Үкімет • 07 Желтоқсан, 2023

Креативті индустрияны дамыту басымдығы

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы өтті. Басқосуға қатысушылар Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында белгілеп берген креативті индустрияны дамыту мәселелерін және осы бағыттағы басты міндеттерді іске асыруға арналған бірлескен жұмыс форматын талқылады. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Креативті индустрияны дамыту басымдығы

Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда креативті индустрия қарқынды дамып келе жатқанын және бұл сала жаһандық экономиканың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында жариялаған Жолдауында елімізде осы секторды дамытуға қатысты басымдықтарға назар аударды. Палата төрағасының айтуынша, қолға алынған істі сапалы жүзеге асыру үшін барлық мүдделі тарап бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.

«Президент Жолдауда Қазақ­станда креативті индустрияны дамыту жөнінде нақты мін­дет­тер жүктеді. Бұл бағытта мем­лекеттік органдар құқықтық жағ­дай қалыптастырып, өңірлерде креативті жобаларды дамытып, өнімдерді коммерцияландыруға көмек көрсетіп, кешенді жұмыс жүргізуге тиіс. Бүгінде еліміздің заң­на­масына енгізу үшін бір­қатар өзгеріс әзірленіп жатыр. Жал­пы, қазір саланы одан әрі тиім­ді дамытуға қажетті негіз қалып­тасып келеді. Осы жұмыс аясын­да депутаттар, мемлекеттік инс­ти­туттар, креативті индустрия өкілдері және сарапшылар арасында нәти­желі диа­лог қалыптастыру аса маңыз­ды», деді Палата төрағасы.

Талқылау барысында М.Әшім­баев отандық креативті индуст­рияның даму әлеуеті ай­тарлықтай жоғары екеніне назар аударды. Ол, ең алдымен, аза­мат­тардың шығармашылық және зияткерлік капиталына негіз­делген. Сондай-ақ инклюзивті экономиканың даму көзі ретінде жұмыс істеп келеді. Дегенмен Қазақстанда бұл саланың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі бүгінде 1 пайызға да жетпейді. Жұмыспен қамту бағытындағы үлес те төмен.

«Бүгінде креативті индустрия саласында жүрген азаматтар үшін практикалық қадамдар маңызды екенін білеміз. Сондықтан біз қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдамас бұрын осы мәселеге тоқталып, өздеріңізбен бірге саланы егжей-тегжей зерделеп алуды жөн көрдік. Қазір Парламенттің бір топ депутаты «Мәдениет туралы» және «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін пысықтауда. Осы орайда сенаторлар креативті индустрияны дамыту мәселесі бойынша бірқатар кездесу өткізді. Алдағы уақытта соның нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар дайындайды», деген М.Әшімбаев мүдделі тараптарды Палатаның заң шығару жұмысына қатысуға шақырды.

Кездесу барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрия саласын дамытуға арналған кешенді шаралар мен стартап-жобалар туралы айтты. Ол бұл бағытта ірі қалалардан өңірлерге қарай ойысу басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Мұндай қадам мамандардың әр облыс орталығында немесе қалада жергілікті таланттармен жұмыс істеп, олардың әлеуетін ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар зияткерлік меншікті қосымша құнды құрайтын жабдық немесе технология сияқты мүлік ретінде қарастырудың маңызы зор.

Іс-шарада Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүше­лері сөз алып, жаңа экономи­калық үлгіге көшу жағдайында креативті индустрияны дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Олар негізінен медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологиялар және тағы басқа салалар бойынша әзірленіп жатқан жобаларды қамтиды. Сондай-ақ қолданыстағы жобалар жөнінде де сөз болды. Бұл тәжірибелерді ескерудің және оларды нарықтың қазіргі сұраныстарына бейімдеудің маңызы зор.

Клуб отырысында ақын және музыкант Мақпал Жұмабай, «Pyg­malion» галереясының көркем­дік директоры Әнуар Мүсі­репов, «ҚАШ» фильмінің продю­сері, «Qara Studios»-тің бас продю­сері Еркебұлан Күрішбаев, «JUZ En­ter­tainment» лейблінің продю­сері Ерболат Беделхан, заңгер, креа­тивті продюсер Нұрдәулет Бек­жан, «Мануфактура ER» ком­па­ниясының негізін қалаушы Алек­сандр Ермаков және «Kazakh Tou­rism» ұлттық компаниясы креативті туризм департаментінің басшысы Ирина Харитонова өз жұмыстары және саланың даму перспективалары туралы сөз сөйледі.