Тағзым • 11 Желтоқсан, 2023

Қалижан ақынды еске алды

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кенесары хан­ды, Нау­рызбайды ма­дақтайтын «Ба­тыр Науан» атты поэма жа­зып, кейін осы шығар­масы үшін қуғын көр­ген ақын Қалижан Бек­хо­жиннің өмірі күреске то­лы.

Қалижан ақынды еске алды

Суретті түсірген – автор

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, ақын-аудармашы Қалижан Бекхожиннің 110 жыл­дығына орай «Ертістің қай­ратты қаламгері» атты әдеби еске алу кеші өтті. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мұрындық болған іс-шарада тұлғаның кітаптары мен жеке заттарынан көрме ұсынылды.

Ақынға «Менің замандастарым» кітабы үшін ҚазКСР-ның Абай атын­да­ғы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ке­йін өрен ұрпақты отаншылдыққа бау­лу мақсатында «Жусан» поэмасын жазды. Жазушы, ардагер журналист Ға­лым­­бек Жұматов атап өткендей, кір­шік­­сіз махаббаттың рәмізіндей бол­­ған «Дудар-ай» әні негізінде «Ма­риям Жагорқызы» атты поэма жаз­ған қаламгер ауыз әдебиетіміздегі лиро­эпостық жырларымызды жаңа бір қырынан сәтті жалғастыра білді. Ал «Әп­пақнамесі» адал да таза сезімге бау­­лиды.

Филология ғылымдарының док­торы, профессор Сейфиддин Сүтжанов Қалижанның әкесі Нұрғожа заманында елге белгілі ақын атанып, атақты Ақан серімен, әулие Мәшһүр Жүсіппен, Иса Байзақовпен, өнер қай­раткері Нұрлыбек Баймұратовпен айтысқа түскенін әңгімеледі. Нұрғожа Троицк қаласындағы Зейнолла ишан­ның медресесін үздік бітірген. Кейбір болыстарды шенеп сын айтқан. 1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін басып шығарғанда жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген.

Ертіс-Баян өңірінде туып-өсіп, ақ басты Алатауға қанат қағып, қазақ әдебиетінің айтулы сайыпқыраны­на айналған Қ.Бекхожиннің есімі отты жырлары арқылы ел есінде мәңгілікке сақталады деп сенеміз. Ақын­ның ар­тындағы мол мұрасы қазақ әде­биетінің жауһарларына айналып, жыл өткен сайын жарқырай бермек.

Бүгінде Алматы, Павлодар қала­ларындағы көшелер, Павлодар қала­сындағы бір мектеп ақын­ның есімімен аталады.

 

ПАВЛОДАР