Президент • 12 Желтоқсан, 2023

Президент цифрлық платформа құрудың тым созылып кеткенін ескертті

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының биылғы жылғы иегерлерін марапаттау рәсімінде отандық бизнестің дамуына кесірін тигізбес үшін негізсіз тексеру мен заңсыз қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма бергенін еске салды, деп хабарлайды  Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент цифрлық платформа құрудың тым созылып кеткенін ескертті

aqorda_resmi

«Өздеріңізге белгілі, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін). Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды (416-дан 92-ге дейін). Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сондай-ақ оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент цифрлық платформаны құрудың тым сиырқұймышақтанып кеткенін де ескертті.

«Цифрлық платформаны созбалаңға сала бермей, тез арада құру аса маңызды. Сол арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу процесін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты барлық шешімі мен шектеу шаралары бойынша «прокурорлық сүзгі» жұмыс істей бастайды. Осылайша, біз инвесторларды негізсіз айыппұлдар мен салықтардан, әділетсіз және ұзаққа созылған сот дауларынан қорғаймыз. Жалпы, бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты», деді Қ.Тоқаев.

Президент  осы салаға өзі жетекшілік ететінін,  отандық һәм шетелдік мамандармен жүздесіп, жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты.