Glovo-ның курьерлерін қала көшелерінен көрген боларсыздар. Олар тапсырыс берген адамның кез келген тауарын діттеген жеріне уақтылы жеткізіп бере алады. Онлайн бизнес деген – осы. Тауарлар мобильді қосымша арқылы сатылып, жеткізіледі. Glovo алғашында мейрамхана тағамдарын жеткізумен танылса, бүгінде әлемнің 25 елінде жұмыс істейді. Қосымшаның 10 миллионнан аса қолданушысы, 61 мың курьері бар.
Оскар Пьердің өзі АҚШ-тағы Джорджия мемлекеттік технологиялар институтында оқыған. Техникаға әуестігі бар ол студент кезінде екі онлайн компания құрыпты. Біріншісі – Zikkomo.com деп аталатын Малавидегі 30 балаға арналған қайырымдылық платформасы. Екіншісі – жергілікті қолөнер бизнесін дамытуға арналған LoveItLocal.es веб-сайты. Пьер 2012 жылы оқуды бітірген соң Тулузада аэродинамика инженері болып жұмыс істейді. Демалыс күндері Сан-Францискоға барғанда «Postmates» деп аталатын тауар жеткізуші курьерлер желісін басқаратын америкалық логистикалық компанияның концепциясын көрген. Содан Саша Мишо есімді испандық технологиялық кәсіпкермен бірге Glovo-ны ашқысы келеді. Әрине, олар мақсатына көп ұзамай-ақ жетеді. Бірақ компанияны ашқаннан кейінгі қиындықтар шаруаны біраз тұйыққа тірейді.
– Біз Glovo компаниясын 8 жыл бұрын құрдық. Ол кезде Барселонада бірде-бір стартап жоқ еді. Қалай ұмытайын, ол кезде компанияда небәрі екі-ақ курьер жұмыс істеген еді. Ал қазір бізде жұмыс істейтін жас өте көп. Себебі икемді жұмыс кестесі бойынша курьер болу жастарға тиімді, – деді О.Пьер.
Тағы бір жағымды жаңалық, Glovo жеткізу қызметінің ТМД елдеріндегі курьерлері Astana Hub-тың білім беру бағдарламалары бойынша IT-мамандықтарда оқып жатыр. Компания курьерлерге арналған Freelance School, Startup Academy және No Code School курстарын қаржыландырған. Осылайша, басшылық жұмысшыларын инновациялық біліммен ынталандыруды көздеп отыр. Олардың Glovo-ның Astana Hub Education білім беру бағдарламаларын таңдауы да тегіннен-тегін емес деп түйдік.
Қырғызстандағы Glovo курьері Әзизбек Малатипов – бір курстан кейін екіншісін оқып, білімін шыңдап жүрген жастың бірі.
– Өзім осыған дейін No Code School курсын оқып бітірдім. Қазір Freelance School-да оқып жүрмін. Сайт пен мобильді қосымша жасауға бұрыннан қызығатынмын. Бірақ мүмкіндік болмады. Келешекте IT саланы меңгеріп, осы бағытта жаңа дүниелер жасасам деп іштей армандадым. Қазір сәулетші-дизайнер мамандығы бойынша оқып жүрмін, сызумен айналысамын. Курс кезінде қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар екенін білдім, – деді Әзизбек.
Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзиновтің айтуынша, Astana Hub пен Glovo-ның курьерлерді оқыту жөніндегі бірлескен жобасы 2 жылдан бері іске асып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Astana Hub пен Glovo арасындағы ынтымақтастық былтыр Орталық Азиядағы ең ірі Digital Bridge-2022 ІТ форумында бекіген. Сол кезде қос тарап ІТ-стартаптарды дамыту және қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Жыл соңына дейін Glovo-ның 450 қызметкері IT-мамандықтарда білімін шыңдап, сертификат алады. Бүгінгі курьерлер білім беру курстарынан кейін IT саладағы табысты мамандардың қатарына қосылып жатса, мұның өзі жастарға үлкен олжа болары анық.