
«Жас сарбаз» қозғалысының мақсаты – балаларды ел тарихын құрметтеп, ата-бабаларымыздың ерлікке толы өткенін мақтан тұтарлық рухта тәрбиелеу. Осындай тәрбие алған жастар нағыз патриот болып өсіп, ел тәуелсіздігін ең жоғары құндылық деп түсінетін болады», дейді әскери-патриоттық қозғалыс төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев.
Бүгінде әскери-патриоттық клубтың еліміздегі 20 филиалында 280 мыңнан астам бала тәрбие алып жатыр. Бес жыл ішінде қозғалыс аясына 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым енген. Оның ішінде жүзден астам ұжым әскери бөлімдерде жұмыс істеп келеді. Оған қала мектептерінде ашылған «Жас сарбаз» сыныптары мен «Smart sarbaz» үйірмелерін қосуға болады.
«Жас сарбаз» қозғалысы – 2025 жылға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасының негізгі құрамдас бөлігі. Майор М.Меңдіғалиевтің айтуынша, бұл құжат тәуелсіздік жылдарында жинақталған білім мен тәжірибе, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие дәстүрлері негізінде дайындалған. Бағдарламада жастардың күрделі геосаяси жағдайларда Отанды қорғауға дайындығын қалыптастырудағы үздіксіз тәрбие үрдісінің маңызы ескерілген. Ол әскерге шақырылғанға дейінгі жастардың әскери қызметке ынтасы мен дайындығына қатысты көптеген мәселені шешуде мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының негізін қалайды.
Сонымен қатар төраға қозғалыстағы тәрбие жұмыстары негізгі бағыттарға бөлінетінін атап өтті. Оның ішінде «Білімді «Жас сарбаз» бағыты балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында білім беру культін, тарихи білімді, шет тілдерін, заманауи технологияларды меңгеруді насихаттауға, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға арналған. Ал «Саналы «Жас сарбаз» бағыты өскелең ұрпақтың бойында жоғары моральдық-іскерлік қасиеттерді дамыту, мәдени бірегейлікті сақтау, этносаралық татулық пен келісімді нығайту мақсаттарын қамтиды.
«Жігерлі «Жас сарбаз» жастардың саламатты өмір салты ұстануына, денешынықтырумен және спортпен шұғылдануына, жоғары ерікті қасиеттерді нығайтуға деген ұмтылысын жаппай қалыптастыруға бағытталған. «Болашағы жарқын «Жас сарбаз» өскелең ұрпақты тарихқа, тәуелсіздік жетістіктеріне баулуға, қазақстандық патриотизмді және өз Отанына деген адалдықты нығайтуға негізделген.
Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бұл бағыттағы іс-шараларға жіті көңіл бөліп келеді. Адамды патриот етіп қалыптастыратын күш – тәлім-тәрбие, сапалы білім, саналы орта және жауапкершілік. Қорғаныс министрі жас Отан қорғаушылардың тәрбиесінде осы қағидаларға барынша басымдық беріп отыр.
Бұл тұрғыда республикалық әскерипатриоттық қозғалыстың іргетасын қалаушы әрі алғашқы күннен қоғамдық ұйымның төрағасы, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласовтың еңбегін ерекше атап өтті.
Бүгінде жас сарбаз болып тәрбиеленіп жатқан әрбір жасөспірім аса мақтанышпен киетін, жай ғана киім емес, ұлттық рух пен қазақстандық патриоттар келбетінің көркін ашатын «Жас сарбаз» формасы бекітілді. Кеудесінде елдің абыройы мен егемендігін арқалайтын әрбір жастың тегі көрсетілетін бұл киім үлгісі жас сарбаздардың құрметті киім үлгісіне айналды. Сонымен қатар әрқашан баға жетпес тыныштық пен біртұтастықты, бұлтсыз ашық аспанды, еліміздің тәуелсіздігін, бейбіт күнді бейнелейтін, айбындылықты, қуаттылық пен нық қозғалысты, көшбасшылықты, күш пен жігерлілікті сипаттайтын «Жас сарбаз» қозғалысының логотипі бекітілген.
«Жас сарбаз» қозғалысы тек патриоттық тәрбие беретін ұйым ғана емес, бұл кемел келешекке деген ортақ мақсаты бар жастардың ортасына айналғанын айта кету керек», дейді қозғалыс төрағасы. – Бұл ретте жас патриоттың бейнесін қалыптастыруда 2015 жылдан бері өтіп келе жатқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны да ерекше орын алады».
2019 жылы Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткені белгілі. Онда Мемлекет басшысы «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірге әскери-патриоттық жиынның ашылуында «Ұлы дала жас сарбазы – 2050» уақыт капсуласын салды.
«Жас сарбаз» қозғалысының базасында «Smart sarbaz» үйірмелерін құрылуына да Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы мамырда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында бастамашылық еткен болатын. Кадрлар даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру шеңберінде «Smart sarbaz» болашақ әскери инженерлерді, IT-мамандарды, роботтехниктерді, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеу қажеттігін атап өткен Президент мұндай үйірмелерді ең алдымен физика-математикалық бейімділігі бар мамандандырылған мектептерде құру қажет екеніне тоқталды.
«Smart sarbaz» үйірмелерінде патриоттық іс-шаралардан бөлек балалар жаңа инновацияларды игеріп, өздерінің техникалық идеяларын іске асырады, – дейді қозғалыс төрағасы. – Бұл ретте, жұмысты талдау нәтижелері жалпы білім беретін мекемелердегі әскери-патриоттық клубтар, «Жас сарбаз» сыныптары және «Smart sarbaz» үйірмелері санының 2018 жылғы 2828-ден 2,5 есе өсіп, биыл 5 мыңға дейін жетуі бұл бағыттағы оң динамиканы көрсетеді».
Сондай-ақ майор М.Меңдіғалиев «Жас сарбаз» қозғалысы аясында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгенін де атап өтті. Біріншіден, оқушылардың сабақ үлгерімі артып, тәртібі жақсарған. Балалар мен жасөспірімдер қылмысының деңгейі 26,8 пайызға төмендеген. «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінде, әскери колледждерде және еліміздің жоғары әскери оқу орындарында білім алғысы келетін жасөспірімдер саны айтарлықтай көбейді. Алғашқы нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, Арыс қаласынан «Үздік сарбаз» аталымы бойынша 2020 жылғы «Айбын» жиынының жеңімпазы Мейірхан Төлбасы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсті. Батыс Қазақстан облысы «Жас сарбаз» қозғалысы филиалының төрағасы Шавкат Жұмалиев Десанттық-шабуылдау әскерлерінде мерзімді қызмет атқарып, аталған әскери оқу орнының курсанты атанды.
Әр жылдардағы «Айбын»» жиынының жеңімпаздары шетелде әскери істі үйренуге мүмкіндік алды. Мысалы, Рүстем Жәдігер Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетіне қабылданса, Дмитрий Яицкий Новосібір жалпыәскери командалық институтында, ал Дәулет Айдарбеков Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-теңіз институтында оқып жатыр. Жамбыл облысы «Жас сарбаз» қозғалысы филиалының төрағасы Дулат Әбдісамат қазір Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек етеді. «Айбын-2022» жеңімпазы, Жетісу облысы «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Сұлтан Серікұлы – бүгінде Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының курсанты.
Батыл әрекетімен жол-көлік оқиғасының алдын алған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі, Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Геройдың ерлігін бүгінде бүкіл ел біледі. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дәлелдеген жас батырды «Ел қорғаны» медалімен марапаттады.