Таным • 03 Желтоқсан, 2023

Жан және «Еуропаның жағалауы»

432 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Исламның ойлау жүйесі мен дүниетанымының Хақ (Истина) хақындағы қағидаттарының поэтикалық құрылымын (калам), пәлсапалық қисынын (логикасын), діни заңнамалық дәлелін (фиқһ-Fiqh) түсінбей – Абайды түсіну мүмкін емес. Ұсынылған мақалада Еуропа философтарының Жан мен Тән, Жанның тегі мен түрлері туралы пікірлері мен Абайдың философиялық ойларының арасындағы байланысы салыстырыла сараланады. Сонымен қатар Жан мен Тән және Жанның түрлері туралы неміс ғалымы Фридрих Эдуард Бенекенің әйгілі «Тәрбие мен оқытуға арналған жетекші нұсқау» атты философиялық-психологиялық тақырыпты қамтитын философиялық-психологиялық трактаттарымен Абайдың таныс болғаны осы мақала арқылы ғана ғылыми ортаға белгілі болып отыр. Бұл – абайтану ілімінде бұрын мүлдем қаперге алынбаған дерек көзі.

Жан және «Еуропаның жағалауы»

Тән мен жанның баламасы болып табылатын «Мен» мен «Менікі» (Абай)] мәселесі – дүниетанымды талдаған әлемдегі барлық философиялық, психологиялық, биологиялық, теологиялық еңбектердің таусылмас тақырып азығы. Соның ішінде, тақырыпқа байланысты Абайдың Батыс Еуропа философтарымен арасындағы байланыстары туралы М.Әуезов:

«Ол кездегі білім, өнерлердің мол қор­­да, үлкен бесігі Батыс Еуропа еке­нін аң­­ға­рып, сол жақтың ақын­дары ғана емес, неше алуан фило­соф, білім­паз­дарын да зерттейді. «Еуро­па­ның есею тарихы», «Ескі шығыс мәде­ниетінің тарихы» сияқ­тыларды да сол Батыс Еуропа ғалым­дары ар­қылы оқып біледі. Еуропа фило­со­­фия­­сын зерттеу ретінде Спенсер, Спи­ноза, Декарттарды оқиды. Беріде Дар­вин­ге де қызығады. Қиыр Шығыс тари­хынан Будданың да жайын біледі. Кейін кі­тапқа салынып, уақиғалы шығар­ма­лар іздегенде Батыс Еуропада орта ға­сыр­да болған дін соты – инквизиция соты­ның зұлымдықтарын көрсететін ро­ман­дарды да көп тексереді», – деп  мағ­лұмат береді.

Мұ­нымен қатар Абайдың Шопен­гауэрдің, Гегельдің, Бокльдің, Дрэпердің, Гамильтонның, Канттың, Бэконның, Спинозаның, Дж. Мильдің, Люистің, Стюарттың, Фриздің, Берклидің, Махтың, Бенекенің, Ницшенің, Шәкәрімнің «Үш анық» атты тән мен жан, сана, түйсік туралы философиялық-метафизикалық трак­татындағы мағлұмат бойынша Дольн­ның, Камила Фламмарионның, Герберт Спенсердің, Стуармельдің, профессор Фон­тельдің (Шәкәрімнің транскрициясы бо­йынша) философиялық трактат­та­рымен таныс болғанын анық бай­қай­мыз. Әсіресе сол жылдары жарық көрген Фридрих Эдуард Бенекенің әйгілі «Тәрбие мен оқытуға арналған жетекші нұсқау» атты философиялық-психологиялық тақы­рып­ты қамтитын философиялық-пси­хо­­логиялық трактаттарымен таныс болғаны енді белгілі болып отыр. Шәкәрімнің «Үш анығында» аты аталмаған, Абайға қатысты ешқандай философиялық-психологиялық ғылыми еңбектерде сілтеме жасалмаған неміс философы Фридрих Бенекені неге қа­дағалап, сеніммен айтып отырмыз? Себебі оның да себебі бар. Себебі...

Абайтану ілімі пайда болғаннан бергі жүз пәленбай жыл болғанына, Абайдың тек қана философиялық-психологиялық көз­қара­сына қатысты отыздан астам док­тор­лық және кандидаттық диссерта­ция­лар қорғалғанына қарамастан олардың бірде-біреуі Абай айқындаған «жан қуатын» – «подвижной элемент», «сила при­тя­гатель­ная однородного», «впечат­ли­тель­ность сердца» – деп үшке бөлген анық­таманы кім жазғанын, бұл түйінсөздерді қайдан алғанын, онда не айтылғанын көрсетіп бере алмаған.

Зады, философ ғалымдар дәйексіз сөзден дәрмені таусылып, шарасыз­ды­­ғын мойындаған сияқты. Яғни жоға­ры­да аталып өткен қуаттың үш түріне нақты анықтама беріл­ме­ген. Бұл үш терминнің-түйінсөздің төр­кінін таппастан, онда Абайдың филосо­фия­лық, психологиялық көзқарасы туралы қан­дай пікір талдауы болуы мүмкін? Фило­соф­тардың бір ауыздан: Абай – философ емес, исламист, жай ойшыл – деп қысқа қайыра сал­ғандарына біз де түсінбей келіп едік. «Түгел сөздің төркінін білмей», қалай ғылыми диссертация қор­­ғап, оқулық жазып, академик атанып, мем­­­лекеттік сыйлық алуға болады? Мүмкін, бұл біздің осы уақытқа дейінгі абайтану іліміне аралас­қаннан бергі ең басты жаңа­лы­ғымыз да шығар. Соңы болмасын. Бұған да тәубә.

Тек жоғарыдағы үш ұғымның әрқай­сы­сы­ның анықтамасын дербес талдаудың еншісіне қалдырдық. Сонымен қатар қайталап айтамыз,  абай­тану  ілімінің жүз жиырма бес жыл тари­хын­да ешкім бойламаған бұл жаңалы­ғы­мызды, ізденуші ретінде кәдімгідей мақ­таныш етеміз.

Сонымен «Зинһар (бұл арада: назар салыңыз – деген мағынада)», Еурпа­дағы педагогикалық қағидаттардың (теория­лар­дың), психологилық ілімдердің негізін қа­лыптастырғандардың бірі:

«Бенеке (Beneke) Фридрих Эдуард (17 ақпан 1798, Берлин – 1 наурыз 1854, сонда) деген ғұлама... Неміс философы, эмпи­рикалық бағыттағы психологизмнің өкілі. Галл мен Берлинде философия мен теологиядан  тәлім алған. Берлинде (1820) және Геттингенде (1822 жылдан бастап) дәріс берген. Профессор (1827). Неміс идеализмі бағытындағы философтарымен (әсіресе Берлинде өзімен қатар дәріс берген Гегельмен) пікір таластарған». Ресейлік психолог-профессор В.А.Мазилов «Пси­хология деген атпен танымал болған жүй­ке туралы іргелі ғылымға 500 жыл» атты мақаласында:

«Бұл ілімнің негізін салушы адам – қазір мүлдем ұмыт болған неміс психологі және философы Фрид­рих Эдуард Бенеке (1798-1854). Ол: фи­ло­софия – эмпири­ка­л­ық психо­ло­гия­ға сүйенуі керек – деп есептейді. Оның бұл пікірін қостаған В.Вунд: «Өйткені психология субъектің (адамның) тәжірибесін тікелей зерт­тей­тін бірден-бір ғылым саласы, сондықтан да, ғы­лыми танымды зерттеудің негізіне осы сала ғана лайықты жауап береді» – де­ген дәйек ұсынды. Сөйтіп, олардың бұл ұста­нымы  психологизм деген ат­пен ғы­лымда орнықты», деп жаз­ды.

