Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2023

Үздік тәжірибе орталығы

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Медицина саласындағы мүмкіндіктерді ауыл тұр­­ғындары да пайдала­нуы керек. Заманауи қон­дырғылар үлкен қала­да ғана емес, аудан орта­лық­та­рында, не болмаса шал­ғай елді мекендерде қол­жетімді болса игі. Қа­зір өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Осы орайда Көк­су аудандық орталық ауруханасында алғашқы медициналық әлеуметтік көмектің «Үздік тәжірибе орталығы» ашылды. Бұл шипа іздеген тұрғындарға сенім сыйлайды.

Үздік тәжірибе орталығы

Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында ондаған мың халық тұрады. Маңайдағы ауылдарда аса алыс емес. Көбі­не халық орталыққа келіп емделгенді жөн санайды. Осы ретте халықаралық стандартқа сәйкес аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында ашылған орталықтың халыққа тигізер пайдасы зор.

арасына

Іс-шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Шал­қыбеков мұндай үздік тәжі­рибелік орталықтардың маңы­зы зор екенін айтып, аудан жұртшылығын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.

«Біз халыққа қызмет етіп қана қоймай, денсаулық сақ­тау саласындағы білімін де арт­­тыруымыз керек. Аудан тұр­­ғындарының дені сау болуы үшін ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк ауыр. Мұндай орталықтар бізде көп болуы керек. Осы бағыттағы жұ­мыстар одан әрі жалғасын табады. Ең бастысы, ауырмай­тын жол іздеп, саламатты қа­зақ санын арттырайық», деді Е.Шал­қыбеков.

«Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үздік әдістемесі бо­йынша іске асырылып жатқанын айтып, аудан жұртшылығын құт­тықтап, дәрігерлер жұмысына сәттілік тіледі.

«Қаладағы айтулы емха­налардың ауылдық жердегі ауруханалардан айырмашылығы болмауы керек. Біз қазір сырт­та­ғы білікті мамандарға ұсыныс тастап, ісіне адал жастарды жұ­­­­мысқа алдық. Емханамызда за­­ман талабына сай түрлі дерт­ті анықтайтын құрылғылар бар. Қазір халыққа шама-шар­­­қы­­мызша көмек көрсетіп жатыр­­­­мыз. Жақында Ұлттық аккре­дит­тің бірінші санатын алдық. Жаңа ашылған орталық халыққа да, ақ халатты абзал жандарға да жаңа мүмкіндік сыйлайды», дейді аурухана басшысы Жаннұр Сырымов.

«Үздік тәжірибе орталығы» ашылғалы емхана құрылымына көптеген оң өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, емханада өзі­не-өзі қызмет көрсету бұры­шы, халық кеңесі, тренинг орта­лықтары, патронаждық қыз­меттің әмбебап-прогрессивті модель бөлмесі, денсаулық мек­тептері және отбасылық медицинаның жаңа моде­лі өз жұмысын жүйелі жүргі­зіп келеді. Орталық жұмысы­ның нәтижесінде жаңа медици­налық-әлеуметтік көмектің қол­жетімділігі мен сапасы жақ­сармақ. Сонымен қатар аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануын арттыруға зор ықпал етеді.

Іс-шара соңында жиналған көпшілік орталықтың жұмы­сымен танысып, арнайы ашыл­ған кабинеттерді аралап, дә­рігерлер жұмысымен таныс­ты.