Аутизм дертіне душар болған балаларға бұған дейін де көмек көрсетіліп келген. Дерекке жүгінсек, жаңа орталықта 1,5-18 жас аралығындағы 125 бала өз ісінің шебері саналатын мамандар тарапынан тегін көмек алмақ. Сондай-ақ олардың ата-аналарына да түрлі деңгейде қолдау көрсету жағы қарастырылған.
Орталықтың ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
«Билік тарапынан балаларға, қарияларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдан келгенше қолдау көрсетіліп жатыр. Оларға қоғамда тең жағдай қалыптастыру үшін жергілікті атқарушы билік те мүмкіндігінше жұмыс атқарып келді. Балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің де, азаматтардың да асыл борышы екені даусыз. Сондықтан біз бұл мәселеге басымдық беріп отырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында біраз тірлік тындырылғанын айта кеткен ләзім. Жалпы, облыста 45 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларды қолдау мақсатында 3,5 млрд қаржы қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», деді Е.Қарашөкеев.
Іс-шара барысында сөз алған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова аутизм дертіне шалдыққан балалардың толыққанды сауығуы үшін орталық мамандары және қоғамның қолдауы ауадай қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде өңір басшысы Е.Қарашөкеев орталықтың ашылуына мұрындық болған барлық тарапқа алғысын білдірді.
Жаңа орталықта логопед, дефектолог секілді өзге де мамандар жұмыс істейді. Олар ерекше балаларға ава-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар өтеді екен. Мамандар әр баланың қабілеті мен қажеттілігіне сәйкес әдіскерлер арнайы әзірлеген бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізеді.
Орталық директоры Рашида Каримова жаңа нысанның 125 балаға арналғанын айтып отыр. Оның сөзіне сенсек, орталықта аутизмі бар балаларды емдеуге қажетті барлық жабдық бар.
«Біздің орталықта 30-ға жетеғабыл түрлі кабинет бар. Мұндағы кабинеттің барлығы қажетті жабдықтармен жабдықталғанын айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, балаларды сауықтыруға қолдан келгенше жағдай қарастырылғаны қуантады. Орталық қызметкерлері өз қызметін медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы негізінде және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес атқарады. Жамбылдықтар ұзақ уақыт күткен орталықтағы мамандар ерекше балаларға қолдан келген көмегін көрсетуге әзір», дейді Р.Каримова.
Жамбыл облысы