Демек бес жүз жылдан бері руханият атаулыдағы ең күрделі көркем әдіске айналған психологизм ұғымының негізін қалаған, Гегельмен пікір таластырған Бене­ке ұмытыла қалатындай бекер тұлға болмағаны. Оның бір кепілі, Бене­кенің еңбектері Германияда да, Ресейде де оқу орын­дарында пән ретінде оқылған. Сол пәнге орай оқу құралы ретінде: 1. И.Г.Дресслерь құрастырған «Психо­ло­гия мен  логика негіздері. Бенеке бойынша. Оқы­тушылар мен өз бетінше білім кө­теру­шілерге арналған жетекші құрал. СПб, 1871; 2. И.Х.Вессель құрастырған «Д-р Бенекенің Тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау-құрал. СПб, 1875»; 3. М.Троцкий құрастырған «Осы ғасырдағы неміс психологиясы. Та­рих-сыни зерттеу. СПь, 1875» атты эн­циклопедиялық еңбектердің орыс тілін­де ауда­рылып басылуы Бенекенің ғылым­дағы орнын толық танытады.

Абайдың да, сондай-ақ Шәкәрімнің де осы үш кітаптың үшеуімен де таныс болуы мүмкін. Аттарын атап, сілтеме жаса­мағандықтан да, кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ ол еңбектердің ішкі мазмұнын сүзгіден өткізіп, ой сарасын саралап, мәтіні мен мазмұнын салыстыру барысында «Д-р Бенекенің Тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау-құралындағы» Тән мен Жан туралы пайымдаулары Абайдың «Қырық үшінші сөзіндегі» тәфсірлеумен бір құралыптас, ойлары сарындас, талдаулары бірізді екеніне көзіміз анық жетті. Тек Бенекедегі күрмеуі қиын бұрмалар мен түсініктер барынша қазақы ойлау жүйесіне сай, шы­ғыс ғұламаларында кездесетін «жи­били, кәсіби т.б.» деген сияқты ғылы­ми түйінсөздер мен ұғымдарды қолдана отырып, қарапайым тілмен баяндала маз­мұн­далған. Тіпті пікірлеріне тиек ретінде қолданылған:

«Бұл қабілеттер көпқырлы» (Бене­ке) – ««Жан қуаты дейтұғын қуат ‒ бек көп нәрсе» (Абай);

«Тәрбие  арқылы... оның мақсатына сәй­кес келетін өзіне тән бастапқы қабі­лет­­терін дамытып, байытып және соны ны­ғай­та ретке келтіруі керек» (Бенеке) – «Еске­ріп баққан адам үлкей­тіп, ұлғайтып, ол қуат­­­тардың қуатын зорайтады» (Абай) – де­ген сөй­лем­­дер­де­гі сөз құрамы әртүр­лі болса да, ой ора­мы бірдей, дәлме-дәл келеді.

Сондай-ақ жан қуатын зорайтатын пси­хо­логиялық амалдарды: «1. Сила при­тяга­тельная однородного; 2. Подвиж­ной элемент; 3. Впечатлительность сердца» – деп жіктеуі де бірдей және оны Абай сол Бенекенің аудармасының негізінде орыс тіліндегі нұсқасын қолданған. Олардың әрқайсысына берілген түсініктер де маз­мұндас. Демек Абайдың өзінің «Қы­рық үшінші сөзіне» осы «оқу-тәрбие құра­лын­дағы» психологиялық-философиялық пайым­дауларды  ой желісі етіп алған деп толық сеніммен айтуға негіз бар – деп есеп­тейміз. 

Иә, ХІХ ғасырдың орта тұсына дейінгі орыс­тың философиялық терминдері толық қа­лыптасып болмаған тұста тәржіма­лан­ған күрделі, «айнымалы» жансардың (жан ұясы) қуатын қаншама түпнұсқаға жа­қын­дата отырып, мағынасын ашуға ты­рыс­сақ та, бүгінгі қазақ тіліндегі аудар­­масы қара­байыр бұлдырлау болып шық­ты. Оның үстіне, Бенеке қолданған фило­со­фия­лық ұғымдардың бүгінгі термин­дері де басқаша. Ал Абай осындай түсінік­сіздіктен қашып, оны барынша қара­пайым халықтық ұғыммен баян еткен. Сондықтан да біз, үлгі үшін түпнұсқаны бір мәрте жа­рыстыра келтіруді мақсатты және мәж­бүрлі қажеттілік деп таптық.

