Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бір жасар қыздың анасы Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтарына жүгінген.
Аурухананың баспасөз қызметі мәліметінше, диагнозды тексеру үшін қуыққа ультрадыбыстық зерттеу, цистография жасалған. Зерттеу нәтижесінде балада урахустың толық емделмегені анықталыпты.
«Урахус - несепағар, ол әдетте эмбриондық кезеңде ғана болады және қуықтың жоғарғы бөлігін кіндікбаумен байланыстырады. Жатырішілік кезеңнің шамамен 5-7 айында ол бітеледі. Алайда белгілі бір жағдайларда түтік қабаттаспайды, нәтижесінде оның ауытқулары пайда болады. Бұл - жатырішілік кезеңдегі облитерация процесінің бұзылуымен байланысты өте сирек кездесетін туа біткен патология. Хирургиядағы 30 жылдан аса тәжірибемде мен осындай 3 жағдайды ғана кездестірдім», деп түсіндірді №2 МКАД хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.
Құрамында тәжірибелі хирургтары мен анестезиологтары бар топ 30 минут ішінде несеп шығару жолын алып тастап, баланы осы аномалиядан біржола құтқарған.