Ол небәрі 48 жыл ғұмыр кешті… Бір адамға, бір әулетке емес, тұтас бір ұлтқа қызмет қылудан мұрат тұтты. Ыбырай бала күнінен зерек болып өсіп, орысша сауат ашқан соң, өз ұлтының қараңғылық қойнауында қалғып жатқанын жете түсінді. Иә, ол бәрінің өзі түсінгенді жіті аңғарғанын қалады. Әр баланы пайғамбарлар секілді түнектен жарыққа, іріп-шіруден кемелдікке, бейшаралықтан Құдайға жетелеуді көздеді. Оның қолында тек мол білімі мен ат төбеліндей ғана халқы бар еді. Үздіксіз талпыну барысында дегеніне жеткен ағартушы 1860 жылы Торғайда мектеп ашып, өзі орыс тілінің мұғалімі болды. Бірақ жергілікті өкімет ұстаздық еңбекке қолұшын беруге асықпады. Бәлкім, алғыр таланттың дәті берік дүлей қарқынынан бой тартты. Мүмкін оянған сананың дауылынан сескенді. Ақыры басқадан қайыр күтудің бекер екенін білген ағартушы тынбай қаржы жинауға кірісті. Еңбек етті, тер төкті. Инемен құдық қазғандай арпалысқа толы маңдай тер өтеліп, 1864 жылы араға 4 жыл салып қазақ атты халыққа Торғай даласынан алғаш мектеп ашты. «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», деп жазады ол. Далаға дабыл қаққан ұстаз шәкірттерін үздіксіз оқытып, әлемді тануға жол ашты. 1879 жылы ағартушы Торғай облысы бойынша орыс-қазақ училищелерінің инспекторы болып тағайындалып, ойға алған істерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Инспекторлық беделді жұмыс саналатын. Осы тұста Алтынсарин не істеді дейсіз ғой. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әулиекөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектептің салынуына мұрындық болды. 1882 жылы барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізіп, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты. Қазақ балаларын біліммен сусындататып қана қоймай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебінің тұсауын кесті. Мұнымен қатар қазақ қыздарының тек отбасылық өмірмен шектелмей, жүйелі білім алуына баса көңіл бөліп, 1887 жылдың 15 қарашасында Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалады. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп-интернат ашса, 1879 жылы қазақ баласын ілім-білім алуға үндеген мектептерге арнап алғашқы ұлттық оқулық – «Қазақ хрестоматиясын» басып шығарды.
Өзі үшін байлық жиып, қырдың қырғауылын қумаған дегдар тұлға жалғыз жолға табан тіреді. Ол – бодандық етігінің өкшесінде езгіленген қараңғы халқының көзін ашу, теңдікке жеткізу, рух азаттығына үндеу болатын. Бүгінгі таңда ұлтқа дәл осылай жаны ашитын ерлер бар ма? Бар, бірақ аз. Егер әрбір атқа мінген қазақ ұлтына дәл Ыбырайдай еңбек сіңірсе, ұлтымыз әлдеқашан өсіп-өркендеп, түйдектелген мәселелердің қарасы кемір еді-ау. Шөмішке қолы жетсе-ақ, мұрнын шүйіріп, жеке басына жекен суын бұруды қалайтын көркеуде пенделерден халық қаншама залал көріп отыр десеңші.
…Алып жүректі ақыл алыбының алдынан шыққан тосқауылдар аз болмады. 1883 жылы дүмше молдаларға қарсы майдан ашып, ұлттық діннің мәйегін қалаған «Мұсылмандық тұтқасы» атты кітабы жарық көрді. Ақыры еліне мектеп ашып, жас ұрпақты білім тереңіне жетелеуге жанын салған, әділетсіздікпен өле-өлгенше күресіп өткен ақынды ақ пен қараның парқын білмес надан топ пен дүмше молдалар аяусыз тілдеп, «шоқынған қазақ, орысшыл» деген қауесеттер таратты. Әріптесі Катаринскийге жазған хатында Алтынсариннің нәзік жанына айды алақанмен жабуға ұмтылған көптің жүйесіз ісі тікендей қадалып, едәуір жара салғаны байқалады.
«Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен де мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады? Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді», дейді ол.
Тобыр мен жалғыздың әу бастан қарама-қарсы келетіні несі екен? Адамдық мұрат пен ұлттық мұратқа табан тірей алмаған түбірсіз қаңбаққа ердің ісі ерсі көрінері қалай? Бірақ бұған бор болар Ыбырай емес еді. Ол өмірге келгендегі миссиясын атқарып, ойға алғанын орындай білді. Ағартушының артын ала қазақ баласының білімге деген талабы өрттей қаулап, сауатты жастар артты. Оқыған қазақтар ел іргесіне шам жағып, тұтас ұлттың санасы сілкінуіне себепкер болды. Алғадай мұратты серкенің бір өзі бүтін ұлттың тағдырына Пегас секілді от тасығанын жүрек тілі, жанның қылымен сезіне білсек керек. Ыбырай парасаты – мұхиттай терең, дауылды күнгі теңіздей бұрқасын, толқыған күйдей жұмбақ та зәулім парасат.