Сондықтан да Шымқалада көптеген мереке, айтулы іс-шара, қайырымдылық акциясы волонтерлердің қатысуынсыз өтпейді. Осы ретте нағыз патриот, қызметі үшін ешқандай ақы алмайтын, халыққа жасаған қызметін міндетсінбейтін, рухани қозғаушы күші жұрттың алғысына бөлену, бата алу болып табылатын ерікті жастарға алғыстан басқа айтар тілек жоқ-ау, сірә.
Бұл орайда мегаполисте Халықаралық волонтерлер күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының бастамасымен «Шымкент қалалық волонтерлер» форумы өтті. Қор басшысы Қайрат Дәрібаев форумның негізгі мақсаты туралы айтып берді. Ол – көшбасшы, бəсекеге қабілетті волонтер жастардың санын арттыру, олардың бойындағы жан-жақты қабілеттерді ояту. Сондай-ақ жиында волонтерлік топтар қалай құрылатыны, оны басқару қалай болатыны, жоспарлаудың, бюджет тарту мәселесінің не екені тегіс айтылып, түсіндірілді.
«Шымкент қаласында халықаралық волонтерлер күнін қал-қадерінше атап өтіп жатырмыз. Осыған байланысты «Шымкент қалалық волонтерлер» форумын жоғары деңгейде ұйымдастырғанымызға қуанып отырмыз. Бізде мақсат – біреу. Ол «ерікті» сөзін жастар арасында көбірек насихаттау, оның ұғымын тереңірек түсіндіру. Бүгінгі қоғамға білімді, мейірімді, бойына барша құндылықтарды сіңірген жастар керек. Әншейін құрғақ сөзбен айта берген жарамайды, біздің қоғам сондай жастарды тәрбиелеп шығаруы қажет. Жастар осы форум аясында жоспарлауды үйренді, топпен жұмыс істеуді меңгерді. Көшбасшылық қасиетке қалай жетуді игерді, волонтерлік өмірде қуаныштар мен қиындықтар қатар жүретінін білді. Смарт стратегиясы жөнінде ақпарат пен көп мағлұмат алды», деді «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының басшы Қ.Дәрібаев.
Осы аталған волонтерлер форумына қаладан 50-ден аса жас шақырылып, олар түрлі спикерлердің еріктілер қозғалысының бағыттары бойынша оқу-семинарларына қатысты.
Бұдан бөлек Шымқалада «Мен донормын» акциясы бастау алды. Жоғарыда атап өткеніміздей, аталған акция тікелей ерікті жастардың қатысуымен өтті. Ал осынау іс-шараның ұйымдастырылуына қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болды. Жастар айтқан уақыттан кешікпей «Нұрсат» шағын ауданында орналасқан қалалық қан орталығына жиналды. Бас-аяғы елу шақты жас. Олардың бәрі – қан тапсыруға өз еркімен келген қаланың жас волонтерлері. Акция аясында мамандар қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып қалуға болатынын, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік туатынын жастарға тәптіштеп түсіндіріп берді.
Жастар ресурстық орталығы қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Ақерке Сұлтанның айтуынша, аталған акцияға ерікті жастар мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, тиісті мөлшерде қан тапсырды, сөйтіп, төтенше жағдайда керек болатын қанның қорын молайтты. Әлбетте алдымен донорлардың денсаулықтары толық тексеруден өткізіледі, сосын қан мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоқтығы зертханалық жолмен анықталып, содан кейін ғана қан тапсыруға рұқсат берілді.
М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық инситутының бірінші курс студенті Мардан Орынбай қан орталығына келіп, жыл сайын қан тапсыратынын айтты. Сауапты іс жасаудан жалықпаған ол игі бастамаға достарын да ерте келіпті.
«Өмірде түрлі оқиға болады. Осындай кезде кейбір жандарға қан керек болып қалатыны аян. Сондықтан өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін қолұшымды созу менің азаматтық парызым деп білемін. Осылайша, Жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған «Мен донормын» акциясына өз еркіммен келіп, қан тапсырып, өзге жанға үміт сыйлағым келді. Менің қан тобым І топқа жататындықтан абсолютті донор бола аламын», деді ерікті жас.
Айта кету керек, жоғарыда аталған орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 42 медициналық мекемені қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 26 мың азамат осы мекемеге келіп қан тапсырған.
ШЫМКЕНТ