Ф.Э. Бенеке: «Ұйқы кезінде адамның жа­нында (бастапқы ұйытқымен пара-пар, Бенекеде – тождественные с пер­вич­ны­ми) тың күш (Абайда – қуат) пайда болады, соның әсерінен келер күні таңер­тең бұрынғы әсерлер (Бене­кеде – вос­поминание, естеліктер) есіңде өз еркі­мен сақталып, жадыңда жаңа­ра жаңы­­ғырып тұрады. Бұл тың күш (қуат) немесе ұйытқы (Бенекеде – основы, негізі) өткеннің әсерімен (Бене­кеде – след, із, мүмкін, қазақтың жан­ның ұясын – жансар деп атағанда, осы «ізді» меңзегені шығар) жал­ғаса ұштасса да, бірақ та онымен (след, жан­сармен) бірігіп кетпейді, олар ай­ны­­малы: кәдімгі еркін, (Бенекеде – бро­дячие, мағынасы бойынша – ауыс­па­лы, аумалы-төкпелі көңіл ауаны) әсер сияқты жылжымалы қуат (Бене­кеде – подвижные элементы) бо­лып та­бы­ла­ды».

 Біз аударған бұл тәржімадан Абайдың «Қырық үшінші сөзіндегі» ой желісін нақты тану да қиын. Ал жоғарыдағы мәтіннің орысша   нұсқасы мынадай:

«Во время же сна в душе образуются но­вые силы (тождественные с первич­ными), вследствие чего на другое утро произ­вольное воспоминание опять впол­не удается. Эти новые силы или ос­новы, хотя и примыкают к следам, но не соединяются с ними, они такое же пере­­носные, подвижные элементы: как и сво­бодные, бродячие впечатления».

Екі нұсқаның да өзінше кемшілігі бар, алдың­ғысында – ұғымдар жаймаланып баян­далған, екінші тәржімада сөз бе сөз ау­дарылған мәтіннің астары түсініксіз тарта­ды. Сондай-ақ «кезбе» – «бродячие» деген сөздің нақты баламасы болғанымен де, мұндағы мәселе – адамның жаны, көңіл күй ауаны туралы болғандықтан да, кезбе көңіл дегеннен гөрі «еркін, аумалы, аумалы-төкпелі көңіл ауаны» деп алған түпнұсқаның мазмұнын барынша жанға жақын ұғымда ашады. Мысалы, «із» дегенді – жад, жан ұясы, жансар, ес, әсер», ал «күшті» дегенді – «жан қуаты» деп бірден қабылдай қою қиын. «Іздің» толық мағынасын Бенеке:

«Із (жад, жансар) дегеніміз – көңіл ауа­нының құбылуы кезіндегі өзаралық өтпе­лі құбылыс, мысалы, әсерді сезім­мен қабылдау (чувственным восприя­тием) және оны түлете түрлендіру (воспроизведение)» немесе сол әсерді жадта жаңғырту. Бұл екі алмасу да (акт) жанның табиғатына тиесілі, сондықтан да «із» (жад) ешқандай да затиялық сифат­қа ие емес. Біз: Оның (іздің, жад­тың) орны қайда? – деп сұрай алмаймыз (оның қайда екенін білмейміз). Жан­ның өзі сияқты, оның мұқым бөл­шек­тері де  ниһаят (непротяженны, тұтас, бөлінбейтін бүтін), өйткені сана – жүй­келік (зейіндік) танымның бірден бір түйсік көзі болып табылады, ал ол өз бетінше әлдебір жеке кеңістікке ие емес. Сондай-ақ іздің (жадтың,  естің) қандай да бір дене мүшесімен байланысы жоқ; оның кеңістікпен байланысы және құбылуы жүйке жүйесімен қатарласа жарысып жүзеге асады, бірақ та ол (жад, ес) ешқашанда олардың (кеңіс­тіктің, жүйкенің) негізі болып табыл­майды».

