Сұхбат • 04 Желтоқсан, 2023

Болат Тілеп: Университет алдында цифрлық экожүйеге жету міндеті тұр

783 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Еліміздің білім саласына білікті кадрлар даярлаудың көш басында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тұр. Биыл ұстаздар ұстаханасының құрылғанына 95 жыл толды. Ғасырлық межеге аяқ басқан білім ордасының басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеппен болған сұхбатта білім беру үрдісі, әлемдік білім кеңістігімен ықпалдастық, университеттің қазіргі ахуалы туралы айтылды.

Болат Тілеп: Университет алдында цифрлық экожүйеге жету міндеті тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Болат Анапияұлы, ғасырға жуық тарихы бар оқу орнының бастауын­да халқымыздың маңдайалды тұлға­ларының тұрғаны белгілі. Осы жыл­дарда еліміздің білім саласы­на кадр­лар даярлаудың үлкен мектебі қа­лып­тасты. Университетте дәстүрлі бі­лім тәжі­рибесімен заманауи үрдістерді ұш­тас­тыру жағы қалай іске асып жатыр?

– Биыл университетімізге 95 жыл толып отыр. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, оқу орнының тарихы 1918 жылғы 12 қарашадан бастау алады. Осы кезде Ташкентте алғашқы Қа­зақ мұғалімдер курсы ашылған бола­тын. Ал ресми түрдегі тарихымыз 1928 жыл­­дан басталады. Өйткені дәл осы уа­қытта Қазақ АКСР Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің шешімімен Ал­ма­ты қаласында физика-математика факуль­тетінің негізінде республиканың алғашқы оқу орны ашылған еді. 1935 жылы Қазақ педагогикалық институтына ұлы Абайдың есімі берілді. Тұңғыш оқу орнының қалыптасуына атсалысқан, елімізде жоғары білім саласының да­­муына зор үлес қосқан тұлғалар қа­та­­рында алғашқы ректор Санжар Ас­фен­дияровтан бастап Ораз Жандосов, Ахмет Бай­­тұр­сынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллин, Ха­лел Дос­мұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәй­мен Алманов, Темірбек Жүргенов секіл­ді мықтылар тұр. Олар институтта дә­ріс беріп қана қоймай, ұлтжанды шәкірт­т­ер тәрбиелеу ісін жолға қойды. Университетті ұзақ жыл басқарған Мәлік Ғабдуллин, ұстаздық еткен Мұх­тар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды ға­лым­дардың оқу орны тарихындағы орны бөлек. Университеттің бүгінгі мерейі – ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен ға­лымдар мен ұстаздар еңбегінің жемісі.

– Кез келген мемлекеттің дамуы сапалы білімінен көрініс беретіні анық. Кейінгі уақытта орта білім беру үрдісіндегі білім сапасына айты­латын сын көп. Осы орайда оқыту­шылар құрамының біліктілігіне қанша­лықты көңіл бөлініп келеді?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел Үкі­меті педагог кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отыр. Осы жылдарда Абай атындағы ҚазҰПУ республикаға 200 мыңнан астам педагог даярлады. Жыл сайын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтсе, белгілі шетелдік ғалымдардың дә­ріс оқуы, тәжірибелік сабақтар өткізуі дәстүрге айналды. Бүгінде университетте 996 оқытушы жұмыс істейді. Олардың қатарында ҰҒА-ның 5 академигі, 6 корреспондент мүшесі, 200-ден астам ғылым докторы, PhD, 226 ғылым кандидаты бар. Университет жанындағы 7 институтта 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бүгінде 12 оқу ғимараты, 5 жатақхана және 40-тан астам оқу зертханасында еліміздің білім саласының болашақ білікті мамандары даярланады. Осы орайда педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін үйлестірумен қатар Академиялық шеберлік орталығын құру әрі дамыту басты мақсатымыз екенін айта кеткен абзал. Университетте педагогикалық бағыттағы оқу орындарымен жұмысты үйлестіретін үздіксіз білім беру мен оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Оқытушылар арнайы курстарға, семинарларға қатысып, инновациялық оқу бағдарламалары мен жаңа технологияларды меңгеру үстінде. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдаман өтеді. Арнайы педагогика және дефектология саласында ғылыми-зерттеу және кадрлар даярлаумен белсенді түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны болғандықтан, инклюзивті ортаға білім беру мәселесіне басты назар аударып отырмыз. Өкінішке қарай, еліміздің өңірлерінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған білім беру орындарын ашуға мүмкіндік жоқ. Бірақ оны шешудің басқа да жолдары бар. Мысалы, дефектология және психология салаларында ерекше балаларға білім алуға және мектеп бағдарламаларына бейімделуге көмектесетін бағдарламалар бар. Осы орайда сурдопедагогика, тифлопедагогика, логопедия, диагностикалық және коррекциялық дамыту және түзету жұмыстарын қам­ти­тын 4 зертхана жабдықталған. Маман­дарымыз осы салаларда ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл – медицина мен жанама ғылыми зерттеуді талап ететін бағыт.

– Кейінгі уақытта жоғары оқу орындарының бірқатары «зерттеу университеті» бағытында жұмыс істей бастады. Оның жаңашылдығы әрі білім үрдісіне әсері қандай?

– Қазіргі кезде алдымызда тұр­ған үлкен міндет – «Зерттеу универ­ситеті» деңгейіне жету. Ол үшін универ­ситетіміздің ғылыми әлеуетін көтеру керек. 2019 жылдан бастап постдокторантура және профессор зерттеушілер үшін бағдарламалар енгіздік. Педагогика ғылымын дамытуда постдокторанттар қатарын көбейтіп, ғылыммен айна­лысқысы келетін оқытушылардың оқу жүктемесін азайтуға мән беріп отырмыз. Қазіргі уақытта оқу жүктемесі 1 жыл­да 600 сағаттан асатын болса, ха­лық­аралық стандартқа сәйкес зерттеу университеттерінде бұл көрсеткіш 250-300 сағаттан аспайды. Қалған уа­қытын оқытушы зерттеуге, ғылыммен айналысуға арнауға тиіс.

– Абай университеті еліміз ғана емес, әлемдік рейтингтерде жақсы көрсеткіштерге ие. Сарапшылардың пікірінше, рейтинг сапалы білімнің өлшемі емес. Үздіктер тобынан орын алу үшін қандай талаптар қажет?

– Абай университеті 2023 жылы QS World University рейтингінде 681-690- орын­дарды иеленіп, әлемдік рей­тинг­те ТОП-700 үздік университет қата­рына кірді. Бұл рейтингке әлемнің 2 мыңнан астам жоғары оқу орны қатысты. Абай университеті Орталық Азияның педа­гогикаға бағдарланған жоғары оқу орындарының алдыңғы шебінде келеді. Университетті интернационалдандыру, Болон үдерісінің негізгі талаптарына сай болу үшін әлемдік көштен қалмау өте маңызды. Бірақ педагогикалық университет ретінде халықаралық және әлемдік рейтингтен орын алу басты мақсатымыз емес. Алдымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 50 мыңға жуық мұғалім даярлау міндеті тұр. Педагогикалық мамандардың, оның ішінде жаңа заман педагог кадрларының жетіспеушілігіне басты назар аударып отырмыз. Сонымен бірге ғылыми жарияланымдар санын арттыру, инновациялық білім беру бағдарламаларын күшейту мәселесі де өзекті.

– Әлемдік стандартқа сәйкес педа­гогикалық бағыттағы оқу орындарына қандай талаптар қойылады?

– Тәжірибеде педагогтерді ғана даярлауға маманданған оқу орындары өте аз. Дамыған елдерде педагог мәртебесі өте жоғары. Педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар мектепке барып, оқу орындарына жұмысқа тұруға ниет білдірсе, міндетті түрде жоғары оқу орнынан кейін арнайы біліктілік курстарынан өтеді. Мәселен, фин жүйесінде қалауына қарай мектепте бірден мұғалім болып кете алмайды. Осы орайда дәстүрлі білім беру мен әлемдік тәжірибедегі озық үлгілерді қатар алып келеміз. Білім саласында қажетті материалдарды жылдам игеру өзекті болып отыр. Ол үшін, ең алдымен, оқушының логикасын, аналитикалық, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Алған ақпаратты өз бетінше талдауға үйрету, оның дұрыстығын анықтауға дағдыландыру – мұғалімнің басты мақ­саты. Ал мектептерде «Логика» пәнін енгізу өте маңызды.

– Финляндия университеттерімен бірлесіп, педагогикалық білім берудің жаңа модельдері және 30 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленгені белгілі. Осы бағдарламаның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз?

– Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының кәсіби стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларымыз толығымен жаңартылды. Сондай-ақ студенттерге негізгі мамандықтарымен бірге берілетін Minor бағдарламалары енгізіліп жатыр. Білім ордасы биыл­ғы оқу жылында Финляндия озық университеттері және Назарбаев универ­ситеті сарапшыларының қатысуымен «Педагогикалық әлеуетті күшейту» жо­басы аясында мұғалімдерді даярлау бойын­ша 12 инновациялық білім беру бағдарламасын қанатқақты режімде іске қосты. Аталған бағдарламалар география, физика, математика, информатика, арнайы педагогика, көркемдік білім, музыкалық білім, денешынықтыру және тарих-әлеуметтік зерттеулер пән­­дері бойынша жаңа форматтағы мек­­тептердің болашақ мұғалімдерін даяр­­лауға бағытталған. Жаңа бағдар­ла­маларға барлығы 718 талапкер қабыл­данса, олардың 63-і магистратура бағдар­ламаларын таңдады. Осы жоба аясында университет оқытушылары білім беру бағдарламаларын әзірлеу және геймификация, flipped classroom әдісі, case study сияқты инновациялық оқыту әдістерін қолдану бойынша бі­лік­­тілікті арттыру курстарынан өтті. Бо­ла­шақ педагогтерді даярлауда мұ­ғалім­­дердің цифрлық құзы­реттілігін, инклю­зивті білім беруді, STEM және CLIL тұжырымдамасын да­мытуға ерекше назар аударылып келеді.

– Елімізде «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасының қолға алынғаны бел­гілі. Заманауи мектептерде сапалы білім беруді мақсат ететін жобаға сай мамандар даярлау ісі қандай басым­дықтарға иек артады?

– Ең алдымен, білім беру саласындағы мамандарды даярлаудың әлемдік тә­жірибесіне, оның ішінде тиісті технологияларды пайдалана отырып, жалпы білім беру үдерісін қолжетімді және интерактивті ететін жаңа әдістерді ен­гізуге мән беруге тиіспіз. Дегенмен педагогтерді даярлайтын университет ретінде өз ерекшелігіміз бар. Бұл, ең алдымен, еліміздегі қазіргі мектеп жағ­дайына байланысты. Осыған орай инклюзия бағытында жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Ал жаратылыстану нақты ғылымдар бойынша пәндік мұғалімдерді, шет тілінде сабақ бере алатын педагогтерді даярлау мәселесін шешуде қаперге алатын дүние бар. Болашақта цифрлық университет жасыл экожүйеге жету міндеті тұр. Қа­зіргі уақытта цифрлық университет жобасы Оңтүстік Кореяда ғана тиім­ді жұмыс істеп келеді. Осы орайда білім беру үрдісін цифрландыруды ака­демиялық мәселелер жөніндегі прорек­тордың құзыретіне беріп отырмыз. Қазір университеттің маңызды бағыттарының бірі – үздіксіз білім алуға жағдай жасау. Мамандығын ауыстырып, мұғалім болғысы келетін талапкерге мүмкіндік жасауға тиіспіз.

– Кейінгі жылдарда еңбек нары­­­ғында сұранысқа ие бірқатар маман­дық бойынша қос дипломды білім беру жүйесі іске асып келеді. Осы бағытта оқу орнының түлектерін жұ­мысқа орналастыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Университеттің қос дипломдық бағ­дарламалар бағытындағы жетістігі аз емес. Бұл – ең алдымен, Абай универ­ситетінің 25 елдің 138 жоғары оқу ор­ны­мен белсенді ынтымақтастығының нәти­жесі. Қазіргі кезде қос дипломды 16 бағдарлама бар болса, оның төртеуі Сорбонна-Қазақстан институтында оқытылады. Финляндия, Син­гапур, Швейцария, Литва сияқты педагогика саласы бойынша озық елдер­дің жұмыс тәжірибесі басты назарда тұр. Қос дипломды бағдарламалар бойын­ша білім алған студенттердің жетіс­тіктері де бар әрі олардың арасын­да жұмыссыз жүргендері жоқ. Осы тұста педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген мамандарға мектеп, колледж­дерге барғаннан кейінгі сұраныстың төмендейтінін айта кеткен жөн. Өйт­кені, университет бағдарламасы мен мектептердегі оқу бағдарламаларында алшақтық бар. Мектепке барған маманға басқа стандарт бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Кей жағдайда жұмыс­тан шығуға немесе қайтадан оқуға, білік­тілігін арттыруға мәжбүр. Педагог мәр­тебесінің артуы мен университет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде кейінгі кезде мұндай факті­лер азайды. Қазіргі таңда 90-ға жуық соңғы курс студенті дуальды әдіс бо­йынша білім алады. Әдіскерлер де, оқытушыларымыз да мектептерге жиі барып, студенттерінің ашық сабақтарына қатысады. Мектеп бағдарламалары мен жалпы оқу­лықтарға жауапты мекеме – Ы.Ал­тын­сарин атындағы академия­мен ұзақ­мерзімді келісім жасалды. Универ­ситет мен мектеп бағдарламасы ара­сын­дағы алшақтықты азайтуда «Пе­даго­гикалық сынып» жобасының ықпа­лы зор. Қалалық, облыстық білім басқармаларымен келісімшарт жасал­ды. Биылдың өзінде Алматыдағы 13 мек­теп­пен келісімге қол қойылды. Бұл жоба оқушылардың мұғалімдік ма­ман­дыққа қызығушылығын арттыруды көздейді. Аймақтық әкімдіктер, білім басқармаларымен де байланысты нығай­тып келеміз. Кейінгі жылдары біздің түлектердің жүз пайызға жуығы жұмыспен қамтылған.

– Бірқатар жекеменшік оқу орны ағылшын тілінде білім беретін мамандар даярлау ісіне басымдық бере бас­тады. Бұл педагог кадрларды даярлайтын мемлекеттік университеттер бәсе­келестігіне қаншалықты ықпал етеді?

– Бәсекелестік алға ұмтылдырады. Қазір елімізде жекеменшік мектептер көп. Олардың дайындық деңгейі де жо­ғары. Әсіресе үлкен қалаларда шоғырланған білім беру мекемелері бар. Дамыған шетелдермен бірлесе жұмыс істейтін мектептер де жоқ емес. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектептері, білім және инновация лицейлерінің деңгейі жоғары. Мұғалімдерге қоятын талаптары да бөлек. Бұл мектептерде 7-сыныптан бастап жаратылыстану, математика, физика, химия сияқты пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Осы тұр­ғы­да жекеменшік оқу орындарымен бәсекелесе алмаймыз. Бұл жердегі ең үлкен мәселенің бірі – тілдік бағытты дамыту. Университеттің Филология институтында шет тілдері кафедрасы бар. Сорбонна-Қазақстан институтының тілдік бағдарламалары да тиімділігін көрсетті. Министрліктің қол­дауымен жаңа формациядағы педагог­терді даярлау үшін инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу міндетін қойып отырмыз. Биыл 30 инновациялық оқу бағдарламасының 12-сі университет маман­дарының күшімен әзірленді.

– Сапалы білім беру оқу орнының материалдық базасына да тікелей байланысты екені анық. Университет заманауи құралдармен жабдықталған, студенттерге қолайлы жағдай жасал­ған деген үдеге сай келе ме?

– Бүгінде университетте 12 оқу ғима­раты бар. Алдағы уақытта заманауи кітапхана ашу жоспарда тұр. Бүгінде кітапхана қорында 1 млн 700 мыңнан астам кітап бар. Оқу ғимараттары, олар­дың материалдық-техникалық жағ­дайын үнемі жақсартып отыру – бас­ты міндетіміз. Қазіргі уақытта 27 ком­пьютерлік сынып, 15 лингафондық зертхана, 45 оқу және ғылыми зертхана, 44 шеберхана, 38 интерактивті сынып жабдықталған. Оқу орнының қазіргі инфрақұрылымдық жағдайы 5000-6000 студентке есептелген. Мұнда 5 жа­тақ­хана және бірнеше оқу ғимараты орна­ласқан. Бұл нысандардың барлығы қаланың мәдени-тарихи тізіміне кіреді. Студенттердің басым көпшілігі республика өңірлерінен келіп оқитындықтан, жатақхана мәселесі әлі күнге өзекті болып отыр. Қазіргі кезде осы мәселені шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз.

– Оқу орнын бітірген түлектермен байланыс қаншалықты жолға қойыл­ған?

– Бүгінде қара шаңырақтан білім алған түлектерді тек мақтанышпен ғана айта аламыз әрі арадағы тығыз байланыс еш­қашан да үзілмеген. Олардың қата­рында Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, «Kaspi.kz» АҚ директорлар кеңес­інің төрағасы В.Ким, тағы басқалар бар. Сонымен бірге М.Аман­таева, Б.Иген­баева, К.Ораз­бекова сынды педагогика саласы үздіктерінің еңбегі орасан. Жас­тар ара­сын­да Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы қоғамдық бірлестігінің прези­денті, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Р.Кен­жеханұлы, «Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығының басқарма төрағасы Қ.Жұмағали және Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері осы оқу ордасынан түлеп ұшқан.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»