“ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ” ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ҰШТАЙДЫ
Ақмола облысының Есіл қаласында Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының бірлескен кезекті “Жолда қабылдау” акциясы өткізілді. Маңызды шараға Жол полициясы комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Қайрат Тыныбеков, “Нұр Отан” ХДП қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов, республикалық Жол полициясы комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Садыр Әзбергенов, Есіл ауданының әкімі, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы Сергей Ерин, облыстық ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Сағатбек Нұрахметов, ауылдық округтер әкімдері мен партия белсенділері, қалың қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
– Сапарымыздың негізгі мақсаты Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы профилактикалық жұмыстардың жалпымемлекеттік жүйесін құру туралы тапсырмасына сәйкес, республикамыздың Ішкі істер министрлігі тарапынан жол қауіпсіздігінің алдын алу саласында тиісті шаралар атқарылып жатқандығын жұртшылыққа жеткізу, – дейді Қ.Тыныбеков. – Полицияға жүктелген жұмыстың негізгі өлшемі халықтың ішкі істер органына сенімін нығайту, сондай-ақ, өз қызметінде азаматтардың конституциялық құқығының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Мұнда қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігі, оған бұқараның белсене араласуы табыс тетігі саналады. Сондықтан “Жолда қабылдау” акциясы қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейтетініне сенімдіміз.
Жол полициясы комитеті 2009 жылы Ақмола облысының Қорғалжын, Аршалы, Целиноград, Ерейментау аудандарында және Қарағанды, Павлодар облыстарының елді мекендерінде “Жолда қабылдау” акциясын өткізген болатын. Оған 30 мыңнан астам адам қатысып, 6 мыңға жуық өтініш түскен. Арыз-шағымдардың 5400-і қанағаттандырылып, тиісті жауаптар қайтарылған. Бұл кездесулер негізінен насихаттық сипат алса, бүгінгі басқосу жұртшылықпен ашық пікір алмасу және тұрғындарды жеке өтініші бойынша қабылдау түрінде өткізілді. Аудандық әкімдік ғимаратындағы ақпараттық стенділер, мектеп оқушыларының сурет көрмесі және жол полициясының жас көмекшілерінің шағын концерті жиналғандар көңілінен шықты. Сонымен бірге, ұсыныс-тілектер жәшігі орнатылып, сұрау салу парақшалары таратылды. Жәшіктер жұрттың көзінше ашылып, арнайы құжаттар ресімделді.
Жиналғандар алдында сөйлеген “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының бөлім меңгерушісі Жұмажан Жүкенов партия қатарында 800 мыңға жуық мүше барлығын, қазіргі таңда саннан сапаға көшуге маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Елбасы, партия жетекшісі Н.Назарбаев әрбір адамның өтініш-тілегі, арыз-шағымы мұқият қаралып, тиісті шешім қабылдануын тапсырып отыр. Республикамызда жұртшылықты қабылдаудың 258 бөлімі жұмыс істейді. Биылғы төрт айда 214 көшпелі қабылдау ұйымдастырылған. Жұртшылықтың партиялық жұмысты жетілдіруге орай ұсыныстары мен пікірлері және жеке басына қатысты арыз-шағымдарының саны былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Бүгінгі дәстүрлі шараның халықпен байланысымызды нығайтудағы ықпалы орасан. Өйткені, мемлекеттік қызметтің өкілдері халықтың ортасына келіп, оларға қолайлы мүмкіндік тудырады, өздері де жергілікті тіршіліктің тынысына қанығып отыр, – деді ол.
Акцияны ұйымдастырушылар өткізген “Ашық есік” күнінде Есіл өңірінің көптеген азаматтары өздерін толғандырып жүрген мәселелерге байланысты нақты жауаптар мен тұжырымды кеңестер алды.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Есіл ауданы.
ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУДЕГІ СЕРГЕКТІК
Елбасының биылғы халыққа Жолдауын одан әрі насихаттау мен саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді мақсат еткен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы мен өңірдегі ішкі істер департаменті, жол полициясы басқармасының ұйымдастыруымен “Жолда қабылдау” акциясы өткізілді.
Еліміздегі мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық десек, олардың Конституцияны, соған сәйкес заңдарды, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алуы қоғам дамуындағы алғышарттардың бірі ретінде қарастырылған.
“Жолда қабылдау” акциясы кезінде осы мәселелерге көңіл бөлген партия мүшелері мен жол полициясы инспекторлары азаматтарға құқықтық кеңес беру жөніндегі арнайы буклеттерді таратып, заң шеңберіндегі жұмыстарды өрістетті.
Жол бойындағы халықпен жүздесулер барысында азаматтардан 40-тан аса өтініш-шағым түскен. Олардың арасында жол полициясы қызметкерлерінің жұмысы мен автокөлік жолдарының бүгінгі жайы, жолаушылар тасымалдау барысындағы келеңсіздіктер тізбеленіп, проблемаларды шешуде сергектік танытылатыны мәлімделді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР БАС ҚОСТЫ
Семейдегі Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университеті Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігімен бірлесе отырып “Қазақстандағы гендерлік саясат: билік және қоғам” деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция жұмысы Абай атындағы сазды-драма театрында ұйымдастырылған “Қанатты әйел – 3” көрме-жәрмеңкесімен ашылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен іскер әйелдер әзірлеген тауарлар қойылды. Жәрмеңкенің мақсаты – жұртшылық назарын гендерлік мәселелерге аудару, іскер әйелдерді анықтап, насихаттау, олардың шығармашылық және көшбасшылық мүмкіндіктерін ашу, халықтың гендерлік сезімталдығын арттыру болса, ол орындалған да секілді.
Конференцияның негізгі жұмысы жоғарыда аталған университетте өтті. Оның жұмысына Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, отандық белгілі ғалымдар қатысты.
Конференцияға қатысушылар Ресей Үкіметі жанындағы ұлттар істері жөніндегі кеңес президиумының мүшесі Раушан Қанапьянованың, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьеваның, Финляндия Республикасының біздің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Микко Киннуненнің сөздерін зейін қойып тыңдады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.