Елордада кəсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының негізін қалаушы Исламбек Салжановтың бастамасымен студенттермен кездесу өтті. Белгілі меценат еліміздегі барлық қалалық жəне аудандық кітапханаға инновациялық технологиялар туралы 8 мың кітап сыйға тартып отыр.
Іс-шараға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Əсел Жанасова, Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева жəне Блокчейн технологиялары мен деректер орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Дəурен Қарашев қатысты.
Кездесу барысында Исламбек Салжанов қазақ тілінің білім берудегі өзектілігіне тоқталып, кітаптарды қазақ тіліне аудару халқымыз үшін басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
– Бүгін біз, «Altyn Qyran Foundation», Қазақстан блокчейн технологиялары жəне деректер орталықтары қауымдастығы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен, сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханамен, «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп атқарған жақсы жұмысымызбен бөліскіміз келеді. Қазақ тіліндегі жаңа технологиялар туралы төрт əлемдік бестселлер еліміздің барлық қалалық жəне облыстық кітапхананың сөрелеріне жіберіледі. Олар «Блокчейн технологиясы», «Ақшаның қысқаша тарихы», «Криптовалюта дəуірі», «Шындық машиналары» – ең қолжетімді жəне блокчейн технологиялары, криптоиндустрия, WEB3 қандай екені жəне прогресс қайда жатқаны туралы қызықты 4 əлемдік кітап, – деді меценат.
Бұл кітаптардың барлығын онлайн форматта «Алтын Қыран» қорының ресми сайтынан қолжетімді түрде табуға болады.
Іс-шарада Блокчейн технологиялары жəне дата орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Дəурен Қарашев кітаптардың маңызы жөнінде айтты.
– Блокчейн жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға айтарлықтай əсер етеді. Бүгінде жас кəсіпкерлер орталықтандырылмаған жобаларды құру, қаржылық инклюзияны жақсарту жəне білім беру, үкімет, энергетика, логистика, денсаулық сақтау жəне экономикамыздың басқа секторлары сияқты əртүрлі салалардағы ашықтықты арттыру үшін блокчейнді пайдаланып жатыр», – деді ол.
Айта кетейік, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қайырымдылық көмек көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі қорлардың ондығына кіреді жəне үш негізгі бағытта – білім беру, мəдениет жəне əлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыс атқарады.