Мемлекет басшысының тапсырмасымен ІІМ және жергілікті әкімдіктің қолдауымен өңірлiк полиция қызметі жыл басынан бері 59 қызметтік автокөлікпен толыққан. Оның ішінде, республика бойынша бірінші болып қазіргі заман талаптарына сай, қоршаған ортаға залалсыз, отандық өндiрiсте жасалған 25 дана электромобиль алынып отыр.
Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. GPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады.
Iс-шара барысында департамент басшысы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин полиция қызметiнiң жұмысын арттыру мақсатында тиiмдi шаралар қабылданғанын атап өтті. «Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау қылмыстың санын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Осы ретте полиция жұмысын жандандыру бағытындағы әрiптестiк қолдауы үшін облыс әкімдiгiне алғысымды бiлдiремiн. Бiздiң полиция қызметкерлері бар мүмкіндіктi пайдалана отырып, аумақтағы тәртіп пен қауіпсіздіктi қамтамасыз етуде аянбай қызмет етіп келеді. Сервистік полицияны жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады», деді ол.
Салтанатты рәсім жеке құрамның жаңа автокөліктердегi саптық шеруімен аяқталды.
2020-2023 жылдары полиция қызметкерлерінің игілігі үшін жалпы саны 309 автокөлік сатып алыныпты. Бұл әлбетте, аз емес. Ал биыл берілген 59 қызметтік автокөліктің 25-сі Қазақстанда жасалған электромобиль. Осы тұрғыдан келгенде жамбылдық тәртіп сақшылары еліміз бойынша бірінші болып электромобиль мініп отырғанын айта кеткен жөн.