Демек осы сілтеменің ұзына маз­мұнынан аңғаратынымыз, Бенекенің «след» – із деп отырғаны жанның есте сақтау қабілеті, яғни жад немесе ес. Қазақы тіркесте, «ақыл-ес» дегенге саяды. Ол – жанның сыр сандығы, бір-бірінен ажырап та кетпейді, онда мизая болар ек. Бір-бірімен қосылып та кетпейді, онда кешегі мен бүгіннің әсері араласып, қойыртпақ елеске айналар еді. Әрі дербес, әрі серіктес, тумысынан тұтас ағзалар. Табиғи түрде түрленіп, түлеп отырады. Яғни Абай атап өткен жибилли қасиет.

Тән мен Жанның құбылыстары туралы жалпы түсінік бере келіп, жоғарыдағы бұл ұғымды Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйық­тасам деп тұрады. Бұлар тәннің құ­­мары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ­үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат тап­пайды», – деп қарапайым тір­ші­лік қаракетімен жеткізеді.

Анық және нақты өмірлік шындық. Мұндағы Абай көрсетіп отырған «ішсем, жесем, ұйықтасам» демектің мағынасын – Бенеке қағидаттардың қасаң тілімен түсін­дірген: «чувственным восприятием и воспроизведением», «припоминанием этого восприятия» – дегеннің адам өміріне айнал­д­ырғандағы тәфсірлік мазмұны. Тәнге қорек беру, көргенді қызықтау, ты­нығу сезім жүйелері арқылы көңіл ауа­нына, тәбетіне байланысты (нечто про­межуточное между душевным актом) таби­ғи түрде жүзеге асады. Жанды мар­қадам таптыратын да осы табиғи  тә­беттер. Ал «изменения происходят лишь параллельно психическим, но вовсе не служат им основаниями»  дегеннің балама ұғымын – «бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды» деген сөй­лем толық жеткізеді. Өйткені жан-тәннің құрамдас бөлшегі емес, тек «қонағы».

Жоғарыдағы мәтіндердегі «із» «кезбе», «Ұйқы кезінде жанда жаңа күштер», «қоз­ғал­малы элементтер» деген ұғым­дар­ды таратып талдағандағы кәдімгі мағынасы осы Абай сөзіне сайма-сай келеді. Қазақта: «Ұйқыдағы адам өлгенмен тең» – деген мәтел бар. Демек ұйықтап тұрдың деген сөз – өліп-тірілгенмен бірдей деген  сөз. Мұны қазіргі кванттық теорияның зерт­теу­шілері де растайды. Бірақ, оянғанда кешегі, одан бұрынғы көрген-білгендерің есте-жансарыңда сақталады. Сол есте тұт­қан­дарыңның әсері «жадқа» сақталу арқы­лы үзіліп қалмай, бүгінгі тіршілік қара­кетімен жалғасады, ертеңгі күннің қам-қаракетіне ұласады.

Жан туралы өзге ойшылдардың қағи­дат­тарын талдап, салыстыра келіп жанның қызметін Бенеке:

«Бір сөзбен айтқанда, толық елестету (қиялдау, ойлау – воображения) қабілеті бір тектесс қуаттардың (қазіргі ғылыми тілде – нейрондардың) өзара тартылуы (Бенекеде – взаимного притяжения одно­родного) заңымен және  тану (Бене­кеде – сознавания) заңдылығы (Бенекеде – законами сознавания) ар­қылы толық түсін­дір­леді, біздің қия­лы­­мыз бір нәрсемен ғана шек­телмейді, қан­ша құбылысты елестете аламыз, соның бә­рін қамтиды» , деп түсіндіреді.

