Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін”, деген жолдарды оқы­ғанда ел таныған, әлемді мойын­датқан біздің Елба­сының шынайы кейпін көрдім. Елбасының осы ұсынысын қа­зақ­стандықтар оң қабылдап, оған деген зор ризашылығын білдіре­ті­ніне кәміл сенемін. Елбасының осы қадамы әрбір қазақстандық үшін өнеге болуға тиіс. Әрбір аза­мат елге қызметтегі лауазымымен немесе алған атағымен емес, еткен адал еңбегімен бағалануы керек. Елбасының осы қадамын қол­дай отырып, біздер, “Нұр Отан” ХДП мүшелері партия жетекшісінің ұстамдылығы мен қарапайым­ды­лы­ғын өзіміздің күнделікті жұмы­сы­мызда басшылыққа алып отыруы­мыз керек деп білемін. Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қызылорда облыстық  мәслихатының хатшысы. ЕРЛІККЕ ПАРА-ПАР ШЕШІМ Егеменді еліміздің бүгінгі даму қарқыны әлемнің алпауыт мем­ле­кет­­терінің өзін таңғалдырып отыр­ғаны шындық. Кешегі Кеңес Ода­ғының шекпенінен шыққан тәуелсіз елдер арасында ертеңіне ер­кін құлаш сермеп бара жатқан Қа­зақстанның дамыған 50 елдің қатарына енуге бағыт ұстағаны күні кеше сияқты еді. Енді оған қол жет­кізудің барлық алғышарттары жа­салғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұндай қоғамдық дамудың сарабдал саясатын ай­қындап,  ал­да­ғы күндерге сенім­ділікпен қадам басуымызға тәуелсіз мемлекеті­міз­дің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша еңбек сіңіріп келе жатқаны айтпаса да тү­сінікті. Сондықтан да ел қамын ой­лап іс қылған азаматына  ха­лықтың ықыласы шексіз. Еліміздің қай өңі­ріне барсаңыз да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына алғыс сезімін білдіріп жатады. Сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын Елбасының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сының азаматта­рына, Қазақстан Республикасының Парламентіне және “Нұр Отан” ХДП Саяси бю­росына арнауын оқығанда, кісілік пен кішіліктің тағы бір ересен үлгісін көргендей болдық. Әрине, Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Парламент тарапынан бол­ған ұсыныстар да мыңдаған сай­лау­шы­лардың тілектері екені сөзсіз. Дегенмен, Елбасы биік парасат иесі екенін танытты. Жеке басының қа­мынан гөрі ұлттың, елдің, елдіктің мәселесін жоғары қоятынын бұл жолы да тайға таңба басқандай ай­қын аңғартты. Заңмен бекітілмесе де Нұрсұлтан Әбішұлы – әлде­қа­шан Елбасы, Ұлт көшбасшысы ре­тінде  тек өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде мойын­дал­ған  әлемдік тұлға. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтан қара нардай қайыспай алып шықты, таяу онжылдықтың қоғамдық даму бағыттарын айқындап берді. Ел ертеңі үшін сенімді, болашақтан мол үмітті. Сондықтан да халық Нұрсұлтан Назарбаевты  Пар­ла­мент заңдастырмаса да Елбасымыз, халықтың сүйікті перзенті,Ұлт көш­басшысы деп біледі. Оны дә­лелдеп жатудың өзі артық. Соның өзінде Президенттің арнауы шынайылықтың, адал­дықтың, азаматтықтың өнегелі үлгісі болды. Елбасының өзінің отбасы туралы әңгімені де айналып өтпей, бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиевтің қияңқы қылығын ашық айтуының өзі ерлікке пара-пар еді. Нұрсұлтан Әбішұлы халқына қалт­қысыз қызмет етудің өнегесін көр­сетті, халқына қаншалықты сене­ті­нін қадап айтты. Қазіргі таңда хал­қымыз үшін ең маңыздысы  Қазақ­стан­ның мүддесіне қызмет ету екенін осылай дәлелдеді. Әркез өзін халқынан биік қоймайтын Елбасының арнауы оның беделін бұрынғыдан да биіктетті. Халық сенімі бұрынғыдан да нығая түсті. Кісілік пен кішілікті ұштастыра біл­ген Елбасы өнегесі барлық дең­гейдегі билік тізгінін ұстағандарға үлгі-өнеге болды. Мен Елбасына деген жүрекжарды ойымды білдіре отырып,  өзім басқаратын серік­тес­тік шаруасында болсын, облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі қоғамдық жұмыстарымда болсын ел үшін еңбек етуге құлшына түс­тім. Нұрсұлтан Әбішұлының ар­нау­ындағы тың тұжырымдары  халық­тың оған деген ризашылығын арт­тыр­ды. Мұндай қасиет тек елім деген ердің бойында ғана болса керек-ті. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы осы бағаға әбден лайық тұлға ғана емес, шын мәнінде Елбасы. Жұмабек КУКАНОВ,  “Әлия жолдары” ЖШС    директоры,  облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы.