Биылғы қазан айында жарияланған рейтингте әлемнің үздік 100 мың ғалымының жетістіктері 22 ғылыми сала және 174 кіші сала бойынша талданған. Мұнда пайыздық көрсеткіштер белгілі бір тақырып негізінде кем дегенде 5 жұмыс жариялаған барлық ғалым үшін қарастырылады. Деректер базасы дәйексөздерді, жарияланымдар мен сілтемелерді көрсететін h-индексін, бірлескен авторлықпен жазылған жарияланымдарды есепке алатын hm-индексін, сондай-ақ құрама көрсеткішті (c-балл) қамтитын 200 мыңға жуық ғалымның қызметі туралы ақпарат береді. Есептеулер әр жылдың соңында Scopus жүйесіндегі барлық авторлық профильге негізделеді. Үміткерлер Scopus дерекқорындағы жарияланымның жоғары белсенділігі мен авторлардың дәйексөздері негізінде таңдалды. Жыл сайынғы рейтингті Стэнфорд университетінің сарапшылары Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтері бойынша жүйелі библиометриялық зерттеулер негізінде жасайды.
Ғалым Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан екі рейтингтен де орын алды. Оның біріншісіне кейінгі бір жылда ең көп сілтеме жасалған ғалым ретінде енсе, екіншісінде бүкіл еңбек жолында әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдар қатарында көрсетілген. «Мен үшін бұл жетістіктің маңызы зор. Өйткені біздің ғылымды әлем жұртшылығы мойындап жатыр. Университетіміздің, еліміздің осындай деңгейге жеткеніне қуаныштымын. Мұндай нәтижеге еңбек арқылы қол жеткізуге болады», дейді ол.
Айта кетейік, академик Р.Мырзақұлов 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 300-ден астам мақаласы импакт-факторы жоғары шетелдік журналдарда жарияланған. Қазіргі уақытта профессордың Scopus бойынша Хирш индексі 48-ге тең, ал сілтеме индексі 8189-ға жетті. 2022 жылы профессор ғылыми жетістіктері үшін физика және астрономия бойынша халықаралық Scopus сыйлығымен марапатталды. Ғалым Рәтбай Мырзақұлов оныншы жыл қатарынан еліміздің профессор-оқытушылар құрамының бас рейтингінде де көш бастап келеді.
Ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Теориялық физиканың Еуразиялық халықаралық орталығы» ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы әрі директоры. Солитондар теориясы алғаш рет Эдинбургте пайда болса, оны Қазақстанға тұңғыш алып келген осы Рәтбай Қағазұлы. Бүгінде әлемдік қауымдастықты толғандырған «Мырзақұлов теңдеулері» мен «Мырзақұлов гравитациясы» – академик еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар шетелдік физиктердің «Мырзақұлов гравитациясын» зерттеген мақалалары квартиль деңгейі ең жоғары журналдарда жарияланып жүр. Рәтбай Қағазұлы өмірін ғылымға арнаған жан. Тек, өзі ғана емес, балалары да ғылым саласында тер төгіп жүр.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті