Слеттің салтанатты ашылу рәсімінде академияның президенті Күнсұлу Закарья ғылымның маңызы жөнінде сөз қозғады. Жастарды ғылым саласына бет бұруға шақырып, бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда академияда жас ғалымдардың жұмыс топтары құрылған. Олар 10 бағыт бойынша ғылымды дамытуға жұмылдырылған. Жас ғалымдардың саны шамамен 600-ден асады. Осыған дейін олардың қатысуымен 6 отырыс өтті. Сол жастардың белсенді тобын бүгінгі слетке шақырдық. Сонымен қатар өңірлік ғылымды дамыту да – академияның маңызды жұмыстарының бірі. Әсіресе оңтүстік өңір үшін ерекше көңіл бөлмекпіз. Экономиканың басты қозғаушы күші, локомотиві ғылым болуы қажет. Ал ең бастысы ғылымды пайдаланып, жаңа өнімдер шығаруымыз керек. Сол себепті академия әр өңірдің экономикалық басым салаларын зерделеп, ғылыми бағыттарды айқындауға назар салып отыр. Бүгінгі таңда ғалымдар ойлап тапқан бірқатар жоба іске асуға дайын. Жобалар саны жүзге жуықтайды. Бұл бойынша әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Біз ол жобаларды облыстық және қалалық әкімдіктерге жолдаймыз. Осы ретте елдің өркендеуіне үлес қосатын басқа да маңызды дүниелер ойлап табатын жас ғалымдардың болашақ істеріне сенім артамыз. Ал слетте талқыланған мәселелер мен олардың шешімі, ұсыныстар тұжырымдалып, тиісті министрліктер мен Президент әкімшілігіне жолданады. Ұлттық ғылым академиясының алдында тұрған үлкен міндет – ғылым арқылы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық дамуды жаңа сатыға көтеру. Сол бойынша ауқымды жоспарлар қабылдап, халықаралық келісімшарттар түзіп, ілгері жылжу бағытында қадам басып келеміз. Ұлттық ғылым академиясы ұсыныс, пікірлерге әрдайым ашықтық қағидатын ұстанады. Жас ғалымдардың кез келген жобасы біз үшін маңызды», деді К.Закарья.
Ұлттық ғылым академиясы басшысының сөзін қостаған қалалық ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев «Жас ғалымдар мегаполисті «ақылды қалаға» айналдыру үшін келешекте бізге өте қажет болады. Ғылымсыз прогресс жоқ. Шымқалада 8 жоғары оқу орны бар, онда 70 мың ұстаз сабақ береді, мегаполисті шынымен де оңтүстік өңірдің ғылыми көшбасшысы ету керек», деді.
Ұлттық ғылым академиясы басшысының орынбасары, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев академия мемлекет қарауына өткен соң көп нәрсе өзгергенін мақтанышпен баяндап берді. Сонымен бірге академия қоғамдық бірлестікке ауысқан 20 жыл ішінде көп нәрседен айырылғанын да қынжыла баяндады. Ғалым академияда ақылды жас азаматтардың көп екенін мәлімдеді. Бірақ ғылым саласында түпкі нәтижеге жету үшін бюрократиялық кедергілер жойылу керегін, сондықтан әділетті Қазақстанды құру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ белгілі математик жастарды бос уақытын тиімді пайдаланып, ғылымды зерттеуге жұмсауға шақырды. Қосымша тіл үйреніңдер деп өсиет айтты. «Жастық шақтың бір міні – өтеді де шығады, сол үшін уақыттың бағасын әрдайым біліп жүріңдер», деп бар айтар ойын бір ауыз сөзбен түйіндеп берді.
«Біздің мақсатымыз – әділетті Қазақстанмен бірге әділетті академия құру. Қоластымда шәкірт болып жүрген 250 студентім бар. Осыдан 20 жыл бұрын академия КСРО сарқыншағы деп қоғамдық ұйымға ауысқан еді. Отандық ғылымның кенжелеп қалуына сол шешім кері әсерін тигізді. 45 ғылыми институттың көбі сатылды, банкротқа ұшырады. Содан бүгінде 30-ы ғана аман қалды. Ендігі міндетіміз – соның бәрін қайта қалпына келтіру. Бөлісетін қуанышты жаңалығымның бірі «Әл-Жәбірдің атасы» деген ғылыми журнал шығара бастадық. Алайда ғылыми мақала жаза алатын жастар жоқтың қасы. Осы жайт менің көңілімді түсіріп отыр. Әңгімемнің басында айтқанымдай, академияда жастар көп. Маған қуаныш, үміт сәулесін сыйлайтыны да осы. Айналайын жастар, ғылымның қасиеттілігін ұмытпаңдар», деді ғалым.
Ал өңірге танымал кәсіпкер, «Саутс Ойл» компаниясының президенті, техника ғылымдарының докторы Серікжан Сейітжанов Ұлттық ғылым академиясының филиалы ашылса, оның жұмысын жүйелі жүргізуге уәде беріп, ғылыми базасы ретінде Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы кәдеге жарауға дайын тұрғанын жеткізді. Сонымен бірге кәсіпкер медицина саласындағы жас ғалымдардың тәжірибелік жұмыстарын іске асыруға жаңадан салынатын үлкен клиникалық аурухана көмегін беретінін айтты. Бұдан бөлек, бизнес өкілі Шымкент қаласында, Түркістан облысында бірнеше маңызды жоба іске асып жатқанын мәлімдеді. Соның ішінде мегаполистегі бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарын қайта өңдеп, одан мыс, күміс, алтын концентратын алатын жобаның бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Түркістан облысында, еліміздің шығыс өңірінде тау-кен қазбаларын өндіру мен одан химиялық өнімдер шығару бойынша индустриялық-инновациялық жобаларды да атап өтті. Осының бәріне жас мамандар қажет. Мамандармен бірге келешекте отандық технологиялар ойлап табатын білікті жас ғалымдарға да сұраныс артпақ. Сондықтан кәсіпкер қазақ ғылымының болашақ іргетасын бүгіннен бастап қалау керек деді.
ШЫМКЕНТ