Алқалы жиын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауымен басталды. Одақ басқармасының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы «Түркі әлемі және Әуезовтің ғылыми мектебі» атты баяндама жасап, біртуар тұлғалардың түркі руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегіне кеңінен тоқталды.
«Былтыр ЮНЕСКО аясында ХХ ғасырдың ұлы қаламгері, әлем мойындаған заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ал бүгін, міне, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының 95 жылдығын атап өтіп отырмыз. Түркі әлемінде тарих сахнасына шыққан бірнеше тұлға бар десек, олардың қатарында Шығыс ғұламасы, «Мәснәуи» кітабының авторы Жалаладдин Руми, түрік елінің әйгілі ақыны, ұлы ойшыл Юнус Эмре, түріктің ұлы ақыны Нихал Атсыз, драмалық туындысын қазақ тіліне Зейнолла Қабдолов аударған түрік ақыны Назым Хикмет, қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Әуезов, қырғыз мұрасын әлемге танытқан Шыңғыс Айтматовтың есімі аталады. Шыңғыс Айтматов Әуезовті ұстаз тұтты. Өзін әлемге танытқан, әдебиеттегі жолын ашқан Әуезов екенін жанына үнемі жалау етіп жүрді. Осы ретте ол: «Мен шетелге шыққанда екі-ақ мандатымды алып шығамын. Бірі – «Манас», екіншісі – Әуезов», дейтін. Манастану ғылымын зерттеуді 1928 жылы бастаған М.Әуезов «Манас» эпосын қазақтың эпостық жырларымен салыстыра келіп, «Манас» таза халық мұрасы, халықтың тағдыры екенін дәлелдегені белгілі. Халық мұрасын әрі қарай тереңдете зерттеген академик Зейнолла Қабдолов та Ш.Айтматовпен дос болды. Бүгінде Мұхаң салған сара жолмен «Манастану» ғылыми курсы жалғасын тауып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әуезов негізін қалаған манастану, түркітану, шығыстану, абайтану, алаштану мектептері үздіксіз оқытылып келеді», деді Қансейіт Әбдезұлы.
«Шыңғыс Айтматов – қазақ пен қырғызға ортақ, есімі түркі дүниесіне кеңінен танылған тұлға» екенін атап өткен Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Назарали Арипов ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірсе, белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман «Айтматов пен Әуезов достығын әрі қарай ұрпағы жалғастырады» деген ізгі тілегін жеткізді.
Ш.Айтматовпен шығармашылық қана емес, рухани достығын түркі әлеміне паш еткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов естелік айтып, ұлы тұлғамен тағдырлас, сырлас болған сағынышты жылдарын «Қырғыздар мен қазақтар» өлеңі арқылы жеткізді.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақұлының Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына арнаған «Адамзаттың Айтматовы» кітабының тұсаукесері өтті.
«Бауырлас екі халықтың перзенттері салған ізгі достық әрі қарай олардың шығармалары арқылы насихаттала береді», деді жиынды жүргізген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Гүлипа Ғайыпова.
Бүгінде этностар достығын нығайтуға бағытталған іс-шаралардың ұйытқысы болып отырған республикалық Достық үйінің басқарма жетекшісі Нұрсәуле Әбдіқадырқызы елімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру, салт-дәстүрді насихаттау бағытындағы ілкімді жобаларына тоқталды. Осы орайда арнайы дайындалған бағдарламаға сәйкес жиын қатысушылары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Рахат Жұмаханов «Ақ кеме» повесінің желісі бойынша сахналанған спектаклінен монолог тыңдап, Қазақстан Жазушылар кітапханасымен бірлесіп әзірлеген кітап көрмесін тамашалады.
АЛМАТЫ