Театр • 07 Желтоқсан, 2023

Әкемтеатрдың Сырдағы сыры

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордаға М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен келді. Сапардың алғашқы күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында ғасырлық тарихы бар өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, театр директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Шынар Жанысбекова, Асылбек Боранбайлар баспасөз конференциясын өткізді.

Әкемтеатрдың Сырдағы сыры

– Бұл театр астана болған Ақмешітте ашылғанын білесіздер. Осыдан да бізге өнер ұжымының алғашқы уығын шаншып, іргесін қалаған алдыңғы буынның ізі қалған бұл қала өте ыстық. Ал бүгінгі сапарға келсек, талғампаз көрерменнің ойынан шығу – тіпті бөлек әңгіме. Кө­рерменнің құрметінен бөлек айтар сынына да әзірміз. Өйткені «болдық, толдық» деген өнер ұжымы тоқырайды, – деді Асанәлі Әшімұлы.

Қызылордалықтарды Әуезов театрының әлемімен «Қарагөз» драмасы таныстырды. Көрермендер алдында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов сөйлеп, өнер ұжымына сырбойылықтардың ықыласын жеткізді.

Әуелгіде бойымызды «сахнадан неше жыл түспеген қойылымды бү­гінгі көрермен қалай қабылдайды екен?» деген күдік билегені рас. Бірақ классиканың аты классика екендігі осы жолы тағы дәлелденді. Сахнадағы шиеленіскен оқиға мен кейіпкерлер арасындағы шытырман, әр сәтті әдемі әдіптеген әуен бұрынғы мен бүгінгінің арасын үйлестіріп жіберді.

Әуезов театры осы сапар аясында Сыр көрермендеріне «Қа­рагөз» драмасынан бөлек «Қор­қыт­тың көрі», «Қоштасқым кел­мейді», «Қара» және «Бес бойдаққа бір той» қойылымдарын ұсынды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА