Қоғам • 05 Желтоқсан, 2023

Әдеби Баян-Өлгей

266 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында Халықаралық ақындар айты­сы­­ өтті. Айтыс ақыны, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлының 70 жыл­дық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Қытай және Моңғолия елдерінен барлығы 22 айтыс­кер ақын қатысты.

Әдеби Баян-Өлгей

Аламан айтысқа Баян-Өлгейдің тұрғындары мен қонақтары ерекше ықылас білдіріп, екі күн бойы театрдың түндігі желпілдеп тұр­ды. Адам өте көп жиналды. Бұл айтысты өткізуге Мұраттың зайы­бы­ Шайзада мен ұлдары Әмір мен Ғалымбек тікелей атсалыс­ты. Іс-шараның барлық шығы­нын өздері көтеріп алды. Сөз сайы­сының тізгінін белгілі айтыскер ақын Жарқын Жұпарған ұстады. Аймақтық хұралдың төрағасы Қабыл Шәріп айтыс­керлерге сәттілік тіледі. Аймақ әкімі Кәмилят Ақмедиұлының құт­тық­тауы оқылды. Айтыс арда­­гері Қабдыжәлел ақындарға ар­нау өлеңімен шашу шашты. Қа­зы­­лар алқасының құрамында Дәулет­керей Кәпұлы (төраға), мен, Мәшүр Құдысұлы, Шынай Рахметұлы, Зарқұм Баймергенұлы, Съезд Абайқызы, Бақытхан Қаңтар­бай­ұлы, Құрманай Байжұмаұлы, Тәу­кей Тәйіп болды.

Сахна шымылдығы «Ел көш­­кенде» әнімен (сөзі Мұрат Пұ­ша­тайұлынікі, әні Бержан Фай­зул­ланікі) ашылды. Бұл ән сонау 90-жылдары шығып, әлемді шарлап кетті. Атажұртқа бетбұрған, туған жерімен қимай қоштасқан, ақ тілеу мен сағы­нышқа, аңсау мен мұңға толы, алабұртқан көңіл күйдің нәзік пернелерін басатын тағдырлы ән. «Керей, уақ, найманым, // Сүт бетінде қаймағым, // Кімге тастап барасың // Баян-Өлгей аймағын?!.» деп бір толқытса, «Көшуге бел байлаған, // Көліктерін сайлаған, // Ағайынға ақ сапар // Ұрпақ қамын ойлаған!» деп екі жұбатады. «Қия алмайсың, қимайсың сүйікті елді, // Мөлдір бұлақ, қарлы тау, биіктерді. //Неге ғана мен ылғи көше беремін //, Көше беру еншіме тиіп пе еді?!» деп және шер қозғайды. Бұдан басқа Мұрат ақынның өлеңіне жазылған «Ақ сапар», «Толғау», «Жаңа ауылым» т.б. әндер бар.

Мұрат осы Баян-Өлгей айма­ғы­ның тумасы еді. Осыдан тура 50 жыл бұрын (1973) ҚазМУ-дың филология факультетіне Моңғолиядан бір жігіт (Мұрат) және бес қыз (Ботагөз, Ғибадет, Күнішай, Аралхан, Дәметкен) келіп оқуға түсті. Мұратпен бес жыл бірге жүрдік. Сырлас дос болдық. Сиясы кеппеген өлеңдерімізді жарыса оқыдық, тұсауын кестік. Ол оқуын бітіріп, еліне қайтарда Торғайдың аруы Шайзадаға үйленетін болды. Шекара жабық кез. Туыстарынан ешкім келе алмады. Қыздың әке-шешесінен рұқсат алу үшін бас құда әрі күйеу жолдас болып мен, қыз жолдасы болып Ботагөз Арқалыққа барған едік. Туыстары үш күн бойы келіссөзге келген мені қабылдамай, сөйлеспей қойды. Қыз шекара асып кетпекші... «Бұдан соң көреміз бе, көрмейміз бе?» деп қатты толқыды. Заман ол кезде басқа еді ғой. Әзер дегенде келісімдерін берді. Зымыраған уақыт-ай десеңші! Бәрі күні кеше болған сияқты... Тұңғышымның атын Мұрат деп қойдым, ол Әділ деп атады... Одан соң олардың отбасында Әмір, Ғалымбек және Ақбота атты қыз дүниеге келген.

1995 жылы Абайдың 150 жыл­­дық мерейтойын Бай өлке қазақ­та­ры кеңінен атап өтті. Қазақ­станнан Қалдарбек Найманбаев бастаған бір топ ақын-жазушы бар­ғанбыз. Ортамызда Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молда­ғалиев, Уақап Қыдырханов, Серік Тұрғынбекұлы, Бақыт Сар­ба­ла­ұлы, Нағашыбек Қапал­бекұлы, Тұрсынжан Шапай, Гүлнәр Салықбаева, Ботагөз Уат­қан бар. Сол тұста Мұрат Пұша­тай­ұлы Аймақтық хұралдың төр­ағ­асы, қазіргі Халықтық пар­тия­ның бірінші хатшысы еді. Елдің қоғамдық-саяси өміріне бел­сене араласқан Мұрат шығар­ма­шылықпен айналысуға уақытын аз бөлді. «Студент дәптері» атты тұңғыш кітабынан кейін «Ел көшкенде» атты өлеңдер жинағы өзі өмірден өткеннен кейін (45 жыл ғана ғұмыр кешті) 2016 жылы ғана Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрді. Кітапқа алғы сөз жаздым. Құрастырған Б.Уатқан. Мұрат досым туралы «Қамал бұзар қалпында көрем» атты естелік мақалам «Түркістан» газетінде (2014), «Мұрат Пұша­тайұлы» атты зерттеу мақалам «Шетелдердегі қазақ әдебиеті» деп аталған ұжымдық монографияда (Алматы, 2014), өзімнің 10 томдық шығармалар жинағымның 7-томында жарияланды.

Сөз сайысы аса тартысты әрі тартымды, қызықты өтті. Айтыс Мұрат Пұшатайұлына арнал­ған­дықтан, айтыс­керлер оның елге, жерге деген махаббатын, қоғам­дағы атқарған қызметін, өлеңдегі өрнектерін тілге тиек ете отырып, қайраткер тұлғасына тағзым жаса­ды. Қазақ сөз өнерінің барлық бояуы­ ашылатын айтыс жоғары дәрежеде өрістеп, тыңдармандарына рухани ләззат сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Мөлдір Айтбайға (Қазақстан) бұйырды. 1-орын екеу: Ақтілеу Кең­ші­лікұлы (Баян-Өлгей) және Жәми­ға Дәулетқызы (Қытай Халық Республикасы), 2-орын екеу: Іңкәрбек Әділханұлы (Баян-Өлгей) және Шұғайып Сезімхан (Қазақ­стан), 3-орын екеу: Нұрайым Бақ­тияр­қызы (Қырғызстан) және Қанат­бек Зәйтоллаұлы (Қытай Халық Республикасы) жүлдегер деп та­нылды. Барлық айтысқа қатыс­қан ақындар сый-сияпат алды.

Ал енді кейінгі кезде айтыс өнеріне қатыс­ты кейбір кереғар пікірлер де есті­­ліп қалады, оқып та жүрміз. «Д­а­йын­далып келіп айтысады», «Жат­тап алғандарын айтып, жұртты жалық­ты­рады», «Келісіп алып айтысады» деген сияқты... Халық нағыз суырып салма айтыстың тамаша үлгілеріне куә болып жүрсе де мұндай пікірлердің орын алуына не себеп? Айтыс шынымен арзан­дап барады ма? Айтыс ақындары жүлде үшін, бәйге үшін арзан сайысты­ машыққа айналдыра бастады ма? Бұл үлкен сауал! Бірақ біз куә болған Баян-Өлгейдегі халықаралық айтыста «Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында» жатып айтыс өнерінің тамаша үлгісін көрсеткен шопан Ақтілеу Кеңшілікұлының, сөз өнерінің сиқырына аса сезім­тал Шұғайып Сезімханның, қар­сы­­ласының әр қадамын ойлы шу­мақ­тар­мен орап отыратын Қанатбек Зәй­­­тол­­­­лаұлының, тағы да басқа айтыс­кер­­лердің өнеріне халық ерекше риза бол­­ды, тәнті болды. Біз соған куә-дүр­міз. «Айтыс – сөз барымтасы» деген екен Мұхтар Әуезов. Сөз барымта бол­са, оның сөз қарымтасы да болады ғой. Ай­тыс­тың табиғаты сонда ашыла түс­пек.

Осы іс-шара аясында бірнеше азаматқа «Баян-Өлгей аймағының құр­метті азаматы» атағы берілді. Олар­дың қатарында Мәшүр Құды­сұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Жар­қын Жұпархан және мен бармын.

Моңғолияның Баян-Өлгей қала­­­сындағы Ахтан Бәбиұлы атын­­дағы кітапханада менің сыр-сұхбат кешім өтті. Кеште курстас досым, ақын, қоғам қайрат­кері Мұрат Пұшатайұлының өмірі мен шығармашылығына тоқ­талып, естеліктеріммен бөліс­тім. Өлеңдерімді оқыдым және қатысу­шы­лардың көптеген сұрақтарына жауап бердім. Кешке Моңғолияның Халық жазушысы Шынай Рахмет­ұлы, Монғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері Зар­құм Бай­мергенұлы, «Баян-Өлгей айма­­ғының Құрметті азаматы» Мәшүр Құдысұлы, жұбайы Рая, Мұраттың жары Шайзада Сақтағанова, Әмір Мұратұлы, Ғалымбек Мұратұлы, Алматыдағы «Мазмұндама» баспасының редакторы, зайыбым Гүлнәр Құдабаева, Моңғолия білім саласының озат қызметкері, ақын, жазушы Съезд Абайқызы, кітапхана меңгерушісі Алтынкүл Дәлелқызы, Мұрат Пұшатайұлының дос-жарандары, №6 балабақшаның тәрбиешілері, кітап­хана оқырмандары қатысты.

Мұраттың соңында қалған «Тірші­лік» базарына ұлдары Әмір мен Ғалым­бек жаңа тыныс беруге ұмтылып отырғаны да қуантады. Ескі базардың орнына қазіргі талапқа сай үлкен сауда орталығының ғимараты бой түзеп келеді екен. Қазақ «Орнын­да бар оңалар» деген. Жеке байлығын еселеуді ғана місе тұтпай, халықтың рухани байлы­ғын дамытуға да жұмсап отырған жас кәсіпкерлерге халық дән риза. Біз бұған да куә болып қайттық.

Осы сапарда мен «Үш дос туралы элегия (Біржан, Мұрат, Тілеухан)» атты балладамды жиі оқыдым. Онда: «Жастық шақта жолықты Мұрат ақын, // «Гүлдариға» – әні еді ұнататын. // Домбыраға қосылып қоңырлатса, // Тыңдағанды еріксіз жылататын. // Бай Өлкенің қазағы, керей еді, // Бедел еді ортада, мерей еді, // Бес жыл бойы жұбымыз жазылмады, // Болжайтынбыз: жолымыз кеңейеді... // ...Оны да ерте тағдыры сынаған-ды, // Алтай тауда жүрегі тына қалды, // Композитор Файзулла екеуінен // «Ел көшкенде» дейтін ән – мұра қалды!» деген шумақтар бар. Айтпақшы, Мұраттың бір немересінің атын «Гүлдариға» деп қойыпты...

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ

 

АЛМАТЫ – ҰЛАНБАТЫР –
БАЯН-ӨЛГЕЙ – АЛМАТЫ