Саясат • 05 Желтоқсан, 2023

Ортақ шешім мен тиімді тәсіл

154 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Орталық Азия елдері әйелдер диалогінің халықаралық конференциясы өтті. Алқалы жиынға «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбы арқау болды. Биыл Орталық Азия әйелдері диалогіне Қазақстан төрағалық етті. Осы орайда Пар­ламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов шетел­дік меймандарға диалог аясындағы белсенділігі үшін алғысын білдірді.

Ортақ шешім мен тиімді тәсіл

Талқылауға Қазақстан және Өзбекстан парламенттерінің спи­керлері, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және от­басы­лық-демографиялық сая­сат жө­ніндегі ұлттық комис­сия­ның мүшелері, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түрікмен­стан парламентшілері, мемле­кет­тік органдардың басшылары, үкі­меттік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Мәжіліс спикері Ерлан Қо­шанов еліміздің Орталық Азия елдері әйелдерінің диало­гіне 2023 жылғы төрағалығын қорытындылай келе, осы уақыт ішінд­е инновациялар мен техно­ло­гия­ларды, жаһандық ас­пек­ті­дегі бейбітшілік пен қауіп­сіздікті дамыту, климаттың өз­геруі, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте әйелдер мен жастардың рөлі сияқты өзекті мәселелер көтерілгенін атап өтті.

– Қазақстан адам құқық­тары, әйелдер құқығы, гендерлік тең­дік және басқа да көптеген халық­аралық конвенцияны рати­фикациялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен биыл тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін жауап­кер­шілік күшейтілді. Біз өті­ніш беру тәртібінен анықтау тәр­тібіне көштік. Бүгінде заң шыға­рушы ретінде жұмысты тереңдете түстік. Депутаттар осы саладағы заңнамалық түзету­лердің жаңа пакетін әзір­леуге кірісті. Ең әуелі біз тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселеде идеологиялық жұмысты дұрыс жүргізу қажет. Отбасындағы ерлердің толық үстемдігі туралы бұрмаланған идея өткеннің еншісінде қалуы керек. Мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақтың санасына дұрыс құндылықтарды сіңі­ру қажет. Халық арасында құ­қықтық мәдениет қалып­тас­тырып, тұрмыстық ванда­лизм­нің кез келген түріне төзбеу­шілік танытқан жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, әділдікті және заң үстемдігін қатаң ұста­ну­ға тиіспіз, – деді спикер.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева биылғы конференцияның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы бел­сен­діліктің 16 күні» аясында өтіп жатқанын, бұл Орталық Азия­да зорлық-зомбылықтың кез кел­ген түрінен азат аумақ құруғ­а деген ұмтылысты айқын көрсе­тетінін айтты. Ізінше Өзбек­стан Республикасы Олий Мәжі­лісі Сенатының төр­ағасы Тан­зила Нар­баеваға сөз берді. Ол өз ке­зе­гінде гендер­лік зор­лық-зом­бы­лық­пен күрес­тегі өзбек­стандық тәжі­рибе­мен бөліс­ті. Биыл онда әкімші­лік және қыл­­мыстық жауап­кер­шілік күшей­тіліп, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық сала­сындағы заңнама қайта қаралған.

– Біз Орталық Азия көшбас­шылары әйелдері диалогін 2020 жылы құрған болатынбыз. Осы уақыттан бері диалог барысында тәжірибе алмасып келеміз. Бірінші кезекте заң шығару аясында. Шынында да, қазіргі кезде ең маңыздысы – гендерлік теңдік аясында құқықтық негіз құру. Біз нормативтік-құ­қық­тық негізді жақсартып, әйел­деріміздің дамуына жағдай жасап жатырмыз. Өзбекстан­да гендерлік теңдік бойынша құ­ры­лым жұмыс істейді. Оның жұмысына диалогте қарастырылатын мәселелер енгі­зіледі. Біз өзіміздің ұлт­тық Өзбекстан көшбасшы әйел­дерінің диалогін құрдық. Оның аясында өзекті мәселелерді қарас­ты­рамыз. Әйелдердің заңды мүдделерін күшейту, олар­дың қоғамдағы және мемле­кет­тік тұрғыдағы рөлін күшей­ту бойынша жұмыс істейміз. Бірқатар нормативтік-құқық­тық акті қабылданды. Олар әйел­дердің мүдделерін қорғау­ға бағытталған. Қазақстан ген­дерлік теңдік бағытында Орта­лық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіре алды. Әйелдер мәселесіне қатысты заң жобаларына, үкіметтік шешімдер­ге Парламент тарапынан бақы­­­лау болды. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың да ықпалын арттыру қажет, – деді Танзила Нарбаева.

Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасының орынбасары Жәмиля Исаева Орталық Азиядағы гендерлік зорлық-зомбылықты заңнамалық дең­гейде қылмыс деп таныған бірінші ел Қырғызстан екенін атап өтті. Ал жиынға қатысушы депу­таттар Қазақстанда зор­лық-зомблықпен күрес жүргізу барысында қандай бастамалар көтеріп жатқанын баяндады.

– Қыркүйек айында Мемле­кет басшысы отбасылық зор­лық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуге тапсырма берген болатын. Мен «Аmanat» фрак­циясының депутатымын. Біздер осы бағытта заң жоба­сын әзірлеп, Үкіметке жолда­дық. Бұл құжаттан оң қоры­тын­ды күтіп отырмыз, – деді Мәжі­ліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Форум соңында делегаттар Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогі конференциясына қатысушылардың «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл: тиімді және орнықты бірлескен шешімдер іздеу» мәлімдемесін қабылдады. Диалог мүшелері өз мәлімдемесінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық­тың кез келген түрін айыптайды және әйелдерді қорғау мен қолдаудың тиімді заңнамалық және құқықтық тетіктерін құру­ды қолдайды.

Еліміздің 2023 жылғы Орта­лық Азия елдерінің әйелдер диа­­ло­гіндегі төрағалығы тұ­сын­да бірқатар іс-шара өтті. Дания Еспаева осы өңірлік алаң­ды институционалдық тұр­ғы­­дан нығайту бойынша ауқым­­ды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Мәселен, биыл мау­сым айын­да Астанада өткен «Ин­но­ва­­циялар мен технология­лар­ды да­мы­тудағы әйелдер­дің рөлі» кон­фе­ренциясын­да әйел­­дер­дің инновациялық жо­ба­­ла­ры мен жаңа техно­ло­гия­­лары таныстырылған. «TechnoWomen Орталық Азия» әйел­дер қауымдастығын құру бас­тама­сы қолдау тауып, нәти­жесінде Теңдік ұрпағы форумы аясында Қазақстан «Гендерлік теңдікке арналған технология­лар мен инновациялар» іс-әрекет коалициясына қосылды.

Бұған қоса қазан айында Алма­тыда азаматтық қоғам­ның, бел­сенділердің және ха­лық­аралық сарапшылардың қаты­суымен өткен «Әйелдер, бейбіт­шілік және қауіпсіздік» халық­аралық конференциясын­да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарар­ларының қағидаттарын іске асыру мәселелері талқы­лан­ды. Диалог мүшелері мен Орталық Азия елдерінің азаматтық қоғам өкілдерінің Еуропарламент құрылымдарының жұмысымен танысу үшін 2023 жылғы қарашадағы Брюссельге сапары жоғары бағаланды.

Айта кетейік, Орталық Азия ел­дерінің әйелдер диалогі ай­мақ­тағы әйелдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң болып саналады. Бұл «БҰҰ-әйелдер» ұйымының, БҰҰ Орталық Азиядағы пре­вен­тивті дипломатия жөнін­дегі өңірлік орталығының (UNRCCA) және БҰҰ Даму бағ­дар­ламасының (БҰҰДБ) қол­дауы­мен құрылды. Диалог 2020 жылдың желтоқсанында ба­ста­лған. Диалогке 2021 жылы Өз­бек­стан және 2022 жылы Түрік­менстан төрағалық етті. Ал биыл Орталық Азия әйелдері диалогына Қырғызстан төраға­лық етеді.