Білім • 06 Желтоқсан, 2023

Ұлттық ректорлар мектебі

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Ulttyq Ustaz» онлайн академиясының ұйымдасты­руымен «Университеттердің жаңа үлгілері. Version 5.0» тақыры­бында «Ұлттық ректорлар мектебі» семинары өтті. Жоғары білім саласындағы маңызды іс-шара осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Ұлттық ректорлар мектебі

Жиынның бас­ты мақсаты – университетте өз­герістер енгізуге және жоғары оқу орындарында жаңа модель қалыптастыруға қабілетті білім көшбасшыларының бас­қарушылық мүмкін­дік­терін дамыту. Ректор­лар мек­тебінде оқу орын­да­ры­ның жаңа мо­дель­­дері, білім беру жүйе­сіндегі менеджмент, Альфа ұрпағы үшін универ­ситет­тердің транс­формациясы, еліміздегі ал­ғашқы робот-педагог, жасанды интеллект, HR және адам капиталы, Homelander ұрпағын басқару және ынталандыру сынды тақырыптар қамтылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­­ғы көктемде Парламент пала­таларының бірлескен отырысында: «Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақ­сартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсі­би мамандарды тарту қажет. Бізде президенттік жастар кадр­­лық резерві бар. Дәл сол сияқ­ты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтеді. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабыл­данады. Кадр мәселесі жо­ға­ры білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», деген болатын. Шынымен де, елі­мізде үлкен өзгерістердің басы дәл осы жоғары білім саласының кәсіби мамандарын даярлауға қатысты болып отыр. Оңтүстік Афри­кадағы Стелленбош уни­верситетінде мынандай түсінік бар: «Кез келген ұлтты жою үшін атом бомбаларын немесе алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдану қа­жет емес. Ол үшін тек бі­лім сапасын төмендетіп, сту­денттерге емтихан ке­зін­де алаяқтық жасауға мүм­кіндік берсе бол­ғаны. Сон­дай алаяқтықтың сал­да­ры­нан науқастар дәрігер­лер­дің қолынан қаза табады, ғимараттар тәжірибесіз ин­женерлердің кесірінен қи­райды, ақшаны да білімсіз экономистер игере алмайды, білімсіз заңгер мен студент кезінде алаяқтыққа жол берген судьялардың салдарынан әділетсіздік орнайды. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі». Тұтас елдің бо­ла­шағы дәл осы жоғары оқу орнында берілетін білім­ге тікелей байланыс­ты деуі­­міздің төркіні осын­да жа­­тыр. Жасанды ин­тел­­лект, цифрлық жүйе­лер да­мы­ған заманда, жа­һан­­да­ну күшейген шақта бі­лім сала­сындағы үлкен өзге­рістердің негізгі іргетасы саналатын заңдарды өзгерту маңызды, – деді Пар­ламент Сена­тының депутаты Бибігүл Жексенбай.

Жоғары оқу орында­ры қауымдастығының прези­денті Рахман Алшановтың пі­кірінше, қазіргі таңда саясат, экономика, технология, өндіріс, ғылым-білім са­ла­ларында үлкен өзге­ріс­тер орын алып жатыр. Сәй­кесінше, маман даярлау оңай емес. Сол себепті басшылар мен ректорлардың өзі әуелі осы өзгерістерге сай болуы қажет. «Қазіргі таңда жоғары оқу орнын басқару үшін шет тілін білетін, шетелде оқып келген ректорларды таңдап жатамыз. Ал ертеңгі күні олар жергілікті жағдайдан хабарсыз болса қайтеміз? Сондықтан біздің мақсатымыз – еліміздегі мә­селелерді білетін, кез келген жағдайға дайын мамандарды даярлау. Болашақ маман өзгерістен қорықпайтын, ішкі мәселелерді қиын­дық­сыз шеше алатын азамат болуға тиіс», деді ол.

Үш күнге созылған семи­нарға еліміздің жетекші жо­­ға­ры оқу орындарының рек­­­тор­лары, проректорлар мен декандар, жоғары білім сала­сындағы ма­мандар қатыс­ты. «Отандық жо­ғары оқу орын­­дары білім беру жүйе­сін тү­бегейлі өзгертіп, бас­қа­рудың жаңа модуліне көшуі қажет. Себебі универси­тет бағ­дар­ламалары жаңа ма­ман­­дық­тардың сұранысына сай емес», деген ой айтты сарап­шылар.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті