Зерде • 04 Желтоқсан, 2023

Хан жарлықтары хақында

190 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде (2023 жылғы 24 шілде) Бекен Қай­рат­­­ұлының «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты мақаласы жарияланды. Автор аңдат­пада Алтын орда ханы Тоқтамыстың 1392 жылы Литваның ұлы князі һәм Поль­ша королі II Владислав Ягайлоға жолдаған жарлық-хатының көшірме нұс­қа­сының Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивіне жеткізілгені тура­лы­ айта келіп, аталған жарлықтың тарихына қатысты деректер келтіреді.

Хан жарлықтары хақында

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Бұл хатты өз кезегінде шығыс­та­­ну­шы-түрколог В.В.Радлов түркі-қып­шақ тіліндегі мәтіннен орысшаға аударса, осы нұсқа негізінде Д.Банзаров моңғолша тәпсірлепті. Осы нұсқаны ақын-аудармашы Сұраған Рахметұлы қазақ тіліне былай деп тәржімеледі (бұл жәдігер қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыруы да мүмкін)», дейді де, сол тәржіме нұсқаның толық мәтінін келтіреді. Құнды құжатты түсініктемесімен бірге жариялағаны үшін Б.Қайратұлына рах­ме­тімді айта келе, салыстыра зерделеу мақ­са­тында, нақ осы құжаттың 1996 жылы тәржі­ме­ленген басқа нұсқасын оқырман наза­рына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Екіншісі, көне ұйғыр тіліндегі төл нұсқасының транскрипциясымен бірге «Әділет министрлігі хабаршысының» 1996 жылғы екінші нөмірінде жарық көрді. Көне ұйғыр жазуының білгірі, Ұлттық ғылым академиясының көне ұйғыр тілі бөлімін ұзақ жыл басқарған филология ғылымдарының докторы Арсен Ибатов тәржімелеген жарлықтың толық мәтіні мынадай:

«Тоқтамыстың бірінші Жарлығы

(қазіргі қазақ тілімен айтқанда)

Менің (Тоқтамыс) сөзім

Иегейлаға (А.Ибатов осылай аударған – С.Б.)

Ұлы орынға отырған жөнін білдіріп, Құтлубұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік. Сен де елшілер жіберген едің. Бұрнағы жылы Бекболат, Қожа­медін бастаған бірнеше ұландар, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған бектер Едіге деген кісіні Темірге астыртын жіберген екен, ол тіл (хабар) алып келген еді. Олардың арам ниетпен хабар жіберіп, ілгері жасырын жетіп келгенін сезіп, жиылып соғыспақшы болып тұрғанда, ол арам ниетті кісілер бұрын қозғау салып, әрекет жасағандықтан ел қарсы көтеріліп, бұл істің жөні осылай болған еді. Тәңірі бізді жарылқап, дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедін, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған ұландар мен бектерді мұқалтты. Енді осының жөнін білдіріп, Асан, Тұлы-Қожа бастаған елшілер жібердік. Енді тағы болса, бізге қарасты елдердің шығындарын (салық) жинап, барған елшілерге беріңіздер, қазынаға жеткізсін. Және бұрынғы жөн-жосық бойынша базаршы серіктестерің (саудагерлер бірлестігін басқарушы адамдар) тағы жүрсін. Ұлы ұлыстың қалпында сақталып қалуына тағы жақсы сай болсын деп, алтын нышанды жарлық ұсындық (яғни таңбасы алтын). Тауық жылы, тарихтың жеті жүз тоқсан бесінде, ережеп айының сегіз жаңасында, орта Донда тұрғанда жазылған».

А.Ибатов Тоқтамыс ханның бірінші жарлығының поляк князі Иегейлаға хиджраның 795 жылы (жаңаша 1393 жылы) раджап айының сегізінде, Орданың Дон бойында тұрған кезінде түркі тілінде (орыс әдебиеттерінде «татар тілі» деп аталады) түгелдей ұйғыр әрпімен жазылғанын айтады. жарлықты алғаш рет 1834 жылы Т.А.Обаленский Мәскеудің орталық архивінен тауып, түпнұсқасы ұйғыр әрпімен жазылған себепті, араб әрпімен транскрипцияға түсіртеді. Жарлықтың мазмұнында Темірдің (Әмір Темірдің) Тоқтамыс ордасына шабуыл жасамақ ниеті бар екендігін, Орданың кейбір бектері мен оғландарының сатқыншылық жасап отырғанын мәлімдеп, Иегейламен бұдан былай да жақсы қарым-қатынас құру ниетін білдіреді. Сонымен қатар салық туралы Жарлығын жеткізеді.

Тарихи құндылығына орай, Тоқта­мыс­тың А.Ибатов көне ұйғыр тілінен тәржі­ме­леген екінші Жарлығын да ұсынып отырмын.

«Тоқтамыстың екінші Жарлығы

(Қазіргі қазақ тілімен айтқанда)

Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайы­рым-рақымына үміт артамын. Менің (Тоқтамыс) сөзім Қырым өлкесінің Құтлу-бұға басшылық ететін ел билеуші бек­теріне, қазы, муфтиларына, әмірші машайықтарына, мекеме хатшыларына, баж алымын жинаушы, таразышыларына, әскери төре, алым-салық жинаушыларына, неше алуан тамаша құрметті адамдарына, баршаға! Бұл жарлықты ұстаушы Бек-қажыға қарасты елінің бәрі біздің сый көрсетіп, жарылқаған адамдарымыз болып, Сутқул елінен жыл сайын неше түрлі шығар шығасысын (салығын) үстеме өсімімен бәрін алмауға берілді. Бүгіннен бастап Сутқулға жан салығын салмасын, ылау, ас-су тілемесін, қамба ақы, егін ақы, ақшалай қаржы тілемесін, өлкеден еркін болып (бағынышты болмай), Қырымның ішінде, сыртында қонымдарда Сутқулға бағынышты кісілерін кім болса да (ешкім) тимесін. Баршасы бір жерге бірлесіп, шығар шығындарын (алым-салықтарын) ұқыпсыздық қылмай, қамқорлық көрсетіп, жәрдем ету үшін пайдалы тархан Жарлығы жазылды. Бек-қажыға шын ынта (ықылас) білдіріп, баршаларыңыз мүлтіксіз күш көмек көрсетіңіздер деп Темір-Болат бұлай дегеннен кейін өлке салығын, жеке салықты салғанда, қысым көрсетіп зәбір шектіргендер қор­қа­тын болар әрине. Бірақ Бек-қажы сый көрсетіп жарылқаған адаммын деп аянышты (бишара) жарлыларға күш көрсететін болсақ, саған да игі іс (жақ­сы­лық) болмайды деп, ұстай тұру үшін ал­қы­зыл таңбалы жарлық берілді. Орда Дон Орта­т­өбеде қырда тұрған-ды. Тоқсан төртінші жылы, мешін жылы, зульхаад айының жиырма төртінде жазылды».

Ол алғаш Қырымда табылып, Жаңа­сібір мен Бессарабияның генерал-губер­­наторы князь Ш.Е.Воронцовтың менші­гін­дегі құжаттар қатарына өткізіледі, кейіннен А.Воронцовтың түсірме литогра­фия­сы бойынша жасалған Тромониннің көшірмесін Одессаның тарих және ежелгі дүние қоғамы басып шығарады. Осы жарлықты араб әрпімен транскрипциясын түсіріп, орысшаға аударған Я.О.Ярцев. И.Березин осы аудармада көптеген қателік барын көріп, қайтадан аударады. Сөйтіп, 1851 жылы жаңа транскрипциясымен және түсініктемесімен бастырады.

Тоқтамыстың бірінші Жарлығында «алтын нышанды жарлық ұсындық (яғни таңбасы алтын)», ал екінші Жарлығында «ұстай тұру үшін алқызыл таңбалы жарлық берілді» делінеді … «алқызыл таңбалы» … «алтын нышанды» ... «Алқызыл таңбалы, алтын нышанды жарлық» дегеніміз не? А.Ибатов оған бы­лай деп жауап береді: «Мөрі алтын, алқызыл таңбалы жарлықты тек хан, Шыңғыс хан тұқымы бере алған. Бұл таңбаларды (мөрді) басқалардың қол­да­нуға құқы болмаған. Алтын нышанды, алқызыл таңбалы жарлық мүлтіксіз орын­дал­ған.

Алтын Орда хандарының атынан рұқсат қағаз мандат ретінде берілетін алтын не күміс, мыс немесе ағаш белгілер болған. Ол жөнінде И.Березин: «Жоғары дәрежелі шендер екі жолбарыстың мүсіні бар алтын найза алған, төменгілері – жолбарыссыз найза. Әрі қарай алтындалған күміс, жай найза, ең соңында ағаш найза берілген», дейді.

Бұл найзалардың ішінде алтын не ал­тын­­­далған түрлері тұран (өлке) басқару­ш­ы­­сына және мыңбасыларына берілетін бол­­­ған, ал жүзбасылар күміс найза, одан төмен­гілерге ағаш найза берілетін бол­ған».

Алтын Орда дәуірі қазақ тарихындағы ең сүбелі кезең екені белгілі. А.Ибатовтың ай­туына қарағанда, хандардың жазбаша жарлық беру дәстүрі сол Алтын Орда дәуірінде басталған сияқты. «ХIV ғасыр­да­ғы­ түркі тілді жарлықтар, негізінде Алтын Орда дәуірінде жазылған, – дейді ол. – Бұл жарлықтардың тілі орта түркі жазба әдеби тіліне жатады. Орта түркі жазба әде­би тілі қазіргі халықтар мен ұлттардың әдеби тілі сияқты жалпы халықтық тіл бол­маған, ол тіл сол замандағы хат тани­тын сауатты адамдар үшін жазылған жазба­ әдебиеттердің тілі, сауатты адамдар ғана оқып, қолдана алатын жазба әдеби тіл болған. Сондықтан оны кез келген қара­пайым адам, күнделікті сөйлеу тілі сияқ­ты емін-еркін пайдалана алмаған. Он­да­ қыпшақ тілінің элементтері көбірек сақ­тал­ған».

Академик Ғ.Сапарғалиевтің «Төре бітігі-Армяно-кыпшакской судебник 1519-1594» атты құнды еңбегі туралы мақаласында заң ғылымдарының докторы Қ.Мәми да осындай ой айтады («Егемен Қазақстан», «Бабалардан қалған жауһар жәдігер», 2004 жылғы 2 маусым). ХI ғасырдан ХIII ғасыр аралығында Дешті Қыпшақ мемлекетіне, одан кейін Түркі-моңғолдар құрған Алтын Орда хандығына қараған ұлыстар мемлекеттік билікке қатысты хан жарлықтарын, өзге де заң ережелерін бірауыздан мақұлдап, қоғамдағы құқықтық қарым-қатынастың бұлжымас тәртібі деп ұққан дей келіп, Ғ.Сапарғалиев еңбегіне сілтеме жасайды. Армян және поляк тіліне алма кезек аударылып, сол елдердің жазба жәдігеріне айналған бұл көлемді еңбектің неге «Төре бітігі» деп аталғанын: «Осы ескерткіштердің арасындағы түбегейлісі 1519 жылы армян тілінен латын тіліне аударылып, поляк королі бекіткен, содан кейін Львов қыпшақ тілімен сөйлейтін армяндардың ана тіліне аударылған Заңдар жинағы – «Төре бітігі» болып саналады деп түсіндірген» дейді.

Ал А.Ибатов: «Хандар жазған мемле­кет­тік актілер – жарлықтар және Бітіктер болып екіге бөлінеді. Бітікке – хандардың басқа тәуелсіз монархтарға, сондай-ақ бек, мырзалардың басқа мемлекет басшыларына жазған хаттары жатады. Еуропаның кейбір ғалымдары хан жарлықтарын, Бітіктерін жинақтай келіп, «грамоталар» деп атаған» дейді.

А.Ибатовтың айтуынша, ХIV ғасырда жазылған хан жарлықтарының бүгінгі күнге жеткені бас-аяғы оншақты. Орыс тілінде жеті жарлық бар. Олар: Менгу-Темір (1342), Өзбек, Бердібек (1357), Атулақтың (1379) жарлықтары және Тайдулы ханшаның (1357) үш жарлығы ғана. Сондай-ақ ХIV ғасырдың аяқ шенінде жазылған Тоқтамыстың екі жарлығы мен Темір-Құтлұғтың жарлығы. ХV ғасырдың ішінде жазылған Шахрух пен Бабырдың атасы Абусағид ғате Бабырдың әкесі Смех-Шейхтың жарлықтары. ХVI ғасырдың алғашқы жартысындағы Мұхаммед Герей мен Сағадат Герейдің және Сақып Герейдің жарлықтары, ХVI ғасырдың екінші жартысындағы Дулат Герей мен Ғозы Герейдің жарлықтары» («Әділет министр­лі­гінің хабаршысы», 1996, №2).

Аталған хан жарлықтарының тарихи маңызы зор. Оларды табанды түрде іздестіріп, тауып, ғылыми сараптама жасау арқылы құқықтық тари­хы­мыз­дың өрісі мен өресін кеңейте түсер едік. Қ.Мәмидің жоғарыда аталған мақа­ла­сында Ғ.Сапарғаливтің аталған еңбегін «заң ғылымына қосылған үлкен олжа» деп бағалауы сондықтан болса керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Оның тарих ақтаңдақтарын ашуымызға серпінді жылдар болғаны белгілі. Сол күндерде ізденгіш журна­лис­тердің бірі Гауһар Исаева жоғарыда аталған Қазақ ғылым академиясының көне ұйғыр тілі бөлімін ұзақ жыл басқарған ғалым А.Ибатовтың бұл саладағы ізденісі туралы қызықты ақпарат айтты. «Жеті жарғы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істейтінмін. Ғалымды баспаға шақырдық, кездесуден соң ол жаңағы тарихи құнды құжаттар туралы сұхбат беруге келісті. Сұхбат бас­па жанынан ай сайын жарық көретін «Әдебиет министрлігінің хабаршысы» журналында жарияланды. Г.Исаева «сұхбатты Сыртқы істер министрлігінің тиісті бөлімі сұратып алды, әзірге жауап жоқ» деп жүретін. Кейін, қызмет бабымен Астанаға ауысып кеттім де, хабарсыз қалдым. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Б.Қайратұлының мақаласы біз үшін жаңалықтай көрінген сол ақпаратты қайтадан есіме түсірді. Құжаттың өте құндылығына орай, ойымды оқырман наза­рына ұсынып отырмын.

Құндылығын алға тартуымның тағы бір себебі бар. Тоқтамыстың бірінші Жарлығында Асан есімі екі рет қайталанады. «Ұлы орынға отырған жөнін білдіріп, Құтлу-бұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік», дейді Тоқтамыс. «Енді осының жөнін білдіріп, Асан, Тұлы-Қожа бастаған елшілер жібердік». Біріншісінде Құтлу-бұғамен, екіншісінде Тұлы-Қожамен бірге Асан елшілікті бас­тап барады. Осындағы Асан белгілі жырау Асан қайғы емес пе екен? Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің Тоқтамыс өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетіні, жарлықта айтылған ұсыныстың қолдау тауып, 1410 жылғы Грюнвельд шайқасында Польша әскерін король Иагайло, Литва әс­ке­рін ұлы князь Витаутас, Алтын Орданың бірік­кен қырық мыңдай әскерін Тоқтамыс хан­ның үлкен баласы Жалеләддин бас­қар­ғаны, олардың неміс, француз рыцарь­лары мен ағылшын, швейцар жалда­ма­лы жасақтарынан құрылған Тевтон әскерін тас-талқан еткені тарихтан бел­гілі. Осындай ірі оқиғаларға кесек тұлғалардың тікелей араласқаны да дау тудырмайды. Оның үстіне елдік мүд­де­ні жоқтаушы Асан қайғы сияқты жырау­лар­дың елшілікте жүргені тағы рас. Мысалы, орыс құжатында: «Досмамбет-ага азовский, по ногайским и казахским мате­риалом известный как поэт-жырау (казах­ский вариант написания имени – Доспам­бет; с полным титулом Азаулы (мүмкін «азулы» – С.Б.) Доспамбет-ага), посылался Ислам-Гирей-ханом на Дон для получения достоверных известий о место­нахождений мятежных султанов. Досмамбет привез вести, что Сагадат-Гирей и Сафа-Гирей ушли в Большую Ногайскую Орду, а Мурат-Гирей убежал в Астрахань. Месяцем позже дошли сведения (и они также приводятся в списке вестей), что Сагадат-Гирей и Сафа-Гирей ушли к владениям шамхала на Кавказ, а Мурат-Гирей откочевал к Астрахани. Все они были племянниками воцарившегося Ислам-Гирея, детьми его старшего брата, предшествующего хана Мухаммед-Герея II» деп жазылған («История Казахстана в русских источниках ХVI–ХХ веков, I том, 497 с.).

Тарихи мұраларды ғылыми тұрғыда зерттеу жүйеге түсе бастады ғой. Алтын Орда кезеңі аясындағы зерттеу жұмыстары сол кезеңнің «әзірге тіс батпай» жүрген, аталған құнды құжаттардың да ақиқатын ашар деген үміттеміз.

 

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