Қағи­даттық тұрғыдан алғанда қисынды тіркестер. Тәнге біткен жанның табиғи негізі мен түйсікке жүгініп, тәжірибе жинақтау арқылы табиғи түрде өсіп-өнуін, ішкі қалыптасу заңдылықтары мен жан қуатының молаюын, оның адам ойымен бірге қанаттаса ұшатын ұшқырлығын, есте сақтау жадын, түрленуін ғылыми терминдер арқылы баяндап берген. Ал Абайдың оқырманының дүниені қа­был­дау әсері мен ойлау жүйесі, тілдік-ұғымдық түсініктері мүлдем басқа бола­тын. Сондықтан да түпнұсқадағы түпкі мағынаны барынша қанықтыра түсіндіру үшін  философиялық астармен күрмелген бұл ұғымдардың мағынасын Абай қара­пайым тілмен әуелі:

«Адам ұғылы (баласының ағзасы) екі нәрседен (тұрады): бірі ‒ тән, бірі ‒ жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибилли (табиғи, туа бітеді, түйсік арқылы дамиды), қайсысы кәсіби (ізденіспен, еңбекпен, тәрбиемен,  үйренумен келетін қасиет) ‒ оны білмек керек», – деп айтар ойын жіктеп алады.

Қағидалық сықиған қисындар мен жада­ғайлап баяндаған тіршілік түйсік­те­рінің сөз құрамы басқа болғанымен ой орамы орайлас.

Мысалы, Бенекедегі: «Қабілеті бір тек­тесс қуаттардың өзара тартылуы» – деген­нің мағынасы – Абайдың сөзіндегі: «Ұнам­дысы – ұнамды қалпыменен, ұнам­сызы – ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі» (Абай);

Бенекедегі: «тану (Бенекеде – созна­вания) заңдылығы (Бенекеде – зако­нами сознавания) арқылы толық түсін­діріледі», – дегеннің мағынасы  Абайдың сөзіндегі: «Бағанағы бес нәрсе­ден (бес сезім мүше­лері) нәрседен көңілге жақ­сы әсер хасил (үлгі, нәтиже, пайда) бо­лып, жаман нәр­се­ден көңілге жаман әсер хасил» болып түседі» – деген ой ора­мы­мен сәйкес және мазмұндас.

Ал Бенекедегі: «Қиялымыз бір нәр­семен ғана шектелмейді, қанша құбы­лыс­­ты елестете аламыз, соның бәрін қам­тиды» – деген сөйлемнің мағынасын – Абай­дың: «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол ‒ көп жиғаны бар адам: сынап, орын­дысын, орынсызын ‒ бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қы­лып, қарап табады», деген сөйлемі то­лық жеткізіп тұр.

«Ақылға сиымды философия» деге­ні­міз осы. Өйткені мұнда құрғақ қисын мен қағида, бұратылған бұрылым­ды ұғымдар жоқ. Жан иесінің, яғни адамның, тән мен жанының қозғалысы табиғи түрде баяндалған. Көзге көрінбейтін жанның орнына жан иесінің өзі дәйекке алынған. Ал жибили мен кәсіби түйінсөздері-тер­миндері шығыстық пәлсафаның тер­мин­де­рі екені анық. Оның түбірі «жибили қуат» деген терминнің урду тілінде бар екенін таптық. Зады, психология про­фессоры Қ.Жарық­баев­тың «Әл-Фара­бидің көзқарас­тарымен астарласып жатады» – дегенде меңзеп отырғаны да осы ұғым болуы мүмкін. Ашып тал­дамағандықтан да, сенімді түрде кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ та, «ақыл­ға сиымды философияның» ұста­ны­мы мен Бенеке жүргізген тәжіри­бенің мәтібі соған саяды. Яғни Абайдың өзі айтқандай: «Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз».

Сонымен, ең басты қорытындымыз, осы уақытқа дейін Абайды «философ емес», «себебі, еуропалық деңгейдегі нақты фило­со­фиялық еңбекке жүгінбеген», «сондықтан да ол жай ислами ойшыл» деген дүмбілез домбытпаларға тосқауыл қоя­тын ғылыми дәлел табылды. Ол адам – не­м­істің атақты философ-психологі Фрид­рих Эдуард Бенке. Ендігі абайтану ілімінің жаңа арнасы осы бағытта өріс алатыны анық.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

филология ғылымдарының
докторы, профессор,

 

Сұлтан ЫБЫРАЙ,

ақпараттық технология маманы