Нұрсұлу Жамалбекқызы – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры әрі аталған жоғары оқу орнындағы Алтайтану және түркітану ғылыми зерттеу институтының директоры. Ол есімі елге белгілі дарынды педагогтер мен көрнекті ғалымдардан дәріс алып, бүгінде өзі де талай жанға ұлағатты ұстаз атанды. Нұрсұлу Жамалбекқызы жоғары білікті тіл мамандарын даярлау ісіне атсалысып келеді.
Ұстаздық жолын Шымкент педагогикалық университетінің орыс тілі кафедрасының оқытушысы болып бастаған ол Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы тіл білімі кафедрасында 10 жылдан аса шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етті. Нұрсұлу Жамалбекқызы ғалымдық жолмен қатар басшылық қызметті қатар алып жүрді. Қазақстан-Ресей университеті жанындағы халықаралық қатынастар мен геосаяси зерттеулер институтының тəуелсіз мемлекеттерді зерттеу орталығының басшысы, «Парасат» Қазақстанның көпсалалы институтының гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры қызметін атқарды. 2016 жылдан бастап қазірге дейін Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры болып еңбек етеді. Сонымен қатар ғалым көптеген кәсіби және қоғамдық ұйымдардың мүшесі ретінде жас талапкерлердің ғылым жолына бағыт алуына көмектесіп, шәкірттеріне үлгі болып келеді. Ғалымның белсенді ғылыми өмірі халықаралық конференциялар мен форумдардағы көптеген басылым жəне баяндамаларда көрініс тапты. Ол – Қазақстандағы жəне шетелдегі, оның ішінде Германия, Польша, Ресей, Словения секілді елдерде орыс, қазақ, ағылшын тілдеріндегі 200-ден аса ғылыми басылымдармен, баяндама тезистерінің авторы. Ғалым 9 филология ғылымдарының докторын жəне 27 ғылым кандидатын, сондай-ақ 20-ға жуық магистр тәрбиелеп, ғылым жолына бағыттады.
Тіл ғылымы қажырлы еңбек пен тоқтаусыз ізденісті талап етеді. Н.Шаймерденова тілтануда ғана емес, сонымен қатар әдістеме бағытында да елеулі еңбек етті. Ғалым орта жəне жоғары мектептер үшін орыс тілі оқулықтары мен оқу бағдарламаларын құрастыру жолында қызмет етіп жүр. Н.Шманова жəне А.Кошеровамен бірлесіп жазған «Русская речь» (қазақтілді жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған) оқулығы бірнеше рет басылып шықты және білім ошақтарында қолданылып келеді. Оған қоса, жоғары оқу орындарына арнап жазылған жалпы лингвистикалық курстар бойынша «Славян филологиясына кіріспе», «Аударма теориясының негіздері» секілді типтік бағдарламалардың авторы екенін де тілге тиек еткен жөн.
Н.Жамалбекқызы Қазақстандағы Ресей жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының президенті қызметін атқару барысында мемлекетаралық өзара əрекеттестік жəне іскерлік ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді. Бұл кезеңде оның жетекшілігімен түрлі халықаралық конгрестер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Осы арқылы екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға күш салды. Әрі бұл еңбегі елеусіз қалмады, Ресей тарапынан түрлі марапатқа ие болды.
Оның ғылыми монографиялары мен оқу-әдістемелік құралдарынан басқа кейінгі жылдары балаларға арналған шағын ертегілері де жоғары бағаланып, бүгінде бастауыш сынып оқушыларының қызыға оқитын кітаптарына айналған. «Махаббат және Асылжан», «Әдемі қызыл қаздар туралы ертегі», «Глоссиктің алғашқы сапары», «Гүлдер ханшайымы», «Ананың ертегілері» сияқты ертегі кітаптары түрлі суреттермен көркемделіп, арасына балалардың өзіне бояуға мүмкіндік берілген бояма суреттер қосылып, балдырғандарға барынша қызықты әрі тартымды етіп шығарылған. Сан саланы серік еткен ғалымның балалар әдебиетіне қосқан еңбегі жоғары бағаланып, ертегілері ана тілімізден бөлек, ағылшын, орыс, балқар, ингуш, қабарда, қарашай, неміс, өзбек, украин және чешен тілдеріне аударылып жарияланған. Бұл бағыттағы есте қаларлық жобалардың бірі – балалар мен ата-аналарға арналған «Бірге оқимыз, сурет саламыз жəне армандаймыз» деген шығармашылық зертханалар циклі. Бұлардың қай-қайсысы болсын балдырғандарға туған жердің қадірін ертегі арқылы түсіндіруде тиімді әсер етеді.
Саналы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беру жолында еңбек етіп жүрген Нұрсұлу Жамалбекқызы көпке үлгі. Ғалымның замандасы әрі әріптесі, елімізде ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі, тілші-ғалым Камал Әлпейісова «Нұрсұлу Шаймерденованың осынша көп жұмысты қатар алып жүрген қажыр-қайратына, басына түскен ауыртпалықты көтере білген қайсарлығына, қандай құбылмалы жайларда адами бет-бейнесін, азаматтық ұстанымын жоғалтпайтын тұрақтылығына қарап, «сірә, тәуелсіздік күні туған жан осындай болуы керек шығар» деп ойлаймын», деген екен. Осы сөздің жаны бардай. Расында, оның ғылым жолындағы толағай табысы мен жеткен жетістіктері – табандылығы мен қажырлығының, өз ісіне деген сүйіспеншілігінің жемісі. Ғалымның еліміздің жарқын болашағын қалыптастырудағы үлесі мен ізденістері біз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе.
Жәмила ӨМІРБЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты