Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Әл-Әзһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған кезде Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге үлес қосатынын айтқан еді. Содан бері баhадүр бабамызға арналған келелі кеңестер мен айтулы іс-шаралар өңір-өңірде жалғасын тауып жатыр.
1223 жылы дүниеге келген Бейбарыс Дамаскінің билеушісі Салах Нажим әд-Дин Аюб тарапынан «Рукн ад-Дин» атағына ие болды. Қазақ тіліне аударғанда «діннің тірегі» деген сөз. Тарихи деректер оның бала кезінде құлдыққа сатылғандығы туралы мәлімдейді. Эмир Али ад-Дин әл-Бундукдари Бейбарысты сатып алып, оған әл-Бундукдари деген есім берген. Уақыт өте Бейбарыс Каирге қоныс аударып, тарихта Әбу әл-Фатух деген есіммен танымал болған аюбилердің сұлтаны Салах Нажим әд-Дин Аюбқа қызмет етеді. Көзге түсіп, ерекше қасиеттерін байқатады. Сонда сұлтан оған аңсаған бостандығын тарту етеді. Содан бастап Бейбарыс мәмлүктердің билік шыңына көтеріле бастайды. Палестина мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мантасир Абузейіттің пікірінше, мәмлүктердің Иерусалимде қалдырған мәдени мұрасы аса зор. Әлі күнге дейін сақталып келген қасиетті Әл-Ақса мешіті Иерусалим көшелеріндегі ғимараттар, жазулар мен әшекейлер, крест жорықтарына қарсы тұра алған мәмлүк мемлекетінің ұлылығының куәсі болып келеді.
1259 жылы Рамазан айында Айн Желюд шайқасында мәмлүктер моңғолдарды жеңіп, Иерусалимге қарай бет алды. Иерусалимді сақтау мен қорғау мақсатында және оның тұрғындарының қайғы-қасіретін жеңілдету үшін әз-Заһир Бейбарыс бұл жорықты өзі басқарады.
1262 жылы әл-Құдысты басып алғаннан кейін Бейбарыстың ең көрнекті істерінің бірі «Жартас» күмбезін қалпына келтіріп, мешіт қажеттілігіне жыл сайын 5 мың дирһам жинау туралы жарлық шығарып, тізбек күмбезін жаңартуы еді. Сондай-ақ ол әл-Құдыста кез келген қонақ тоқтап, демалатын саяхатшылар үйін салды. Онда мешіт, диірмен, пештер, бау-бақша да салынған. Палестинада әз-Заһир Бейбарыстың есімімен аталған екі қала бар. Олар Иерусалимді крест жорықтарынан азат еткен мәмлүк сұлтаны әз-Заһир Бейбарыстың құрметіне аталған. Екі қала да әз-Заһирия деп аталады. Біріншісі Сафик қаласының жанында, екіншісі – батыс жағалаудың оңтүстігінде Хиброн мен Вершеба қалаларының араларында.
«Екі қыбыланың қызметшісі, яғни Меккенің және Құдыстың қызметкері» деп танылған Бейбарыс өзі ғұмыр кешкен өңірлерде мешіт, медреселер салдырғанымен қатар, пайғамбар, сахабалар бейіттерін, көне мазарларды қалпына келтірді. Оған дәлел – кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің Палестина жеріндегі Мұса пайғамбар кесенесінің басынан тапқан көне араб жазуы:
«Расында, Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендер салады («Тәубе» сүресі, 18-аят). Бұл қасиетті орында Алламен тілдескен Мұса пайғамбардың (ғ.с.с) қабірін салу Сұлтан Бейбарыстың бұйрығымен болған.
Исламның және мұсылмандардың сұлтаны, пайғамбарлар мен мұсылмандардың жәрдемшісі, сарайлардың қызметшісі, Барах пен Шам өлкесінің құрушысы, залым кәпірлердің айласын өздеріне жасаушы, патшалардың мирасқоры, араб және басқа ұлттардың, түріктердің сұлтаны, заманының Ескендірі, Құранды сақтаушы, исламның жанашыры, әділетсіздікті тоқтатушы, екі һарам шәріфтің қызметшісі, халифалық келісімінің әміршісі, Алла Тағала оның басшылығын абыройлы етті. Қажылықтан кейін Құдыс мешітін зиарат етуімен Алла Тағала оның бұл жақсы амалдарын қабыл етсін. Шам өлкесі сұлтандарының қамқоршысы Алла оны үстем етсін. Әділетті қолдаушы, осы дүниенің сардары, дүние мен діннің тірегі» (жазған Мұхаммед Бин Риһал).
Бейбарыс сұлтан мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен даралана білді. Ол елдің рухани құндылығын арттыру мақсатында мешіт, медреселер салдырып, ұрпақтарға ілім-білімді игеруге жарқын жол ашты. Өзі билік құрған Каирді гүлдендіру жолында аянбай еңбек етті. Мысыр астанасындағы тарихи нысандар – соның жарқын дәлелі. Бабамыздың даңқы ержүрек қолбасшы, көшбасшылығымен де танылды. Бейбарыс крест жорығына қатысушы басқыншыларды араб жерінен біржола тазалап, тұтқиылдан соққан моңғол қолбасшысы Хулагу әскерін алғаш рет тоқтатып, Ефраттан әрі асыра кері шегінтіп, мұсылман әлемін түрлі жаулардан сақтап қалуымен әлем тарихында аты алтын әріптермен жазылып қалды. Бұл ұлы еңбек Бейбарыс сұлтанды тұтас түркі дүниесі мақтан тұтатын бірегей баһадүрге, әйгілі әміршіге айналдырды.
Мысыр Араб Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Манау Елсайт Эхия Ашин Наби ханымның пікіріне де зер салып көрейік: «Бейбарыс тұлғасы – Мысыр мен қазақ халқын байланыстыратын маңызды діңгектердің бірі. Ол 1260-1277 жылдар аралығындағы Мысыр мен Леванттың ұлы сұлтандарының бірі болды. Әбу әл-Фатух, яғни «жеңістердің атасы» деген лақап атқа ие болған Бейбарыс Мәмлүк мемлекетінің Сайфутдин Құтұздан кейінгі төртінші сұлтаны, сонымен қатар Мәмлүк мемлекетінің нағыз негізін қалаушы болды.
Оның крест жорықтары мен моңғолдарды жеңгені, атап айтқанда 1250 жылы Мансур шайқасында және 1260 жылы Айн-Жалуидте моңғолдарды жеңуде маңызды рөл атқарғаны әскери және саяси біліктілігінің белгісі еді. Бұл жеңіс ислам тарихындағы бетбұрыс болып саналады.
Бейбарыс Жерорта теңізінің саяси-әскери картасын өзгертуде де үлкен рөл атқарды. Мысыр халқының санасында Сұлтан Бейбарыс – ерлік пен қаһармандық рәмізі. Мысырда көптеген адам оның әртүрлі жағдайда айтқандарын келтіреді, мысалы, Бейбарыстың тарихқа деген сүйіспеншілігі туралы айтуы – ең жақсы тәжірибе, бұл мәлімдеме бүгінгі жастарға өз тарихын білудің өте маңызды екендігін білдіреді».
Бейбарыс түркі өркениетімен қатар, ислам мәдениетіне де ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Батыстан кресшілер, шығысынан Бағдатты талқандаған моңғол әскері Мысыр, Шамға қауіп төндіргенде, ислам әлемін бар қатерден сақтап қалды. Ол өз сарайында тек ана тілінде сөйлеп, басшылық қызметте осы тәртіпте болғандығын, Бейбарыстың тұсында түркі сөздігі жасалғанын, Алтын Орда ханы Берке мен Бейбарыс екеуінің мүдделес, одақтас болғанын да тарихшылар жазады.
Сұлтанның сүйегі қайда жатыр дегенде Сирия Араб Республикасының Қазақстандағы құрметті консулы Самир Али Дерех мырзаның пікірін де бөлісе кетуіміз маңызды: «2007 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирияға жасаған ресми сапарынан кейін біз Дамаск қаласында Әл-Фараби атындағы мәдени-тарихи орталық ашу және соған жақын жерде орналасқан Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың қабірі мен ондағы әз-Заһирия кітапханасын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу жұмыстарын бастап кеткен болатынбыз. Мен осы іс-шараларға атсалысқандардың бірі болдым. Бірақ, өкінішке қарай, қазір Қазақстан тарапы бұл шараға көңіл бөлуді тоқтатып қойды. Екі ел арасында Әл-Фараби атындағы мәдени-тарихи орталық ашу, әз-Заһирия кітапханасын және ондағы Сұлтан Бейбарыстың қабірін қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қойылған болатын».
Осы тақырып турасында тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі: «Тарихи құжаттарда Мысыр мен Таяу Шығыста өз саяси үстемдігін орнатып, көшпелілерге тән мемлекет үлгісін құрған түркілер елін «әд-Дәулет әт-Түркийе», яғни «Түркілер мемлекеті» деп атаған. Ұзақ тарихтың керуен жолымен жүріп өтер болсақ, «Түрік» атауымен аталатын мемлекеттік құрылымдар санаулы ғана. Атап айтқанда, кезіндегі айбарлы Естеми, Бумын қағандар билеп, тарихы тасқа қашалған Түрік қағанаты. Одан кейінгі осы атауды алған араб, ғажам һәм түрік сұлтаны Бейбарыс құрған мәмлүктер империясы. Кейін бұл айбынды атауды Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасының атауына айналдырғаны белгілі», деп жазды. Бұл Бейбарыс сұлтанның түркі елдерінің келешегі туралы стратегиясын байқатса керек.
Бейбарыс бабамыз Мәдинедегі Пайғамбарымыздың мешітіне, Меккедегі Қағбаға да барып, қол көмегін бергені айтылады. Сол туралы арабтанушы, дипломат Қайрат Лама Шариф: «Бір таңғалатыным, Сұлтан Бейбарыс және мәмлүктердің барлығы ешқандай архитектуралық институттарды бітірмеген ғой. Тіпті Қалауын арабша сөйлемеген, тек қана қыпшақ тілінде сөйлеген. Бейбарыс 17 жыл билесе, ол 40 жыл билеген, бұл деген енді феномен. Оны зерттеу керек.
Сұлтан Бейбарыс Араб елдерінің туын көтеріп, қорғап, тек қана соғыспаған, Каирдің өзін жандандырып берген. Талай ескерткіштер бар, мешіттер салған, сол мешіттер әлі күнге дейін сырын бермей тұр. Мысалы, «Хасан мешіті» деген бар, ол сұлтан Қалауынның немересінің атында, жеті ғажайыптың біріне жатады.
Тарихи деректерде Сұлтан Бейбарысты «Хадимул Харамейн Шарифейн» дейді. «Екі киелі жердің қызметшісі» деген. Мен Сауд Арабиясында бес жыл жұмыс істедім ғой, король Фатх кезінде осы титулды қабылдады олар да.
«Екі киелі жер» деп Мекке мен Иерусалимді айтады. Екеуін де Бейбарыс қамқорлығына алып, сол жердегі барлық ғимаратты қалпына келтіріп, оларды сол елде тұратын мұсылмандарға тегін пайдалануға берген. Израиль жерінде Бейбарыстың іздері әлі жатыр. Сирияда, Ливанда, тіпті, тұнып тұр. Жерленген жері Дамаск қаласында, бұның бәрі алдағы уақытта ашылатын жаңалықтар деп ойлаймын.
Мысырда «Дарул-кутуб» кітаптар үйі деген үлкен архив тұр. Сонда Бейбарыстың мөрі басылған 60 мыңға жуық жазба бар. Сол жазбаларды оқыса, барлығы орнына келеді. Каирде ислам өнер музейінде үлкен компас тұр. Сол компастың жазуы өте майда екен, көзге көрінбейді, бірақ соны бір араб досымыз екеуміз оқып отырып, ішінен Түркістан мен Байқоңырды таптық. Олай болса, Байқоңырды Бейбарыс білді деген сөз. Сондықтан ашылатын жаңалық алда көп».
Ал енді Беркенің бауыры Хулагумен соғысып, оның баурымен байланыс құрып отыруы Бейбарыстың аса терең стратег болғанын көрсетеді. Кейбір деректе Беркенің мұсылман дінін қабылдауына да Бейбарыс себеп болғаны айтылады. Арабтың бір жазушысы әл-Айни: «Мұхаммед пайғамбар дүниеден кеткелі мұсылмандардың басына ешқашан мұндай қасірет пен ауыртпалық түспеген еді. Пайғамбарымызға Алла Тағала ислам дінін адамдарға жеткізуді жүктесе, сұлтан әз-Зәһир Бейбарыстың иығына сол дінді сыртқы жаудан қорғап қалуды жүктепті», деген екен. Не деген ауыр жүк. Арзымас аманат. Алланың аманатын ақтаудан артық баянды бақыт болмайды. Бейбарыстың бақыты сол шығар.
Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері