Кәсіпкер • 08 Желтоқсан, 2023

Жетісу кәсіпкерлерінің базынасы

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың әлеуметтік деңгейін тек мемлекеттен берілетін жәрдемақы ғана көтермейді. Бұл ретте шағын және орта кәсіп иелерін де қолдау маңызды рөл атқарады. Осы орайда Жетісу облысының кәсіпкерлері бөлшек салық мөлшерлемесін 4 па­йыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы мәселені бірнеше рет көтерген еді. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар өкілдерімен өткен жиындар өз нәтижесін берер емес.

Жетісу кәсіпкерлерінің базынасы

Еске салсақ, өңірлік кәсіп­керлер палатасының ала­ңында бөлшек салық мөлшерлемесін төмен­дету мәселесі бірнеше рет көте­рілген болатын. 2023 жыл­дың 20 наурызында қол қойылған заң жергілікті өкілді органдарға бөлшек салық мөлшерлемесін жартылай төмендету құқығын берді. Содан кейін депутаттар салықтың бұл түрі шынымен жоғары деп санады. Халық қалаулылары мөлшерлемені тө­мен­дету керек деп есептеп, кә­сіп­керлерді толығымен қол­дады. Осы шара жүзеге асса, өңір­дегі кәсіпкерліктің неғұр­лым белсенді дамуына ықпал ететіні анық. Сондай-ақ кіріс­тер­ді «көлеңкеден» шығаруға мүм­кіндік береді.

Әр мәслихат аудандар мен қа­лалар деңгейінде салық мөл­шер­­лемесін қаншалықты азай­туға болатынын экономика­лық негіздемелер мен жергілікті бюд­­жетке әсер етуді ескере оты­рып, жеке шешеді. Өңірде осы ба­ғытта барлық қадам жа­сал­ған сияқты. Әйтсе де жыл аяқ­та­луға жақын, ешқандай шешім қабылданбады.

Кәсіпкерлер бұл жаңашыл­дық­ты оң қабылдады, өйткені оларға да шығындарының төмен­детудің бір жол осы. Сауда нүк­телерінің иелері мен қызмет көрсе­тушілер салықтан басқа, лицен­зияны пайдалану үшін де ақы төлейді. Сонымен қатар сақтандыру, зейнетақы және басқа да тұрақты жарналар бар. Осындай қаржылай кедергілер микро кәсіпорындарға қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік бер­мейді.

«Біздің бастамамыз бойынша Сауда жөніндегі салалық кеңес Жетісу облысының аудан­да­ры мен қалаларының бар­лық мәслихатына арнайы хат­тар жолдады. Алты ай күттік, түп­кілікті жауап берілмеді, не төмен­детіледі, не қалатыны қа­был­данбады. Дәлірек айтсақ, біз сауалымызға жауап алмадық. Ал кейбір жағдайларда, мысалы, Текелі қаласы мәслихатынан бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесі бойынша ұсыныстар түспегені туралы бізге хат келіп түсті», дейді сауда жө­ніндегі салалық кеңесінің төра­ғасы Эдиль Қазақпаев.

Неліктен үдеріс соншалықты ке­шіктірілді? Бұл әрекет кәсіп­кер­лер үшін түсініксіз болып отыр. Жауапты салалар осы уақыт бойы дайындық жұ­мыс­­тары жүргізілгенін айтуда. Тіп­ті жақын шамада ше­шім қа­­был­дауға уәде бер­генін ха­бар­­лады. Бірақ тағы да сиыр­құ­йым­­­шақтанып кете ме деген қауіп бар.

Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің ресми ақпаратына сүйен­сек, жергілікті өкілді орган бөл­­­шек салық мөлшерлемесін тө­мен­дету туралы оң шешім қа­был­да­ған жағдайда, бұл заң 2024 жылдың қаңтарынан бас­тап кү­шіне енуі мүмкін. Ал шешім ке­йінірек қабылданса, онда Са­лық кодексінің 696-3-бабының 5-тармағының нормасын ескере отырып, ЖӨО-ның бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі 2025 жылға шегерілмек.

Бүгінде Астана қаласында, Қызылорда және Қарағанды об­лыс­тарының бірнеше елді ме­кен­­дерінде халық қалау­лы­лары бөлшек салық мөлшер­ле­ме­сін шілдеге дейін төмендетуге да­уыс берген. Соның нәтижесінде мөлшерлеме төмендеген. Енді мұндай мүмкіндікті Жетісу об­лысының кәсіпкерлері де пайдаланып көргісі келеді.

 

Жетісу облысы