Таным • 11 Желтоқсан, 2023

Ата (Эссе)

425 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Ата дегенде «Ел бірлігі» деген тіліме оралады. Ел бірлігі үшін ата мен немере арасындағы сабақтастық жібі үзілмеуі керек. Ата мен немере арасында әке бар. Ел бірлігін қамтамасыз ететін үш тұлға: ата, әке, немере. Үш буын, оған сай үш құндылықтар жүйесі. Сабақтастық жібі үзілмеуі керек, егер үзіле қалса, оның қай жерден үзілгенін тауып жалғау парасаттылықты қажет етеді. Парасат иесі кім, әрине, ол – ата.

Ата (Эссе)

Есім атам ел ішінде беделді болды. Неге десеңіз, ол кісі алаламады, басы артық сөз айтпады, оғаш мінезбен көзге түспеді. Атам туралы жақсы сөздерді бала кезімнен жиі естіп өстім, олар – санамдағы архетиптер. Бүгінде жұрт аузындағы атам туралы естелік сөздерді саралап отырсам, ол кісінің расында өз ортасында тұлғалық, ақсақалдық дәрежеге жеткені анық екен.

Ол кісі: «Адамның мінін бетіне бас­па», деп отыратын. Осындай мінез байлығы өзім ұстаз санайтын академик Зейнолла Қабдоловқа да тән еді. Заман желі қойыннан да, қоныштан да соққанда бір ағайындар Зекеңнің үстінен жоғарғы жаққа «домалақ қағаздар» жіберіп, оның әбден мазасын алған екен, кейін осы жағдай сөз болғанда марқұм Зекең:

– Қайтесіңдер оны айта беріп, ондайларды аяу керек, – деп келте қайырып тастағаны есімде.

Ауыл, ел іші болған соң, әңгіме-аян, жел сөздер болмай тұрмайды, кейде сондайлардың бір «қапшығын» буып-түйіп жинап атамның алдына әкеп, «қап аузын» шешіп, ішінен неше түрлілерді шығарғысы келген ағайынға:

– Қарағым, сөз теріп қайтесің, кімнің болсын жауап берер жері бар емес пе, адамның адамға сот құрғаны дұрыс болмас, – деп тиып тастағаны есімде.

Атам замандастарымен бірге бірінші жаһандық соғысқа қолдарына күрек, қайла алып қатысты. Минскінің түбінде қара жұмыста (окоп қазуда) болды. Сонда жүріп Әлихан Бөкейханмен жүздесіп, сұхбаттасты. Осы кездесуді атам ерекше леппен айтатын. Бала кезімізде бізге «төре деген жау» дегенді әбден санамызға шегелеп тастағандықтан, атамның әңгімесіне тіксініп қалатынмын. Жаны шуақ, мейі­рім­ді менің сүйікті атамның аузынан ма­ған­ түрпідей тиетін «Әлихан төре» деген сөз шығатынына таңғалатынмын. Тарих пәні мұғалімінен осы бір төре туралы сұрауға талай оқталдым, сұрамадым, атама деген сүйіспеншілігіме күдік түсе ме деген іштей қаупім болса керек.

 

* * *

Атамның адамдарды алала­май­ты­ны­ның талай куәсі болдым. Ол шежірешіл еді, бірақ, оның шежіресі адамдарды бір-бірінен алыстатпай, керісінше, туыстырып, түптің түбінде «қарға тамырлы қазақ» дегенге бастап әкелетін. Бұл шежіре мәдениеті. Сірә, менің «бар қазақ – бір қазақ» деп жүргенім, осы отбасындағы қалыптасқан шежіре мәдениетінен өсіп-өнсе керек.

Атамнан тағы бір қалған сөз «қарақ­та­рым, неге қазақша сөйлемей­сің­дер», дейтін. Мен таңғалатынмын, бәрі қазақша, бірақ ол:

– Бұл қазақ тілі емес, – деп тіл тазалығын әрі сөз мәнісін бұра сөйлегендерге көңілі толмайтын. Ол кісі сөздің ұлағаты, сөздің мәйегі болады деп отыратын. Бала болып көп сөздеріне мән бермедім, тіптен ұғына алмадым, бірақ «сөз ұлағаты» деген есімде қалыпты.

Біріншіден, бұл ғылыми лексикадағы, сірә, сөз семантикасына қатысты мәселе, екіншіден, сөздің образдылығына, үшіншіден, «дөң астынан» тұспалдап сөйлеу тәсіліне қатысты болса керек.

Атам әйел затының «тіліне» жетік еді. Әлденеге қиналып келген келіндерінің атамның кеңесінен кейін риза болып тарқасқандарын талай көрдім. Не айтты, толық біле бермеймін, әйтеуір отбасын сақтауды үлгілі іс дегеніне күдігім жоқ. Ол келіндерді мадақтап, қолпаштап отырғанды ұнататын.

Үйге тіптен бір келген адам болса да:

– Қарағым, үйдегі келін тәуір бала екен, – дейтін.

Ол:

– Ақсақал, келініңізді көрген жоқсыз ғой, – десе:

– Көріп қажеті жоқ, мен өзіңді көріп тұрмын ғой, келіннің жақсылығын сенен аңғарудамын, – деуші еді биязы мінезіне түсіп.

Келген қонақ дән разы болатын. Былай қарағанда сәл нәрсе секілді, істің астарына үңілсек, ұйысқан отбасының көрінісі шынында да түзде жүрген ер адамның тұла бойынан, киім-киісінен аңғарылмай ма?

Тағы бірде ол кісінің әйел жақсыны да, жаманды да көбінесе күйеуінен алады, содан оны балаларына үлестіріп береді, сонда кей балаға жақсылықтар, қайсыбіріне келеңсіздіктер «егіліп» кетпек, содан кейін бір ата, бір анадан қалайша бұлай болды деп жатамыз дегені есімде қалыпты.

Мен әр адамды да от демекпін. Отсыз адам жоқ. От азайса адам қартаяды, от сөнсе адам тірліктен қалады. Тәрбие деген адам бойындағы отты өшіріп алмау немесе шамадан тыс өршітіп алмау, екеуі де қауіпті. Оттың от қалпында жануын мен адамшылық өрісі деймін. От лапылдап кеткенде экстремистер, террористер, революционерлер, соғысқұмарлар өсіп шықпақ. Грек мифологиясындағы құдайлардың отты адамдарға бермегендігінің мәнісі де осы болса керек. Құдайлар бермеген отты ұрлап алған Прометей бейнесі революционерлердің символы болғаны да көп мәселені аңғартады. Қазақ дүние­таны­мын­да сабыр деген ұғым бар. Сабырлы болу – ақылдылықтың, зиялылықтың белгісі. Парасатты адам сабырлы болады. Атамда мінез сабырлығы мол еді.

 

* * *

Біздің алдымыздағы үлкендердің дені өтірік айтты, бізді алдады, санамызды жалған іліммен улады, екі жүзді болды, ал, Есім атамның аталары ондай іске бармаған сыңайлы, олардың табиғаты бөлек, сенімі, діні таза, ата-баба өсиеттеріне адал болды, олар жастарды жалғандыққа, өтірікке үйретіп, саналарын уламады. Біздің ұрпақ, қазақ болғанымызды «кінә» етіп таққан заманда ғұмыр кешті. Бай – надан, би – алдаушы, қазақ болып ғұмыр кешу артта қалушылық, қазақ мектебінде білім алу – сауатсыздық, алда – «жарқын болашақ коммунизм». Мұның бәрі біздің табиғатымызды, бойымыздағы отымызды бұзды, рәсуа етті. Сол шұңқырдан енді-енді шығып келеміз.

Өтірігі мол қоғамда сабыр деген өз мағынасын жойып алады екен. Мұндағы сабыр деген айтқанға көн, айдауға жүр деген – құлдық сана шырмауы. Төзімділік дұрыс шығар, бірақ неге болсын төзу, ол – тұлғаның еркінен айырылғаны, адамның «менінің» жойылғаны. Кеңес заманы бізді осылай тәрбиелеп, бойымыздағы отымызды «мұз-сенім» коммунизмге апарып өшірді.

Хакім Абайдың қайғы шығар ілімнен дейтіні осы. Ілім деген шайтандық, ал шайтанда сабыр бар деп кім айтты?

 

* * *

Атам «исі қазақ» деген сөзді жиі айтушы еді, сонда ойлайтынмын, қазақтан өзге иіс шығып тұра ма деп. Рас, қазақтың өзіне тән «исі» барына көп кейін ғылыми ізденістер арқылы жетіп, оны ғылымда «менталитет», «діл» деп айтып, жазып жүр. Тегінде, ол кісі «исі қазақтарды» ғана емес, күллі өзі көріп, біліп жүрген адам баласын тең санайтын. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары алапат соғыс басталды. Фашистермен соғыс майданына атамның төрт ұлы: әкем, інілері Жәлел, Қану, Әдият араласты. Үлкен ұлы ақын жанды, суретші Сәтжан «халық жауы» болып түрмеде қайтыс болды. Елде қатын-қалаш, бұғаналары бекімеген бала-шаға шуылдап қалды. Күнде майданнан «қара қағаз» келіп, жұрт азан-қазан, сонымен бірге қай майданнан бір кем емес ұжымшар тірлігі. Тұрмыс деген әйтеуір өлместің күні, аштық, жалаңаштық дегендер өрт болып тұрған кез. Оның үстіне бір артық ауыз сөз болса, сен «халық жауы» болып «ит жеккенге» кете барғаның. Бір уыс бидай ұрлағанның күні 15 жылға сотталу. Хал осылай, бірақ күн көру, өмір сүру, болашақтан күдер үзбеу керек. Барға тәубе еткеннен өзге амал жоқ. Осындай жағдайда Лебяжі ауданының кейбір елді мекендеріне Кавказдан чешендерді және Еділ бойынан немістерді тасып әкеле бастады. Ол кезде өмірде жоқпын, естіге­німді айтамын. Күндердің бір күні Жал­тыр көлі жағалауында отырған шағын ауылға ұжымшар жұмысына салу үшін екі-үш чешен отбасы әкелген, олар жа­дап-жүдеген, аш, атам олармен аман­дасуға барып, халдерін көріп, басқармаға:

– Қарағым, мыналарды мен үйіме алып кетіп екі-үш күн тамақтандырайын, мұсылмандар екен, – десе, басқарма:

– Есеке, бұл жаулар, немістерге сатыл­ған, бұларға аяушылық болмасын деген нұсқау бар, – деп қамшысымен жоғарғы жақ­ты көрсетеді. Атам айтқанынан қайт­пай:

– Қарағым, өзің қамшымен көрсетіп тұрған жоғарғы жағың, бір Алла. Бәріміз Алла Тағала алдында теңбіз, бұлар мұсыл­ман­дар, сөзімді тыңда, – дейді.

Үш-төрт күн еркіндікте чешендер тәп-тәуір болып, естерін жиып алса керек. Бұл менің естігенім, ал енді көргенімді айтайын.

Жалтыр көлі жағалауында отырмыз, мектеп жасына ілікпеген кезім, үйге сау етіп бір топ чешен түсе қалды, ішінде жиі қатынасып жүретін қазақша судай чешен бар, қалғандары қазақша түсінбейді, маған әсер еткені кең қалпақтары.

– Ақсақал, мына кісілер Кавказдан біздің тұрмысымызды көргелі арнайы келгендер, қадірлі адамдар, олар сіздің ауыр жылдары бізді паналатқаныңызды естіп, рахмет айтуға және Кавказға қонақ болып қайтуға шақыра келіп отыр, – деді.

Келгендер рас, рас дегендей бастарын изесті. Атам:

– Меймандар қонақ болсын, сенің қонағың болса, менің қонағым, айт, кісі күту мұсылмандық, мен бар болғаны парызымды орындадым, – деді.

Таныс чешен аударып жатыр, аналар өз тілдерінде шуласып кетті. Атам:

– Құдай қаласа, барам Кавказға, бірақ кейінірек, – деді.

Араға бір-екі жыл өтіп, тағы да Кавказ­ға­ барып қайтуға шақырып чешендер кел­ді. Қазақтың ана-мына жағдайы бітуші ме еді, жол түспеді.

Еділ бойынан шұбырып немістер келді. Көргенім жоқ, естуім, ауыр халде­ жет­кенге ұқсайды. Соғыстың нағыз қыз­ған кезі. Ел ішін «қара қағаз» жайлап кет­кен. Неміс десе соғыс, неміс десе фашист болып, ыза-ашу бетке шығып тұрған мез­гіл. Атам келген немістерді аралап жүріп, әб­ден діңкелері құрыған екі-үш балалы отбасын үйіне алған. Көрші-қолаңдар:

– Есім, мұның не, фашистерді асырап, – деп шу шығарғанда:

– Бұлар фашистер емес, адам баласы ғой, бұл бейбақтардың соғысқа қандай қатысы бар, – деп көнбепті.

Сонда атаның кіші баласы Әдияттан «қара қағаз» келген кез болатын. Ойлай­мын, менің атам ақылды емес, кемеңгер болған адам. Әйтпегенде, чешендер сияқ­ты немістер мұсылман да емес, тілі, діні бөлек, бірақ адам баласы деп, оларды атам туыс көріп қабылдаған. Бұл бейбіт, мамыражай заманда айтарға жеңіл сөз. Тағы да ойлаймын, «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген хакім Абайға бар ғылыми ізденісімді арнағаным да осы ата тәрбиесі болар деген ойдамын.

Батыс Еуропаның гуманисті Альберт Швей­цер адамзат баласының ауыр ха­ліне Еуропа жұртшылығының кінәсі бар­ деп Габонда өмір бақи дәрігерлік қыз­мет атқарды, сондықтан менің санам­­да Наполеон, Гитлер, Сталин, т.б. қанқұ­мар­лар­ға орын қалмаған.

Ата тәрбиесінде болғандықтан мен ізгілік деген мұсылмандық деп өстім. Атам Алла Тағала жолындағы кәміл мұсылман еді, бәрін білуші бір Алла!

Ол кісі әңгімешіл еді. Әңгімелері таусыл­майтын, түрленіп, нәрленіп, құнар­ла­нып отыратын. Өзі келісті, келбетті жан еді. Көп адам көзіне көзін тігіп тура қарай алмайтын. Ат жақты, дөңес қыр мұрынды, тыныс арнасы кең, бірақ жұқа болатын. Ерні қалың емес, жұқалай ма, қалай? Екі бетінің жоғарғы түсі қызғылт тартып тұратын, өзі аққұба еді, маңдайы қасқа, биік, құлақтары әдемі, дөмбелше, ол кісінің отырғаны кейбіреудің түрегеп тұрғанындай маған әсер қалдырушы еді, өте қарулы еді. Жамбасының астында қылшылдаған өткір балтасы, бәкісі, ұстарасы және ақшасы болатын, кей-кейде екеуміз отырып санап қоятынбыз.

1916 жылы қара жұмысқа, майданға барғандағы әңгімесін айтатын.

– Күні бойы окоп қазып, кешке қазақ­тар жиналып домбыра тартып, ән саламыз, қалған уақытта мен әңгіме айтамын, құдайдың құдіреті, бір айтқан әңгімемді ешқашан қайталамадым, – дейтін.

Атам Есім дүниеден өткенде он алты жастамын, өкінішті. Бұл әлі де «ойын баласының» жасы, атамды қазына деп бағалайтын кез емес еді. Оның үстіне атам өмірінің соңғы жылдары бізден жырақ Қазантайда тұрды, жиі қатынас болмады. Соңғы жылдары қолында болғанымда біршама әңгімелерді есімде сақтап қалар ма едім деймін. Ата мен немеренің жиі жолығып тұруы сабақтастық үшін аса қажетті шара, ынталы жасқа ата деген телегей-теңіз ақпарат арнасы емес пе?

Сонда да жадымда сақталған бірер сөздерге тоқталғанды жөн көріп отырмын. Есім атам бес уақыт намазын қаза қылған емес, бірақ әдеттегідей діндар емес еді. Дін мәселесіне қатысты әңгіме бола қалғанда, өзінен екі жас кіші Әлім атама жөн сілтеп:

– Мұндай дін ісіне қатысты шариғатты Әлімнен сұраңдар, оның оқуы терең, – деп отырғанын талай естідім.

Кіші атамыз (бәріміз Әлім атаны солай атайтынбыз) шынында да нағыз ғұлама. Үйіне қашан барсам да қолында кітабы, сәлем алып, қысқаша жөн сұрасқаннан кейін қайтадан өз кәсібіне икемделген соң, ақырындап бөгет жасамайық деген сыңаймен шығып кететінбіз. Бірақ ауыз үйде Биғайша апамыз шай жасап күтіп отыратын, жарықтық. Кіші атам шайға кейде ғана келетін, көбінесе апаммен сұхбаттасып, шай ішіп үйден разы болып аттанатынбыз. Себебі мен де, өзге туыстар да кіші атамның үйін қасиетті деп санайтынбыз, бұл бір, екіншіден, бұл Сексенбай бабамыздың шаңырағы деп есептелетін. Өткен-кеткенде кіші атамның үйіне арнайы барып сәлем бермеу, мен үшін – әдепсіздік. Әкем осылай деп менің санама әбден құйып тастаған. Өз тарапымнан кіші атамды ерекше жақсы көремін, ол араб, парсы тілдерін жетік меңгерген әрі кісі емдейтін қасиеті бар ерекше жан. Мен өз атам Есімнің інісі Әлімнің қатар өмір сүрген кездерін, ғұмырымның сәулелі күндері, жылдары деп анық айта аламын. Себебі олар заманының кемеңгерлері еді. Бұл – жұрт пікірі, менің оған алып-қосарым жоқ. Ағайынды екеуі елдің ырысы да, құты да еді. Жан жылытатын сөз керек болса, Есім атам, жүйкесі тозған дертті немесе дін ісіндегі түйткіл болса, кіші атам. Олар кісілік пен ізгіліктің үлгілері, елдің жақсы адамдары болатын. Лебяжі ауданы мен селосындағы сол кездегі тұрғындары ақыл-кеңес, қайғы-мұңы болса, осы кісілерге келіп, жадырап шығып бара жатқандарын бала болсам да аңғарып қалдым.

Есім атамның айтты деген сөздеріне оралсақ, ол кісі «Желмен келіп, желмен кетер жел сөзге ермеңдер», деп отыратын. Рас. Жасым ұлғайған сайын осы сөздің мағынасы ашыла бастағанға ұқсайды. Желмен не келмейді, жел болып не кет­пейді, сонда қалатыны не? Ертедегі жырау­­­лардың су түбінде жатқан сөз деген мең­зеу­лері де осы мағынада айтылған емес пе? Тілімізде әмбебап, ғылымда «универсал» деген түсінікті қолданамыз. Заманнан заман өсіп-өнгенмен, су түбінде қалатын құндылықтар болады, атам әңгімені солар төңірегінде өрбітетін. Ел ішінде адамдар мінез-құлқына, іс-қимылына қарай сан түрлі болатыны белгілі жай. Сондай мінезі алып-ұшып тұратын «көше сөздерін» жинап, отырған жерінде оларды «жыр» ететін атамның бір замандасы:

– Есеке, сіз Әлеке (кіші атамды айтады) бір ата, бір анадан туғансыздар, бірақ мінездеріңіз мүлдем басқа. Әлекеңе сәлем бере барсам, сәлемімді алып бірер сөзден кейін бұрылып, кітабына үңіліп, мені жан деп есепке алмайды, мұнысы қалай, Есеке? – дейді.

Атам бірден жауап бермей, әлгі адам тағы не дер екен деп, оған көзін қадап бір сәт отырды, ананың дегбірі қаша бастады. Атамның көзі ашық жасыл, өткір еді.

– Қарағым, Әлім молда, дін жолында, ол желмен кетер сөзге мойнын бұрмайды, реніш қылма, оның мінезі тұйық, – деді.

Жел сөз деп отырғаным, «өсек сөз­дер», кей-кейде осындай сөздерді тере­тін әжептәуір билік басындағыларды кездес­тіргенде есіме атам түсіп, «әттең, шіркін, оқуың болғанмен, тәрбиең шамалы болған-ау», деймін ішімнен. Қазақ тәрбие деген сөзді «көрген» дегенмен білдірген. Парықсыздау жанды қазақ, оның көргені жоқ екен деп жатады. Осы көргені жоқ дегенге тағы да Есім атама қатысты мысал.

Атам сексен бестен асқан шағында ата-баба зиратына жақын Қазантай деген ауылға қоныс аударды. Өрімдей сұрыпталған қарағайдан кең үй салдырып, сонда тұрып жатты. Шағын ауыл үшін атамның қоныстануы оқиға, ауыл-аймақ, көрші-қолаң тегіс, жекжат-туыс­тар, құдалар, көзкөргендер, сол арада өсіп-өнгендер. Қазақы дәстүр бойынша, тегіс сәлем беріп, құтты қоныс айтып жатыр, ерулік деген одан кейін болатын шаруа, әуелі сәлем. Ата дәстүрі үлкендер болғанда бұзылған емес. Ай өткен шамада бір үйден кейін тұратын көрші азамат сәлем бере келіп:

– Ақсақал, шаруадан қол босамай кештетіп келіп отырмын, ғафу етіңіз, – депті аңғал ағайын.

Сонда атам көрші азаматтың сөздерін мұқият тыңдап алып, былай депті:

– Қарағым, саған қандай өкпе, жұмыс­бас­тысыңдар, бала-шаға қамы бар, сәлем беріп ата салтымен келгеніңе дән разымын, айналайын, мен ренжісем, анау Сүлей­менге ғана ренжимін ғой, қарағым, – депті.

Сүлеймен сәлем беріп отырған азамат­тың әкесі, атамның құрдасы екен, жібі түзу бол­ғанымен, кісілігінде міні барын ел айтады. Әкең солай болғанда сен одан асып қайда барасың деген меңзеуді әңгімеге куә болып отырғандар маған талай
айтып беріп:

– Есекең кемеңгер еді ғой, – деп тамсанатын.

Ол кісі «Мекке – әркімнің өз үйі», деп­ отыратын. Бүгінгі түсінікке салсам, тура айтылған сөз. Отбасы ұрпақ өсетін, тәрбие алатын азаматтық мектеп, әрине, ол сондықтан әркімге Мекке. Отбасыңды Меккедей қадір тұтпасаң, Меккеге барып не таппақсың? Есім атамның өзінен санағанда алтыншы атасы Кенебай бидің немересі Нұрекең қажы Меккеге тоқалы екеуі үш жыл жүріп барып қайтқан, ол бай, діндар адам, баласы дуанбасы полковник Түйте, оның баласы Темірғалы Нұрекенов Ресейдің ІІ Мемлекеттік дума­сының депутаты болған, бай, ол да қа­жылыққа барған. Қажылық – отбасы­ның әңгімесі толық, дәулет болған соң атқарылатын мұсылмандық іс. Отба­сына, бала-шағаға, күйеуіне қарамай Мек­кеге тура шабатындарға Есім атам­ның «Мекке – әркімнің өз үйі» деген сөзін айт­қым келеді. Бұл қазақ бабам ұққан адам­ға «Көрпеңе қарай көсіл» деген емес пе?

 

* * *

Есімде анық қалған оқиға. Никита Хрущев­тің өрлеп, бет қаратпай тұрған кезі. Әдеттегідей, үлкен астан кейінгі әңгі­ме саясатқа ауысты. Сталинді жерден алып, жерге салып жатқан идеологиялық нау­қан.

Атам партия қатарында болмаған, социа­лизмді жанымен қабылдамаған, діні­нен айырылмаған, ата-дәстүрін, тілін, ойын таза сақтаған, кісілікті, парасатты адам деуіме дәлелдерім жеткілікті, солар­дың біразын ғана қағаз бетіне түсіріп отыр­мын.

Әңгіме қыза келе, түйінді сөздің мезгілі жетті-ау дегенде, Есім атам бір сілкініп, тамағын кенеп:

– Естеріңде болсын, бұл өкіметтің ғұмыры ұзаққа бармайды, оны мен көр­мей­­мін, сен (әкемді нұсқап) шет жағасын көресің, ал мынау (мені нұсқап) сол заманда ғұмыр кешеді, – деді.

Отырғандардың бірі сәл үнсіздіктен кейін:

– Еске, неге олай дейсіз, – деді.

Атам:

– Олай дейтінім, бұлар бірін-бірі жамандап жатыр. Басшылары бірін-бірі ғай­бат­­таған өкіметтің ғұмыры қысқа. Ондай ғибрат өткен замандарда болған. Баласы әке­сіне, інісі ағасына қарсы шыққан пат­ша­­лар­дың елдері өзгелерге жем болып отыр­ған, бұл да соның кебі, – деді.

Ешкім наразылық білдірмеді, қабыл алды, келісті.

Бүгін ойлаймын, неткен көрегендік. Кемеңгерліктің өзегі – көрегендікте. Атам айтқандай болды. Сталинге қарсы шыққан Хрущев тәлтіректеп барып өліп тынды. Билікке Михаил Горбачев келді, ол кезде әкем бар, тәуелсіздікті көріп, ол кісі 1993 жылы дүниеден өтті. Мен болсам, Есім атам айтып кеткендей, мүлдем өзге заманда ғұмыр кешудемін. Таңғаламын. Саясаткерлер, кеңес заманында басшылық қызметте болғандар:

– Біз КСРО-ның ыдырауын білмей қалдық, – деседі. Ал ауылдың оқымаған ақса­қалы ХХ ғасырдың елуінші жыл­дарының соңында әлемді түпкілікті өзгертетін геосаяси оқиғаны сезіп-біліп, болжап айтып кеткен. Сонда оқыған кім, кемеңгер кім, сауаттылық деген не?

Қадірлі оқырман, санаңызға салып ойлай беріңіз, жалпы исі қазақ ауылының ақсақалдары тегіс көреген, кемеңгер болған, мен солардың бірін ғана баяндап отырмын!

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик