Еңбек • 12 Желтоқсан, 2023

Жаңа мамандықты меңгереді

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қысқамерзімді кәсіптік оқыту арқылы мамандықты ауыстыруға болады. Қарағанды облысында 571 адам кәсіптік білім алуға жіберілген. Оның көпшілігі жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, жұмысқа да орналасқан.

Жаңа мамандықты меңгереді

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінгі таңда кәсіптік оқу­ды­ 435 маман аяқтап, 317-сі жұ­мыс­қа орналас­тырылды. Оқу кезін­де­ мемлекеттен 32 685 теңге көле­мін­де шәкіртақы алады және жолақысы төленеді. «Өңірімізде кәсіп­­орындар базасында орна­лас­қан 20 оқу орталығы бар. Олар тігінші, аспаз, кондитер сияқты сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындайды», дейді облыстағы еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Дәурен Қошқаралиев.

Саран қаласындағы «A.V.Group»­ компаниясында­ осы жоба аясында еңбекке ара­лас­­қандар саны көп. Аталған ком­пания 2013 жылы құрылған бола­тын. Биыл 10 жылдығын атап өтті. Кәсіпорын тек жеңіл өнеркәсіппен шектеліп қалмай, бірнеше өндірісті дамытып отыр. Аймағымызда алғашқылардың бірі болып полиграфиялық өндірістің толық циклін құр­ған. Алдағы жос­парлары да ауқымды. Қазақ тілінде Брайль шрифтімен түрлі дүниелер басып шығарумен айналысатын елі­міз­дегі жалғыз кәсіпорын атан­бақ. Жобасы әзір. Келесі жылы іске қоспақ ниетте. Бұған қоса, жол белгілерін жасайтын цех та бар. Компания жиһаз өндірумен де айна­лысады, арнайы киімдер мен тұтыну тауарларын шығарады. Қазіргі таңда кәсіпорындарында 150 адам жұмыс істейді.

– Кәсіпорындағы 70 адам біздің оқу орталығының базасында қысқамерзімді кәсіптік оқудан өтті. Саран қаласының мансап орталығымен тығыз байланыс­тамыз. Олар бізге жұмыссыздарды жібереді. Біз оларды 3 айдан 6 айға дейін оқытамыз, содан кейін жұмыс орнын ұсынамыз. Өзіміз үшін мамандар дайындаймыз, сон­дық­тан олардың біліктілігіне сенімдіміз. Болашақта осы бағ­дар­лама бойынша тағы 200-ге жуық адамды жұмысқа орна­лас­тыруға да­йынбыз. Сондай-ақ біз арнайы киімнен алыстап, көпшілік тұтынатын киім тігумен де айналысқымыз келеді, – дейді «A.V.Group» ЖШС бас директоры Владимир Алескеров.

Саран қаласының тұрғыны Эльмира Волкова ұзақ жыл мек­тепте информа­ти­ка пәнінен са­бақ берген. Бір жыл бұрын ма­ман­дығын ауыстырғысы ке­ліп, қысқа­­­мерзімді курстарға тір­кел­ген.

– Жұмыспен қамту орта­лы­­ғы­­­­­на жүгіндім, маған «A.V.Group» серік­тес­тігінің оқу орта­лығының база­сында түп­теу­­шіге оқуды ұсынды. Үш ай оқы­­дым, тәжірибеден де өттім, содан­ кейін жұмыс істеймін деп шеш­тім. Курстар кезінде стипендия алдым. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы – жаңа мамандықты тез мең­гер­гісі келетіндер үшін жақсы мүм­кін­дік. Өйткені білім толыққанды бе­ріледі. Қазір менің сүйікті ісім бар, блокнот және де басқа да кеңсе өнімдерін жасаймын. Сонымен қатар жұмыс орным дәл үйімнің жанында, – дейді Эльмира.

Қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағ­дарламасының түлек­те­рі жаңа маман­д­ықты игеріп, кепіл­ді жұмысқа орналасып қана қоймай, мемлекеттік үлгідегі серти­фикаттарды да алады. Соны­мен қатар кейбір курстарды онлайн оқуға да болады. Олардың тізімі enbek.kz сайтында көрсетілген.

 

Қарағанды облысы,

Саран қаласы