Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2023

Қостанайда тағы бірнеше адам үйінді астында болуы мүмкін

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қайрат Қасым Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында құлаған ғимараттың жай-жапсарын айтып берді. Оның айтуынша, үйінді астында тағы үш адамға дейін болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда тағы бірнеше адам үйінді астында болуы мүмкін

«Камаз орталығының аумағында газ-ауа қоспасының жарылғаны туралы хабарлама түсті. Ғимарат құлады. Сағат 15:00-де үйінді астынан үш адамды алып шықтық. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 12 адам зардап шегіп, оларға медициналық көмек көрсетілген. Екеуі үйлеріне жіберілді, қалғандары әлі ауруханада. Жұмыс берушілердің тізімі бойынша үйінді астында үш адамға дейін болуы мүмкін, бірақ бұл ұйымға қатысы жоқ тағы қанша адам бар екені белгісіз. Яғни, бұл клиенттер болуы мүмкін. Сондықтан қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Компанияның қандай қызмет көрсеткенін нақты айта алмаймын», деді журналистерге Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қайрат Қасым.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары мен зақымданған техникалардың қалдықтары іздеу жұмысын қиындатып тұр.

«Бірақ қажетті құрал-жабдықтарды әкелдік. Біз қорқатын жалғыз мәселе - үйінді астында қалғандарға зиян келтірмеу», деп қосты Қайрат Қасым.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат шамамен 12:36-да Қостанай қаласындағы Амангелді елді мекенінде газ жарылып, бір қабатты ғимараттың төбесі опырылып жерге түсіп қалды.