Сирек металдар (СМ) және сирек жер металдары (СЖМ) әлемдік экономиканың жетекші салалары талап ететін шикізаттың маңызды түріне жатады. Олар жаңартылатын энергетика, қорғаныс, аэроғарыш, цифрлық, медициналық және басқа да жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға аса қажет. Бүгінде өндірісте заманауи материалдардың кеңінен қолданылуына байланысты әлемдік нарықтың назары осы «жаңа мұнайға» ауып отыр. Сондықтан Президент биылғы халыққа Жолдауында осы салада өз әлеуетін іске асыра алатын елдер бүкіл әлемнің технологиялық прогресс векторын айқындайтынын, сирек және сирек жер металдарының кен орындарын игеру ‒ еліміз үшін басым міндеттердің бірі болуға тиістігін баса айтты.
Сирек жер металдары күнделікті өмірімізден ойып орын алған компьютер, планшет, телефон компоненттерінің негізін құрайды. Сирек металдарсыз Tesla және Apple аккумуляторлық тақталарын, сондай-ақ тұрақты магниттер мен жоғары температуралы өткізгіштерді өндіру мүмкін емес. Металлургияда сирек кездесетін элементтердің қоспалары (лантан, празеодим, церий) металл конструкцияларының беріктігін арттыратын қасиетіне сай автомобиль және әскери өнеркәсіпте, зымыран қозғалтқыштарын, қышқылға және ыстыққа төзімді әйнектерді жасауда белсенді қолданылады. Неодим, прометий, тербий, гадолиний сияқты сирек жер металдарын атом электр стансаларын салу мен пайдаланудың әртүрлі аспектілерінде қолдануға болады. Бұл металдар реактор параметрлерін және АЭС қауіпсіздік жүйелерін бақылау үшін әртүрлі сенсорлар мен өлшеу құрылғыларында, сондай-ақ станса қызметкерлерінің радиациялық экспозициясын төмендететін жеңіл бетондар сияқты радиациядан қорғау материалдарында пайдаланылуы мүмкін. Сол секілді неодим темірмен және бормен бірге күшті әрі тұрақты магниттер түзеп, олар өз кезегінде АЭС генераторлары мен электр қозғалтқыштарының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Гадолинийді реакторлардағы ядролық реакцияларды реттеу үшін нейтрондық модераторларда және нейтрондық супрессорларда қолдануға болады. Құрамына сирек жер металдары кіретін атом электр стансаларына арналған негізгі және қосалқы жабдықтар мен материалдар дайын күйінде жеткізіледі. Жалпы, АЭС құрылысы жобасының қажеттіліктері мен талаптарына байланысты жергілікті қамту құрылыс келісімшартында көзделеді.
Өндіріске қажетті сирек кездесетін металдардың аз мөлшерінің өзі тауарлардың қосымша құнын едәуір арттырады. Қымбат металдардың ішінде осмий, родий, рутений, платина, алтын табиғи элементтерге жатқызылса, Осмий-187 және Калифорния секілді металдар жасанды жолмен шығарылған. СЖМ арасында ең қымбаты ‒ бір килосы 1 миллион 52 мың доллар тұратын тербий оксиді саналса, ең арзаны ‒ құны бүгінге дейін килосына 27 мың долларды құрайтын еуропий оксиді болып есептеледі.
