Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жапонның түрколог ғалымы Наката Юконың «Біздегі ең үлкен миф – Жапон императоры құдайдан туды деген миф, біз оған тиіспейміз, өйткені ол – біздің рухани матрицамыз. Жапония осындай киелі құндылықтардан бастау алады» деген сөзі бар. Біздің қоғамға да бүгінгі таңда жетпей жатқаны осы.
Біздің қасиетті ұғымдарымыздың бастауы – фольклор, жыр, дастан, ертегі, қиссаларымызда. Бұл құндылықтарды балаларымыздың бойына ерте бастан қондыра білсек, олар ешқандай жат ағымдарға илікпейтін діңгегі берік, рухы асқақ, мызғымас тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Өкінішке қарай, біз оларға дәстүрлі танымды сіңірудің алғышарттарын жасай алмай отырмыз.
Бұрынырақ, отбасы институтының қағидаты берік кезде құндылықтарды ата-әжелерімізден жадымызға тоқыдық. Бұл контенттер арқылы жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен жауыздықты, ізгілік пен озбырлықты айыратын танымды сіңірдік. Соның арқасында батылдыққа, елдікке, әлсізге көмекке ұмтылатын асқақ ұғымдарға үйір болдық.
Ал бүгін ше? Бүгінде бала тұрмақ, жас ата-аналардың басым көпшілігі бұл құндылықтарды игере алмай отыр. Олардың түсінігінде бала тәрбиелеу – тек оны ас-су, жылы орын, киім-кешек тағы басқадан мұқтаж етпей өсіру болып қалды. Баланың әлемді тануға ұмтылатын рухани болмысы бар тұлға екенін ойлау кемшін. Бұл – өте алаңдатарлық үрдіс.
Сол себепті, өркениеттер қақтығысында ұрпағымыздың опық жемеуін ойласақ шұғыл түрде ескеретін кейбір мәселелерді айтқым келеді.
Біріншіден, балалар санасында еліктеушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыруымыз керек. Біз ұлттық-фольклорлық жыр-дастандарымыздағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын және ел қорғаған – Бөгенбай, Қабанбай, тағы басқа батырлардың, сондай-ақ Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіпкерлер кітаптарда, анимациялық фильмдерде автордың қиялына сәйкес әртүрлі бейнеленіп жүр. Сондықтан оларды балалар танымайды, танымағандықтан еліктемейді.
Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі кейіпкерлердің бір бейнесін анықтап, оны барлық ақпараттық арналар арқылы насихаттауды және шығармашылық ұйымдар мен авторларға тек сол бейнелерді пайдалануды міндеттеу бойынша шаралар қабылдауды қолға алуы қажет. Сонда ғана балалар Бэтмен, Спайдермен сынды жасанды қаһармандардан бөлек өз батырларымыздың кейіптерін санасында бірегей бейнеде сақтайды.
Екіншіден, бізде әлі де ұлттық контент жеткіліксіз, тіпті өте аз деуге болады. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, таным-түсінігі жат тілде қалыптасып келеді. Бұл – ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Сол себепті, ұлттық контент қалыптастыруға стратегиялық деңгейде маңыз беріп, ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шығармашылық өнімдерді субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырған жөн.
Үшіншіден, театрларға жүйелі қолдау қажет. Бізде бүгінде балалар театры мен қуыршақ театрлары жоқтың қасы. Театр – балалардың санасына адамзатқа ортақ мәдениетті, ізгілікті, ұлттық құндылықты сіңірудің ең үлкен ұтымды құралы. Бүгінгі таңда республика бойынша бар болғаны 7 балалар мен жасөспірімдер театры, 7 қуыршақ театры бар. Алайда бұлардың барлығы тек облыс орталықтарында орналасқан. Аудандық деңгейлерде қуыршақ театрлары тіпті жоқ. Сондықтан өңірлерде балалар театрлары мен қуыршақ театрларын ашудың мемлекет-жекеменшік әріптестік тәсілдерін қарастыру аса маңызды.
Қазір ел көлемінде 260 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Олардың барлығы жеке кәсіпкерлердің, демеушілердің көмегімен салынуда. Әрине, біз мешіт салуға қарсы емеспіз, десек те жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді мәдени ағарту нысандарын салуға да үндеуі, оның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын түсіндіруі керек. Орайы келгенде айтылғаны жөн, мысалы, Қызылорда облысында кәсіпкерлердің демеушілігімен көптеген әлеуметтік нысанның құрылысын салу дәстүрге айналған. Бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен жалпы жиыны 37,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы, 650 орындық музыкалық колледж, 350 орындық оқушылар сарайы, 100 орындық орта мектеп, мәдени-демалыс парктері, кәсіпкерлер үйі, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа ғимараттарының құрылысын салу, тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Төртіншіден, балалар театрларының, қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорымызға негізделген қазақтілді қойылымдар жоқтың қасы. Бірен-саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Отандық балалар драматургиясы мүлде кенжелеп қалды. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлар, драматург-қаламгерлер, креативті индустрияның жарқын өкілдері осы салаға баса назар аударғаны жөн. Төл әдебиетімізде, фольклорымызда, ертегі жыр-дастандарымызда тақырып та, мазмұн да, контентте жеткілікті. Тек оны тартымды заманауи форматқа салып көпшілікке жеткізу ғана қалып отыр. Орайы келгенде озық үлгі ретінде айта кетейік, 90-жылдардағы қаржы тапшылығына қарамастан жоқтан барды құрап, қуыршақ театрын ұйымдастырған мәдениет саласының майталманы, КСРО Мәдени-ағарту ісінің үздігі, Мәдениет қайраткері, қызылордалық Тілеген Бекарыстанов ағамыздың жанкешті еңбегі ел жадында.
Бесіншіден, бүгінде ең өзекті болып отырған мәселе – балалар музейін ашу бастамасын қолдау. Жалпы, музей ісі – маңызды саланың бірі. Әлемдегі дамыған елдер Музей индустриясын әлдеқашан құндылықты дәріптеудің кешенді құралына айналдырып үлгерді. Мысалы, Жапонияда концептуалдық тұрғыда өте жоғары бағаланатын қарапайым ғана бір музей бар. Ол – балықшы кәсібіне арналған музей. Музейде балықшының еңбек құрал-саймандары, киім-кешегі, үй-жайы көне заманнан бүгінгі күнге дейін қандай эволюциялық жолдан өткені түгел көрсетілген. Жапондар «Әлемдік кеңістікке шығуға бізге себепші болған осы балықшы кәсібі, біз осы балықшылардың ұрпағымыз» дегенді мақтанышпен айтады. Бұл – жапондардың ұлт ретінде атакәсібіне деген құрметі. Ондай музейлердегі жәдігерлер, материалдық құндылықтар арқылы олар өздерінің бүгінгі тұрмыс-тіршілігін өткенімен сабақтай алады.
Ата-бабаларымыз ең алғаш болып жылқыны қолға үйретті, қатал табиғатта мал бағудың жүздеген тәсілін меңгерді, мал өнімдерін керегіне жаратып, талай азық-түлік түрлерін шығарды. Осы шаруашылыққа қажет мыңдаған құрал-жабдықты ойлап тапты. Бұған Ұлы даламызды әлемге танытқан ежелгі ескерткіштеріміз – Ботай мәдениеті мен Бозоқ қалашығы айқын дәлел. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біздің кейбір ұрпағымыз ата-бабасының малшы болғанын қабылдай алмайды, тіпті намыстанады. Бұл біздің осындай шаруашылық сабақтастықтан ажырап қалғанымыздың салдары.
Осы орайда, әлемдік тәжірибені кеңінен зерделеп, музей ісін дамытудың жаңа тұжырымдамасын әрлеу, соның ішінде Еуропа елдеріндегі секілді балалар музейін дамыту ісіне баса көңіл бөлу керек.
Алтыншыдан, ұлттық құндылықтарды, фолкьлорлық тұлғаларды онлайн платформаларда дәріптеу мақсатында, тартымды комикстер, әлеуметтік желілерге арналған позитивті стикерлер, тез таралатын вирусты роликтер әзірлеуді қолға алу қажет. Бұл жұмыстарды іске асыруға, жоғарыда айтып кеткенімдей, креативті индустрия өкілдерін кеңінен тарту аса маңызды.
Атақты америкалық «Дисней» компаниясының белді өкілі Рой Диснейдің «Құндылықтарыңның не екенін білсек, шешім жасау қиын емес» деген сөзі бар. Біздің ел өз құндылықтарын анық түсіне бастады. Енді оны жанымызды сала қорғап, ұрпақ санасына сіңіретін уақыт келді.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты