Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Табиғи монополияларды реттеу мекемесінің мамандары монополистің өтінімін қарай келіп, бағаны көтеруге ешбір негіз жоқ деген қорытынды жасады. Кейінгі екі айда кеншілер қаласындағы жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба жұрт арасында қызу талқыланды. «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның өкілдері келер жылы тарифті күрт өсіріп, одан арғы жылдары баға қарқынын біраз баяулатамыз деп жоспарлаған еді. Кәсіпорыннан босатылатын орташа тарифтің құны артып, 1 Гкал жылу үшін қазіргі 5 579,55 теңгеден 13 911,98 теңгеге жеткізу көзделген. Яғни тарифтің өсімі 149 пайызға қымбаттап шыға келуі мүмкін еді.
– Жылу орталығының өтінімін біздің органның мамандары егжей-тегжей зерделеді. Кәсіпорын басшылығы дәлел ретінде көмір бағасының қымбаттап жатқанын, кадрлардың тұрақтамаушылығын келтірді. Әрі қызметкерлердің еңбекақысын көтеру керек делінген. Біз өтінімнің табиғи монополиялар туралы заңға сәйкестігін тексердік. Алайда оның кейбір тұстары заңға томпақ әрі негізсіз екені анықталды. Соған орай әрі қарай қарастырудан бас тарттық. Компания басшылығы өтінімді жаңадан түзіп, жіберуге толық құқылы, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Монополист компанияның қолында 2021 жылы бекітілген тариф бар көрінеді. Ол қабылданған күнінен 5 жылға жарамды. Қызмет көрсетуші субъекті қолданыстағы тарифке жылына бір рет, құзырлы мемлекеттік органдар екі рет түзету енгізуге құқылы екен. Бірақ жылу стансасының бұл жолғы өтінімі ешбір қалыпқа сыймайды делініп отыр.
Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан жалпы сомасы 48,5 млрд теңгеге 18 инвестициялық бағдарлама бекітілген. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде шамамен 12 млрд теңге сомаға қосымша инвестициялар тартылды. Ал 2027 жылға дейін облыста тартылатын бұл қаражаттың жалпы сомасы шамамен 60 млрд теңгені құрамақ. Мысалы, «Павлодарэнерго» АҚ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша 4,4 млрд теңге тартқан. Инвестициялық бағдарлама №3 ЖЭО-да күл төгетін арнайы орын құрылысын, стансадағы жабдықтарды реконструкциялау мен жаңартуды көздейді. Қосымша қаражат көздерінің көмегімен мұнда №2 және №3 ЖЭО-дағы жылу қазандықтарының ауа жылытқыштары күрделі жөнделеді.
– Осындай қосымша инвестициялардан бөлек, монополистер өз қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру үшін бюджеттеріне өзгерістер енгізуге талпынады. Оның үстіне электр қуаты да қымбаттады. Энергетика саласында жалақы төмен. Бұл келеңсіздік коммуналдық секторды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта қабылданып жатқан іс-шаралар білікті мамандарды салада ұстап қалуға мүмкіндік туғызуға тиіс. Себебі кәсіби әрі білікті кадрлардың нәтижесінде ғана қызмет сапасын көтеруге болатынын жақсы білеміз. Ал электр жарығы үшін шығындардың артуына Энергетика министрлігінің қуатты сату-сатып алу жүйесін бірыңғай операторға жүктеуі себеп болды, – деп түсіндірді Нұрлан Әуелбекұлы.
Биыл «Павлодар-Водоканал» ЖШС үйлерінде есептегіш құрал орнатылған жеке тұрғындар үшін су тарифін 18 теңгеге өсірді. Монополист өтінім жобасында 73,4 теңге деп көрсетсе, құзырлы орган 58 теңге етіп бекіткен. Ал пәтерінде жылу есептегіші жоқ азаматтар бұрынғыға қарағанда әр текше метр су үшін 27 теңгеге көбірек төлейді. Кәріз жүйелерін пайдаланғаны үшін бекітілген тариф 3,3 теңгеге қымбаттады. Сондай-ақ «Павлодарэнерго» АҚ-да тұтынушылар тарифі – 197,08 теңгеге, «Павлодар жылу желілерінде» – 164,76 теңгеге, «Павлодар электр желілік тарату компаниясында» – 0,9 теңгеге, «Қазақстан алюминийінде» (жылу орталығы) – 388 теңгеге, «Горэлектросеть» серіктестігінде 2 теңгеге өсті. Ал Ақсу қаласындағы «Теплосервис Аксу» компаниясының қызметтері 451 теңгеге шарықтаған.
Айтып өтейік, жыл басынан жергілікті табиғи монополияларды реттеу мекемесі «Табиғи монополиялар туралы» заңының талаптарын сақтау тұрғысынан «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Горэлектросеть» ЖШС, «Павлодар жылу желілері» ЖШС компанияларына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша соңғы аталған екі субъектіге қатысты ұйғарымдар шығарылған. Табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларын бұзғаны үшін 8 әкімшілік іс қозғалып, 7 іс бойынша жалпы сомасы 16,8 млн теңге өндіріліп алынған. Жыл басынан департаментке азаматтардан 250 өтініш түссе, оның 12-сі шағым ретінде тіркелген.
Павлодар облысы