Осыдан 30 жыл бұрын АҚШ бұл салада әлемдік өндірістің 60 пайызын қамтамасыз еткен. Бірақ экологиялық қауіптерге байланысты бұл ел СЖМ өндіру мен өңдеуді қысқартуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта СЖМ-нің ең ірі әлемдік өндірушісі ‒ Қытай. Біздің елімізге келетін болсақ, мамандар әлеуетті 12 учаскені зерттеуге кіріспек. Сирек жер элементтері Құндыбай титан-сирек жер кен орнында, Жанет, Оңтүстік жауыр, Көктенкөл, Жоғарғы Эспе, Қарасу сирек металл кен орындарында, сондай-ақ Қаратау фосфорит алабында кездеседі. Мұндай металдардың едәуір көлемі уран кен орындарында да бар. Сондай-ақ литийге сұраныстың артуына байланысты перспективалы учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылып отыр. Осы жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Қара-аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерінде алтын мен мыс кен өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамытуға мол әлеует бар.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде СМ және СЖМ өндірісі 134,3 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі – 0,6%, ал металлургияда 1,5%-ға тең. Сирек және сирек жер металдарының отандық өндірісін бірнеше кәсіпорын ұсынады. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдік титан өндірушілері, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ бериллий мен тантал арасында көшбасшы орында тұр. 2004 жылға дейін «Жезқазғансирекмет» РМК рений шығару бойынша әлемде екінші орын иеленген. Бірқатар өндіріс негізгі металдардың ірі өндірушілері негізінде ілеспе өнім ретінде жұмыс істейді.
Үкімет жуырда әзірлеген Сирек және сирек жер металдарын дамытудың алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары ресурстық базаны кеңейтуді және сирек металдарды кешенді алу технологияларын енгізуді, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды, саланы реттейтін стандарттарды әзірлеуді, сондай-ақ жекелеген металдарға құпиялылық режімін алып тастауды көздейді. Құжатта сирек радиоактивті металдарды қоспағанда, түсті металдар сирек және сирек жер металдарына жатқызылған. Олардың қатарында отқа төзімді сирек металдар (цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам, титан), сирек жеңіл металдар (литий, рубидий, цезий, бериллий), сирек шашыраңқы металдар (галлий, индий, таллий, германий, гафний, селен, теллур, рений, рубидий), сирек жер металдары (скандий, иттрий, лантан және лантанид) бар.
Кейінгі 20 жылда салада ішкі және сыртқы факторлармен байланысты күрделі үдеріс байқалады. Мысалы, Қытайдың ірі өндірушілерінің әлемдік нарықта үздіксіз демпинг жасауы дүние жүзінде, оның ішінде біздің елде бірқатар металдың шығарылуын қысқартуға және тоқтата тұруға әкеліп соқты. Сонымен қатар негізгі қуаттардың тозуы, қолданыстағы кен орындарының құпия мәліметтеріне қолжетімсіздік, өндіру мен қайта өңдеу технологияларының болмауы, қатты минералды қалдықтарды бағалау мен коммерциялық пайдаланудың төмен деңгейі, баға белгілеумен, стандарттармен байланысты саланы реттеудің өзекті емес регламенттері жүйелі проблемалар тудырған. Енді саланы тиімді дамыту үшін тежегіш факторларды талдап, қажетті бастамаларды анықтауға ұмтылыс жасалып отыр. Бұл үшін қолданыстағы қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеруге ден қойылмақ. Сонымен бірге кен орындарын коммерциялық пайдалануға, оның ішінде техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеуге инвестициялар тарту есебінен ресурстық базаны ұлғайту, сала қызметінің нормативтік құқықтық базасын реформалау міндеті тұр. Саланы шикізатпен қамтамасыз ету үшін кен орындарын барлауға, сирек және сирек жер металдарының неғұрлым перспективалы түрлерін өндіру мен байытуға инвестициялар тарту қажет. Бұған қоса барлық жер қойнауын пайдаланушыларға кен орындары мен объектілердегі сирек және сирек жер металдарының құрамын бағалауды жүргізу туралы міндетті талап енгізген орынды. Жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға инвестициялар тарту, СМ және СЖМ алу үшін өз қалдықтарын кешенді қайта өңдеуге бизнесті ынталандыру, зерттеу кезеңінен бастап ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру мен масштабтауға дейін кендерді байыту және қайта өңдеу проблемаларымен айналысатын ғылыми зерттеу ұйымдарын қолдаудың да маңызы зор. СМ және СЖМ саласында кемінде 3 ұлттық стандартты қолданысқа енгізу, сирек және сирек жер металдарын мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтер тізбесінен шығару жоспарлануда. Кешенді іс-шараларды жүзеге асырып, сирек және сирек жер металдары өндірісін дамыту үшін 11,8 млрд теңге бөлінбек.