Облыста ауқымды жұмыс атқарып жүрген волонтерлік ұйымдардың бірі «Lider.kz» іздеу жасағы жоғалған адамдарды іздеу, төтенше жағдай кезінде көмек көрсету жұмыстарына белсене қатысып келеді. «Даналық» қоғамдық қоры өткен жылдан бері «Асыл мұра» жалпыұлттық жобасын республика көлемінде іске асырып жүр. Белсенді жастардан тұратын бастамашыл топтар әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесуге әр кезде дайын. Абай облысындағы волонтерлердің жұмыс деңгейі Семей орманында болған төтенше жағдай кезінде де айқын көрінді. 300-ден аса волонтер арнайы құрылған штабтарда күні-түні көмек көрсеткеніне сол оқиғаға орай барғанымызда куә болдық.
Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша 458 волонтерлік іс-шара ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар «Таза әлем», «Қамқор», «Асыл мұра», «Білім», «Сабақтастық», «Аяла», тағы да басқа бағыттар бойынша орындалып отыр. Республика бойынша іске асырылып жатқан «Biz birgemiz!» жалпыұлттық жобасы аясында облыстың ҮЕҰ мен бастамашыл топтары 15 шағын грант жеңімпазы атанды.
Облыстағы волонтерлік қозғалыстарды дамыту мақсатында «Абай облысының қоғамдық даму басқармасы» ММ әлеуметтік тапсырысы аясында «Жастардың волонтерлік бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында облыс волонтерлерінің базасы дайындалып, волонтерлік ұйымдар реестрі жасалмақ.
Абай облысының волонтер жастары жылды табысты аяқтады. Жыл қорытындысында «Biz birgemiz!» жалпыұлттық жобасы аясында «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» ҚҚ жүзеге асырған «Бәсеке» жобасы үздік деп танылды. «Ұлы дала сарыны» байқауында қауымдастық «Жылдың үздік ұйымы» аталымын, Руслан Бутанаев «Үздік қоғамдық қызметкер» аталымын жеңіп алды. Ал «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын табыстау рәсімінде «Ақ ниет» ұйымының жетекшісі А.Дүйсенова мен БҰҰ-ның есірткіге қарсы күрес ұйымының еріктісі Р.Бутанаевтың марапатталғаны қуантады.