Аустралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспортының үлесі бойынша – бірінші орында, ал сиыр етінің экспорты бойынша – екінші орында. Оның 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Отандық мамандар аустралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жеткізгенін анықтады.
Бірінші кездесу «Оңтүстік Аустралияның мал шаруашылығы» ірі салалық ұйымымен, MLA (Meat and Livestock Australia) тең құрылтайшысымен өтті, соңғысы Оңтүстік Аустралиядағы 3,5 мыңнан астам сиыр және қой етін өндіруші, сондай-ақ 6 мың қызыл ет пен жүн өндірушінің мүдделерін қорғайды. Ұйым ет және жүн өнеркәсібінің тұрақтылығы мен өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істейді, өндірушілердің мүдделерін қорғайды, оларды оқытумен айналысады, арнайы қорды басқарады. Қауымдастық өкілдері ұлттық және өңірлік деңгейдегі фермерлерді қолдау шаралары мен міндеттелген алымдар, жұмыс істеу әдістері туралы айтып берді. Биоқауіпсіздік пен малды бақылау – бірінші орындағы мәселе.
Бізден барған мамандарды ауыл шаруашылығын жүргізудің озық әдістерімен таныстыру халықаралық оқу орталығында, Аделаида университетінің Roseworthy кампусында жалғасын тапты. Университет құрғақ климатта ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған. Roseworthy кампусы – Оңтүстік Аустралиядағы жануарлар мен ветеринарияны зерттеудің негізгі орталығы. 1,6 мың га аумақты алып жатыр. Онда студенттерге бірден практикалық тәжірибе алауға мүмкіндік беретін арнайы ферма бар.
Отандық мамандарды мал өсіру және күтіп-бағу тәсілдері, жемшөп рационы және т.б. көптеген мәселе қызықтырды. Атап айтқанда, экспорты жақсы дамыған ел бола тұра, олар мал басын өсіруге асықпайды, себебі климаттың нашарлауын ескере отырып, жерді құнарынан айырғысы келмейді.
* * *
Сондай-ақ сапар барысында ел делегациясы Аустралиядағы ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бірі – «Eders» компаниясының басшылығымен кездесті.
Компания аустралиялық фермерлерге қызмет көрсетудің кең спектрін ұсынады – агрономиялық консалтинг, мал шаруашылығы бойынша кеңес беру, көміртегі шаруашылығы, ауыл шаруашылығындағы цифрлық технологиялар, геномика, мал, астық және жүн сатып алу және сату жөніндегі агенттік қызметтер, сақтандыру, ауылдық жылжымайтын мүлік туралы қолдау көрсетеді.
Elders жыл сайын шамамен 1,3 – 1,7 миллион ірі қара мал сатады. Бұл сол елдегі сатылым жалпы айналымының шамамен 12%-ын құрайды. Сондай-ақ жылына 10 млн қой сатады, бұл нарықтың шамамен 20%-ын құрайды.
Қызыл ет пен дәнді дақылдар – Аустралиядағы ауыл шаруашылығының ең тиімді бағыттары. Жыл сайын дәнді дақылдар сату шамамен 13 млрд долларға бағаланады. Аустралияда 22 мыңға жуық компания өсімдік шаруашылығымен айналысады, егіс алқабы – шамамен 20 млн гектар, негізінен бидай, арпа, рапс, сұлы, жасымық, бұршақ өсіріледі. Астық өнімдерінің 65%-ы экспортқа шығарылады. 2023 жылы бидай жинау – шамамен 25 млн тоннаны, арпа 10 млн тоннаны құрады.
Аустралияның экспорттық нарығы өте үлкен және ішкі нарықты жақсы қамтамасыз етеді, дейді Elders. Орташа алғанда, елдегі 1 адамға 1 тонна астық өсіріледі. Қазақстан – аустралиялықтардың пікірінше, әлемдегі бидай өнімділігі жоғары елдердің бірі. Компанияның қазақстандық серіктестермен фермаларды нөлден бастап құру бойынша тәжірибесі бар.
«Қазақстанда қызыл ет индустриясын жаңарту бағдарламасы жүріп жатқан кезде біз «Солтүстік Агро» компаниясымен жұмыс істедік. Қарабалықта (Қостанай облысы) екі компания іске қосылды: «Солтүстік-Агро» және «Терра». Солтүстік Агроға біз Канада, АҚШ және Аустралиядан 4,5 мыңға жуық Ангус сиырларын әкелдік. Сондай-ақ 6 мың гектарға жуық шаруа қожалығына егіс алқаптарын ұйымдастырып, жазда мал өсіруге арналып қоршалды. Қыста мал шаруашылығын қамтамасыз ететін өндірістік бордақылау алаңы және барлық қажетті инфрақұрылым салынды. Барлығы нөлден бастап жасалды. Жақсы бордақылаудың арқасында қыста мал қатып қалмады. Біз малды дұрыс азықтандырамыз – бұл біздің әдісіміз. Аустралияда ыстық температурамен байланысты мәселе көп, ал Қазақстанда – температура күрт өзгереді. Менің ойымша, сіздердің елдеріңізде бәрі сіздер қалағандай болуы мүмкін. Сіздерде жер, инвестициялау мүмкіндігі бар, сіздер орталықта орналасқансыздар, көптеген елді тамақтандыруға болады. Ең бастысы – сауданы жолға қою», деп атап өтті Elders кеңесшісі және агроменеджер Брюс Крик.
«Қостанай облысында бізде 20 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Біз 12 жыл бұрын Аустралияда болдық, тәжірибе жинадық, өйткені мұндай қарқын Қазақстанда жоқ еді. Ал бүгінде біздің бордақылау алаңымыз еліміздегі ең ірі алаң болып отыр», деді «Терра» компаниялар тобының серіктесі Қайыржан Наурызғалиев.