Шаруашылық • 04 Желтоқсан, 2023

Мәселесі көп маңызды сала

147 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Агроөндірістік кешен – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарындағы маңызды саланың бірі. Өйткені келешегі зор, экспорттық әлеуеті мол бұл саланың елімізге берері көп. Агроөндірістік сектор мықты болуы үшін, ең алдымен, отандық ғылым мен мамандар мықты болуы керек.

Мәселесі көп маңызды сала

Ғылыми жаңалықтарды енгізу жағынан еліміз әлемдік көштен қалып келе жатыр. Елімізде 3 арна­йы аграрлық университет, 34 ғы­лы­ми-зерттеу институты мен орта­л­ық, тәжірибелік станса бар. Бұл салада 2,5 мыңдай ғалым жұ­мыс істейді. Бірақ осының бар­лығы көп пайда беріп отыр деп айту қиын. Шаруаларға керек­тінің көбін шетелден аламыз. Би­дай тұқымын, минералды тыңайт­қыштарды, техниканы сырттан тасимыз. Жердің құнарлылығын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз.

Мал шаруашылығында да дәл осындай мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Инновациялық тех­но­логияның бәрі шетелден әкелінеді. «Сонда отандық аграр­лық ғылым немен айналысып отыр?» деген орынды сұрақ туындайды. Кейінгі 20 жылдан бері бітпей келе жатқан реформалар ғана бар.

Тоғыз жыл бұрын барлық ғылыми институт пен оқу орнын біріктіретін Ұлттық аграрлық ғылыми орталық құрылды. Бірақ бұл орталыққа басшы да шақ келмеді, зерттеу институттары да анда-мында көшумен жүр. Бұл реформа емес, бұл – имитация.

Әрине, аграрлық ғылым құлды­­рау үстінде деп айтудан аулақ­­­пыз. Ізденіп, жаңалық ашып жат­­қан ғалымдар бар. Бірақ сол ғы­лыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қа­лып, өндіріске енгізіл­мей жатыр. Кейбір техника мен тех­но­ло­гия­ны басқа елден алып келу­ге қарсы емеспіз. Мүмкін, бұл тиім­ді де болар. Бірақ жердің құнар­лылығын арттыру, тұқым мен орга­ни­калық тыңайтқыштарды өн­діру, өз жағдайымызға бейім­дел­­ген шаруашылықты дамыту, оның өнім­ділігін көбейту, әлемге ұлт­тық өнімдерді шығару – тек өз міндеті­міз, отандық ғылымның міндеті.

Неге осы күрделі мәселелерді шеше алмай келеміз? Мемлекет бас­шысының Агротехно­логия­лық хаб ашу туралы тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Біріншіден, ауыл шаруашы­лы­ғы­ның дамуы тек ғылым­ға байла­нысты емес, бұл сала білікті кадрларға да тәуелді. Ста­тис­тикаға сүйенсек, аграр­лық университеттерді бітірген түлек­тердің 80 пайызы маман­дығы бойынша жұмысқа орналасқан. Егер бұл дерек шын болса, онда неге ауылдық жерде агрономдар, зоотехниктер, технологтер жетіспейді? Ал ветеринарлардың орта жасы 60 жас екен. Сонда өңірлерге барып жатқан жас мамандар қайда? Жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7,5 мың маман бітіріп шығады. Бірақ неге ауылдарда механизатор, малшы, бау-бақша мамандары, техниктер тапшы? Заң шығарушы билік ретінде қай жағынан үлес қоса аламыз? Қандай заң­дарды қабылдай аламыз? Осы мәсе­лелер төңірегінде нақ­ты әңгіме жүр­гізіліп, нақты істер қолға алы­нуы қажет. 

Ғылым – қай салада болсын үлкен қозғаушы күш. Мемлекет басшысының Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріп отырғаны да жайдан-жай емес. Негізі агроөндірісті дамытуға әлеуетіміз зор. Атқаратын шаруа да көп, ашатын жаңалық та аз емес.

Тек органикалық таза өнім­ді экспорттаудың өзі біздің кәсіпкер­лерге біраз пайда әкелер еді. Кең-байтақ жеріміз мал өсіру­ге өте ыңғайлы. Әсіресе жылқы, түйе өнімдерін терең өңдеп, олардың еті, қымызы, шұбатынан көп нәрсе, тіпті медициналық препараттар шығаруға болады.

Мәселен, бір тонна астық 100 мың теңге деп есептесек, сол бір тоннаны жай өңдесек, 150 мың тұратын ұн аламыз. Ал 1 тонна астықты тереңірек өңдесек, одан сироп, лизин, крахмал шығады екен. Құны – 600 мың теңге. Біз осы 600 мыңның орнына 100 мың, әрі кетсе 150 мың алып жүр­міз. Бүкіл пайданы маңдай тер­мен өсірген диқандар емес, егістік жері жоқ, далада жұмыс істемеген елдер көріп отыр.

Тағы бір мәселе. Елімізде былтыр 50 мың тоннадай жүн мен тері шыққан. Бірақ соның тек 15 па­йызы ғана өңдеуге кеткен. Қалғаны иттерге жем болған, не қоқысқа тасталған. Бұл жерде ең бірінші сын – біздің ғылымымызға айтылатын сын. Жапондықтар ХІХ ғасырда әр дақылдың мықты мамандарын жинап, оларға ел аралатып, бүкіл халықты бау-бақша, мал мен құсты өсіруді үйреткен. Сөй­тіп, кәсіпкерлік те дамыған, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де шешілген.

Бүгінде аграрлық ғылымның мәселесі көп. Ғылыми-техника­лық жетістіктердің тек 8 па­йы­зы өндіріске енгізіліп жатыр. Табиғаты ұқсас Канадада өсімдік өсірудің өнімділігі бізден 14 есе көп. Тіпті көршілерден де қалып келеміз. Осындай жағдайды көргеннен кейін инвесторлар да өз ақшаларын ауылға салуға аса мүдделі емес.

Бұдан басты 3 мәселені бө­ліп көрсетуге болады. Бірін­ші­­ден, аграр­лық ғылымды бас­қару жүйе­­сі­нің кемшіліктері. Екін­ші­ден, қаржының жетіспеуі. Үшін­ші­ден, бюрократияның кесірінен бюд­жеттен бөлінген қаржы мен гранттың дер кезінде берілмеуі.

Аграрлық ғылымды бас­қару жүйесі қаншалықты тиімді құ­­рыл­ған? Еліміздің аумағы үлкен, сондай-ақ әр өңірдің жағ­да­йы әртүрлі. Ал оларға қаржы бөлу­ді орталыққа байлап қойдық. Жетісу­да қызылша, Түркістанда мақта, Маң­ғыстауда түйе өсіру­дің қыр-сырын астаналық немесе ал­ма­тылық мамандар қайдан білсін? Сондықтан нақты проблемаларды әр өңірдің өзінде талқылаған дұрыс. Мысалы, түйе өсіруді – Маңғыстауда, күріш, қауын-қарбыз егуді – Қызыл­орда­да, ірі қара мал, картоп пен бидайды – Қоста­найда, жыл­қы өсіруді, қант қызыл­шасын егуді – Жетісуда, күн­бағыс егуді – Солтүстік Қазақ­станда, қой өсіру­ді, бау-бақша егуді Түркіс­тан­да жан-жақ­ты қарастыру маңыз­ды. Мұн­дағы басты мақсат – сол кәсіп көз­дерін тереңірек біліп, қажет­ті көмек көрсету.

Біз сияқты территориясы үлкен АҚШ, Канада, Бразилия аграр­лық ғылым орталықтарын гео­графиялық қағидатпен орна­ластырған. Қазір Бразилия тек өзін емес, біраз елді азық­­­пен қам­тамасыз етеді. Бұл же­тіс­тікке олар «Эмбрапа» деген мем­лекеттік ғылыми компа­ния­­ның арқасында жеткен. Мы­салы, Қызылордада күрішпен айналысатын біраз құрылым бар – зерттеу институты, Қорқыт Ата университеті, колледждер, тәжірибелі шаруашылықтар. Олардың бағынатын органдары әртүрлі, бюджеттері де бөлек. Әрбірі өз бетінше, өз мақсатымен. Кә­сіп­керлерді айтпағанда, бәрі­нің ба­сын біріктіретін бір орган жоқ. Сол себепті болар, Сыр өңі­рінде кейінгі 10 жылда ө­нді­ріске толыққанды енген бірде-бір жаңа күріш сорты шықпаған. Кәсіпкерлер тұқымды Краснодарға барып, сол жақтан қымбатқа сатып алып келуге мәжбүр.

Ал өз ерекшелігі бар Бразилия­да консорциум құрылған. Оған сол өңірдің жағдайын жақсы біле­тін заңды тұлғалар кіреді. Кон­сорциумға бюджет бөлінеді. Осылайша, консорциум мүшелері өңірдің нақты проблемасын шешуге, кластер құруға бар күш-жігерін жұмсайды. Елімізде де ғылым­ды басқару жүйесін дұрыс жолға қою керек. Әрине, менеджерлерге де көп нәрсе байланысты. Олар қызметтеріне қаншалықты сай? Осы сұраққа тиісті министрлік жіті қараса деген тілек бар.

Екінші мәселе қаржыға қатыс­ты туындап отыр. Көрші елдер­де республика бюджетінің кемінде 3 пайызы аграрлық ғылым­ға жұм­­салады. Рас, қара­жатсыз еш­теңе шешілмейді. Ауыл шаруа­шылығына қанша ақша бөлсек те, көп өнімді шетелден алып жатырмыз. 

Ерекше тоқтала кететін тағы бір мәселе – қаржы мен ғылы­ми грант­тарды уақтылы, дер кезінде бөлу­дегі бюрократия мәсе­лесі. Бұл – тіке­лей мемлекеттік орган­дар­дың кем­шілігі. Бұл мәселені министрлік өзі рет­теп, бір жүйеге келтіруі керек.

Кадрларды даярлау ісіне келсек. Біріншіден, аграрлық оқу орындарына ақша аз бөліне­ді. Құрал-жабдықтар мен инфра­құрылым жаңартылмайды. Оқыту­шылар мен ғылыми қызметкер­лер жетіспейді. Екіншіден, оқу бағ­дарламалары қазіргі заманға сай деп айту қиын. Жыл сайын агрооқу орындарын мыңдаған түлек бітіреді. Бірақ олардың көбі бәсекеге қабілетті емес. Еңбек нарығында оларға сұраныс аз. Үшіншіден, агромамандықтар жастар үшін тартымды емес. Оқу орнын бітіргендер ауылға бармайды. Барса да тек уақытша тіркеліп, диплом алу үшін ғана барады. Мықты кадрлар, әсіресе ғалымдардың елден кетуі де үлкен проблема. Жалпы, кадрлардың аздығынан аграрлық жүйедегі көптеген жақсы позициямызды жоғалта бастадық.

Кейбір көршілес елдер: «Сіз­дер­де креатив көп. Не істеу кере­гін жақсы білесіздер. Бірақ соны аяғына дейін жеткізе алмай­сыз­дар. Біз сіздерден дайын идея­лар­ды алып, өзімізге жарата­мыз», деп айтып жатады. Біздің осал жеріміздің бірі – осы. Сон­дықтан Парламент, Үкімет, ғы­лыми о­р­та­лықтар күш бірік­тіріп, бірге қи­мыл­дауы қажет.

 

Жақып АСАНОВ,

Сенат төрағасының орынбасары