Қоғам • 07 Желтоқсан, 2023

Алыстан жеткен алғыс

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

4 қараша күні Абай ауданының Топар полиция бөліміне «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 967-шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция инспекторы Руслан Ілиясов апатқа ұшыраған көліктің иесі Ресей Федерациясының азаматы екенін анықтап, көмек қолын созады.

Алыстан жеткен алғыс

Ресей азаматы туысымен бірге Бішкектен Ека­теринбургке бара жатқан. Кешкілік Қарағандыға таяп қалғанда ауа райы күрт нашарлап, жүргізуші тізгінге ие бола алмай, жолдан ұшып кеткен. Көлік иесі жеңіл жарақат алып, жанындағы туысы жедел жәрдем шақырған.

Учаскелік полиция қызметкері қиын жағдайға тап болған ресейліктерге эвакуатор шақырып, көлігін тиеуге көмектеседі. Мұнымен қоса, жолаушыларға көліктерін жылдам әрі сапалы жөндеуге болатын техникалық қызмет көрсету орталығын тауып береді.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы Санжар Әділовке Түмен облысында тұратын Ресей азаматы Александр Орловтан хат келеді.

«Жол апаты салдарынан туындаған мәселені шешуге көмектескен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Олар адамгершілік, қамқорлық пен кәсіби біліктілік танытты. Жол полициясы қызметкерлері мен аумақтық полиция бөлімшелерінің шұғыл түрде жүргізген шаралары зардаптың ауырлығын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Әсіресе Абай ауданына қарасты Топар полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Руслан Ілиясовтің кәсіби шеберлігін, адамгершілігін атап өтер едік. Қиын сәтте осындай өз кәсібіне адал азаматтарды кездестіргенімізге қуаныштымыз», делінген жолданған хатта.

 

Қарағанды облысы