Зерде • 03 Желтоқсан, 2023

Бейбарыс – 800: Әділеттің алдаспаны

367 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл Мысырдағы мәмлүктердің даңқты сұлтаны әрі мұсылман әлемінің қорғаны ретінде тарихта жарқын із қалдырған Ұлы даланың асыл перзенті Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толды.

Бейбарыс – 800: Әділеттің алдаспаны

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Әл-Әзһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған кезде Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан әз-Заһир Бей­барыс мешітін қайта жөндеуге үлес қоса­ты­нын айтқан еді. Содан бері баhадүр баба­мызға арналған келелі кеңестер мен айтулы іс-шаралар өңір-өңірде жалғасын тауып жатыр.

1223 жылы дүниеге келген Бейбарыс Дамас­кі­нің билеушісі Салах Нажим әд-Дин Аюб тарапынан «Рукн ад-Дин» атағына ие болды. Қазақ тіліне аударғанда «діннің тірегі» деген сөз. Тарихи деректер оның бала кезінде құлдыққа сатылғандығы туралы мәлімдейді. Эмир Али ад-Дин әл-Бундукдари Бейбарысты сатып алып, оған әл-Бундукдари деген есім берген. Уақыт өте Бейбарыс Каирге қоныс аударып, тарихта Әбу әл-Фатух деген есіммен танымал болған аюбилердің сұлтаны Салах Нажим әд-Дин Аюбқа қызмет етеді. Көзге түсіп, ерекше қасиеттерін байқатады. Сонда сұлтан оған аңсаған бостандығын тарту етеді. Содан бастап Бейбарыс мәмлүктердің билік шыңына көтеріле бас­тайды. Палестина мемлекетінің Қазақ­стан Республикасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Мантасир Абузейіттің пікі­рінше, мәмлүктердің Иерусалимде қал­дырған мәдени мұрасы аса зор. Әлі күнге дейін сақталып келген қасиетті Әл-Ақса мешіті Иерусалим көшелеріндегі ғима­рат­тар, жазулар мен әшекейлер, крест жорықтарына қарсы тұра алған мәмлүк мемлекетінің ұлылығының куәсі болып келеді.

1259 жылы Рамазан айында Айн Желюд шайқасында мәмлүктер моң­ғол­дарды жеңіп, Иерусалимге қарай бет алды. Иерусалимді сақтау мен қорғау мақ­са­тында және оның тұрғындарының қайғы-қасіретін жеңілдету үшін әз-Заһир Бейбарыс бұл жорықты өзі басқарады.

1262 жылы әл-Құдысты басып ал­ған­нан кейін Бейбарыстың ең көрнекті істерінің бірі «Жартас» күмбезін қалпына келтіріп, мешіт қажеттілігіне жыл са­йын 5 мың дирһам жинау туралы жарлық шығарып, тізбек күмбезін жаңартуы еді. Сондай-ақ ол әл-Құдыста кез келген қо­нақ тоқтап, демалатын саяхатшылар үйін салды. Онда мешіт, диірмен, пештер, бау-бақша да салынған. Палестинада әз-Заһир Бейбарыстың есімімен аталған екі қала бар. Олар Иерусалимді крест жорық­та­рынан азат еткен мәмлүк сұлтаны әз-Заһир Бейбарыстың құрметіне аталған. Екі қала да әз-Заһирия деп аталады. Біріншісі Сафик қаласының жанында, екіншісі – батыс жағалаудың оңтүстігінде Хиброн мен Вершеба қалаларының араларында.

«Екі қыбыланың қызметшісі, яғни Меккенің және Құдыстың қызметкері» деп­ танылған Бейбарыс өзі ғұмыр кеш­кен өңірлерде мешіт, медреселер­ сал­дыр­ғанымен қатар, пайғамбар, сахабалар бейіт­те­рін, көне мазарларды қалпына келтірді. Оған дәлел – кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің Палестина жеріндегі Мұса пайғамбар кесенесінің басынан тапқан көне араб жазуы:

«Расында, Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендер салады («Тәубе» сүресі, 18-аят). Бұл қасиетті орында Алламен тілдескен Мұса пайғамбардың (ғ.с.с) қабірін салу Сұлтан Бейбарыстың бұйрығымен болған.

Исламның және мұсылмандардың сұл­та­ны, пайғамбарлар мен мұсылмандардың жәрдемшісі, сарайлардың қызметшісі, Барах пен Шам өлкесінің құрушысы, залым кәпірлердің айласын өздеріне жасаушы, патшалардың мирасқоры, араб және басқа ұлттардың, түріктердің сұлтаны, заманының Ескендірі, Құран­ды­ сақтаушы, исламның жанашыры,­ әділетсіздікті тоқтатушы, екі һарам шәріфтің қызмет­ші­сі, халифалық келі­сімінің әміршісі, Алла Тағала оның бас­шы­лығын абыройлы етті. Қажы­лықтан кейін Құдыс мешітін зиарат етуімен Алла Тағала оның бұл жақсы амалдарын қабыл етсін. Шам өлкесі сұлтандарының қамқор­шы­сы Алла оны үстем етсін. Әділетті қол­дау­шы, осы дүниенің сардары, дүние мен діннің тірегі» (жазған Мұхаммед Бин Риһал).

Бейбарыс сұлтан мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен даралана білді. Ол елдің рухани құндылығын арттыру мақсатында мешіт, медреселер салдырып, ұрпақтарға ілім-білімді игеруге жарқын жол ашты. Өзі билік құрған Каирді гүлдендіру жолында аянбай еңбек етті. Мысыр астанасындағы тарихи нысандар – соның жарқын дәлелі. Бабамыздың даңқы ержүрек қолбасшы, көшбасшылығымен де танылды. Бейбарыс крест жорығына қатысушы бас­қыншыларды араб жерінен біржола таза­лап, тұтқиылдан соққан моңғол қол­­­бас­­шысы Хулагу әскерін алғаш рет тоқ­та­тып, Ефраттан әрі асыра кері шегін­тіп, мұсылман әлемін түрлі жау­лардан сақ­тап қалуымен әлем тарихында аты ал­тын әріптермен жазылып қалды. Бұл ұлы еңбек Бейбарыс сұлтанды тұтас түркі дүниесі мақтан тұта­тын бірегей баһадүрге, әйгілі әміршіге айнал­дыр­ды.

Мысыр Араб Республикасының Қазақ­с­тан Республикасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Манау Елсайт Эхия Ашин Наби ханымның пікіріне де зер салып көрейік: «Бейбарыс тұлғасы – Мысыр мен қазақ халқ­ын байланыстыратын маңызды дің­гек­тердің бірі. Ол 1260-1277 жылдар ара­лығындағы Мысыр мен Леванттың ұлы сұлтандарының бірі болды. Әбу әл-Фатух, яғни «жеңістердің атасы» деген ла­қап атқа ие болған Бейбарыс Мәмлүк мем­ле­кетінің Сайфутдин Құтұз­дан кейінгі төр­тін­ші сұлтаны, сонымен қатар Мәмлүк мем­ле­ке­ті­нің нағыз негізін қалаушы болды.

Оның крест жорықтары мен моң­ғол­дар­ды жеңгені, атап айтқанда 1250 жылы Мансур шайқасында және 1260 жылы Айн-Жалуидте моңғолдарды жеңуде маңыз­ды рөл атқарғаны әскери және сая­си білік­тілігінің белгісі еді. Бұл жеңіс ислам тари­хындағы бетбұрыс болып сана­ла­ды.

Бейбарыс Жерорта теңізінің саяси-әскери картасын өзгертуде де үлкен рөл атқарды. Мысыр халқының санасында Сұлтан Бейбарыс – ерлік пен қаһармандық рәмізі. Мысырда көптеген адам оның әртүрлі жағдайда айтқандарын кел­тіреді, мысалы, Бейбарыстың тарихқа деген сүйіспеншілігі туралы айтуы – ең жақсы тәжірибе, бұл мәлімдеме бүгінгі жастарға өз тарихын білудің өте маңызды екендігін білдіреді».

Бейбарыс түркі өркениетімен қатар, ислам мәдениетіне де ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Батыстан кресшілер, шығысынан Бағдатты талқандаған моңғол әскері Мысыр, Шамға қауіп төндіргенде, ислам әлемін бар қатерден сақтап қалды. Ол өз сарайында тек ана тілінде сөйлеп, бас­шылық қызметте осы тәртіпте бол­ған­дығын, Бейбарыстың тұсында түркі сөздігі жасалғанын, Алтын Орда ханы Берке мен Бейбарыс екеуінің мүдделес, одақтас болғанын да тарихшылар жазады.

Сұлтанның сүйегі қайда жатыр деген­­де Сирия Араб Респуб­ли­касының Қазақ­стандағы құрметті консулы Самир Али Дерех мырзаның пікірін де бө­лі­се кетуіміз маңызды: «2007 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Сирияға жасаған ресми сапарынан кейін біз Дамаск қаласында Әл-Фараби атындағы мәдени-тарихи орталық ашу және соған жақын жерде орналасқан Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың қабірі мен ондағы әз-Заһирия кітапханасын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу жұмыстарын бастап кеткен болатынбыз. Мен осы іс-шараларға атсалысқандардың бірі болдым. Бірақ, өкінішке қарай, қазір Қазақстан тарапы бұл шараға көңіл бөлуді тоқтатып қойды. Екі ел арасында Әл-Фараби атындағы мәдени-тарихи орталық ашу, әз-Заһирия кітапханасын және ондағы Сұлтан Бейбарыстың қабірін қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қойылған болатын».

Осы тақырып турасында тарих ғылым­да­рының докторы, академик Дархан Қыдырәлі: «Тарихи құжаттарда Мысыр мен Таяу Шығыста өз саяси үстемдігін орнатып, көш­пе­лілерге тән мемлекет үлгісін құрған түркі­лер елін «әд-Дәулет әт-Түркийе», яғни «Түркілер мемлекеті» деп атаған. Ұзақ тарихтың керуен жолымен жүріп өтер болсақ, «Түрік» атауымен аталатын мем­ле­кеттік құрылымдар санаулы ғана. Атап айтқанда, кезіндегі айбарлы Естеми, Бумын қағандар билеп, тарихы тасқа қашалған Түрік қағанаты. Одан кейінгі осы атауды алған араб, ға­жам һәм түрік сұлтаны Бейбарыс құр­­ған мәмлүктер империясы. Кейін бұл айбынды атауды Мұстафа Кемал Ата­түрік Түркия Республикасының атауына айнал­дырғаны белгілі», деп жазды. Бұл Бей­ба­рыс сұлтанның түркі елдерінің келешегі туралы стратегиясын байқатса керек.

Бейбарыс бабамыз Мәдинедегі Пай­ғам­­барымыздың мешітіне, Меккедегі Қағбаға да барып, қол көмегін бергені айтылады. Сол туралы арабтанушы, дипломат Қайрат Лама Шариф: «Бір таңғалатыным, Сұлтан Бейбарыс және мәмлүктердің барлығы ешқандай архитектуралық институттарды бітірмеген ғой. Тіпті Қалауын арабша сөйлемеген, тек қана қыпшақ тілінде сөйлеген. Бейбарыс 17 жыл билесе, ол 40 жыл билеген, бұл деген енді феномен. Оны зерттеу керек.

Сұлтан Бейбарыс Араб елдерінің туын көтеріп, қорғап, тек қана соғыспаған, Каирдің өзін жандандырып берген. Талай ескерткіштер бар, мешіттер салған, сол мешіттер әлі күнге дейін сырын бермей тұр. Мысалы, «Хасан мешіті» деген бар, ол сұлтан Қалауынның немересінің атында, жеті ғажайыптың біріне жатады.

Тарихи деректерде Сұлтан Бейбарысты «Хадимул Харамейн Шарифейн» дейді. «Екі киелі жердің қызметшісі» деген. Мен Сауд Арабиясында бес жыл жұмыс істедім ғой, король Фатх кезінде осы титулды қабылдады олар да.

«Екі киелі жер» деп Мекке мен Иеру­салимді айтады. Екеуін де Бейбарыс қам­қор­­лы­ғы­на алып, сол жердегі барлық ғимаратты қалпына келтіріп, оларды сол елде тұратын мұсылмандарға тегін пай­­­далануға берген. Израиль жерінде Бей­барыстың іздері әлі жатыр. Сирияда, Ливанда, тіпті, тұнып тұр. Жерленген жері Дамаск қаласында, бұның бәрі алдағы уа­қытта ашылатын жаңалықтар деп ойлай­мын.

Мысырда «Дарул-кутуб» кітаптар үйі деген үлкен архив тұр. Сонда Бейба­рыс­тың мөрі басылған 60 мыңға жуық жазба бар. Сол жазбаларды оқыса, барлығы орнына келеді. Каирде ислам өнер музейінде үлкен компас тұр. Сол компастың жазуы өте майда екен, көзге көрінбейді, бірақ соны бір араб досымыз екеуміз оқып отырып, ішінен Түркістан мен Байқоңырды таптық. Олай болса, Байқоңырды Бейбарыс білді деген сөз. Сондықтан ашылатын жаңалық алда көп».

Ал енді Беркенің бауыры Хулагумен соғысып, оның баурымен байланыс құрып отыруы Бейбарыстың аса терең стратег болғанын көрсетеді. Кейбір деректе Беркенің мұсылман дінін қабылдауына да Бейбарыс себеп болғаны айтылады. Арабтың бір жазушысы әл-Айни: «Мұхаммед пайғамбар дүниеден кеткелі мұсылмандардың басына ешқашан мұндай қасірет пен ауыртпалық түспеген еді. Пайғамбарымызға Алла Тағала ислам дінін адамдарға жеткізуді жүктесе, сұлтан әз-Зәһир Бейбарыстың иығына сол дінді сыртқы жаудан қорғап қалуды жүктепті», деген екен. Не деген ауыр жүк. Арзымас аманат. Алланың аманатын ақтаудан артық баянды бақыт болмайды. Бейбарыстың бақыты сол шығар.

 

Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері