Бүгінгі қазақ қоғамын алаңдатып отырған ең түйткілді мәселелердің бірі талқыланған маңызды іс-шараға Жоғарғы сот судьясы Разия Қуанышбаева, Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Уәзірұлы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найля Мұхтарова және өзге де сала мамандары қатысты.
Жиынды алғы сөзбен ашқан комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров балалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың бақытты және қауіпсіз балалық шағы үшін қажетті жағдайлар жасау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Жолдауларында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Баланың құқықтық мәртебесінің ересек адамдармен салыстырғандағы ерекшелігі олардың ең күрделі және осал санатқа жатуынан туындайды. Себебі өзгелермен тең құқықтарға ие бола отырып, балалардың өз құқықтарын жүзеге асырудағы мүмкіндіктері әлдеқайда шектеулі. Бүгінгі іс-шара кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған 2024 жылдың І тоқсанына жоспарланып отырған дөңгелек үстелге дайындық аясында өтіп отыр», деді сенатор.
Ол еліміздің тәуелсіздік жылдарында бала құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар халықаралық шарттың, оның ішінде 1994 жылғы 8 маусымда ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның толыққанды қатысушысына айналғанын атап өтті. Конвенция үш Факультативтік хаттамадан тұрады, оның екеуі 2001 жылы ратификацияланған, ал Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты үшінші Факультативтік хаттамаға 2023 жылғы 7 ақпанда қол қойылды.
«Осы Хаттаманы ратификациялау туралы тиісті заңды Мәжіліс қабылдады, қазіргі уақытта бұл заңды Сенат депутаттары қарап жатыр. Үшінші Факультативтік хаттамаға сәйкес балалар не олардың өкілдері ішкі құқықтық қорғау шаралары таусылған кезден бастап бір жыл ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды тікелей бере алады», деді Н.Бекназаров.
Комитет төрағасы балалардың құқықтарын қорғау жүйесінде мемлекетіміздегі соттардың орны айрықша екеніне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта баланың кез келген бұзылған құқығын сот тәртібімен қорғауға болады. Сонымен қатар балаларға қатысты даулар – сот істерінің күрделі санаттарының бірі болып саналатынын, өйткені оларды шешу нәтижелері баланың жеке басының қалыптасуына, оның физиологиялық, рухани және адамгершілік дамуына әсер ететінін жеткізді. «Балаларға қатысты көптеген дау, мысалы, балалардың тұрғылықты жерін анықтау және бөлек тұратын ата-аналардың олармен қарым-қатынас тәртібін анықтау, әке болуды анықтау, алименттерді өндіріп алу, бала асырап алу, т.б. сот тәртібімен шешіледі. Сот статистикасы бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің өте өзекті болып отырғанын көрсетеді» деген сенатор елімізде бала құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы аса маңызды қадам ретінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарды, яғни ювеналды соттарды құру болғанын да тілге тиек етті.
Оның айтуынша, 2007 жылы ювеналды соттар Астана және Алматы қалаларында, ал бес жылдан кейін балалардың құқықтарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және азаматтық-құқықтық дауларды қарау құзыреттерін берумен барлық облыс орталығында құрылған.
Отырысқа қатысушылар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Жоғарғы соттың судьясы Рәзия Қуанышбаеваның айтуынша, 2018 жылдан бастап Сингапурдың тәжірибесі негізінде еліміздің Жоғарғы соты «Отбасылық сот» қанатқақты жобасын іске асырып келеді. Оған барлық жергілікті сот, мемлекеттік орган, әкімдік пен қоғамдық институт тартылған.
«Мұндағы мақсат біреу: отбасын сақтау, кәмелетке толмағандар үшін қолайлы орта қалыптастыру. Бұл соттар отбасылық кикілжіңдер туындаған кезде көмек сұрайтын өзіндік орталықтарға айналып үлгерді. Отбасылық соттарды құру идеясы ана мен баланы қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыруға, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыруға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған», деді ол.
Сондай-ақ Жоғарғы сот судьясы қазіргі таңда ювеналды соттарда кәмелетке толмаған балалардың мүдделерімен байланысты барлық іс шоғырланғанын айтып өтті. Түрлі жанжалды шешуге мемлекеттік органдар, әкімдіктер, психологтер, медиаторлар, адвокаттар, т.б. мүдделі тараптар тартылады.
«Еліміздің ювеналды жүйесін реформалау кәмелетке толмағандардың мүдделері қозғалатын сот істерінде әділдіктің үстемдік құруын арттыруға тиіс. Ол тұлға ретінде қалыптасу үстіндегі әрбір баламен жекелей жұмыс жүргізуге септігін тигізбек. Ювеналды сот құзыретін кеңейту – сот төрелігі жүйесіндегі маңызды кезең, оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау», деді Р.Қуанышбаева.
Комитет отырысы барысында Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет және басқа да шақырылған мамандар сөз сөйлеп, пікірлерімен бөлісті.