Мәдениет • 12 Желтоқсан, 2023

Ұлт мүддесіне берік «Мұрагер»

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына мейлінше мол сіңірген адал да арлы, саналы да парасатты азамат болуы керек-ақ. Бірақ сол тәрбиенің тінін қалай бекітеміз деген сауал бүгінде ел ертеңін ойлайтын адамның бәрін толғандырып жүргендігі хақ. Мысал іздеп төңіректі шоламыз. Жылт еткен жаңалық болса құба-құп. «Жүрген аяққа жүргем ілігеді» демекші, қияндағы Жақсы ауданының Белағаш ауылында жан сүйсінтерлік жақсы іс бар деп естідік.

Ұлт мүддесіне берік «Мұрагер»

Ауылдағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Азамат Асылбеков көпті толғандырып отырған келелі мәселенің тетігін тауыпты. Мектеп мұғалімі қат-қабат жұмыстан қолы босаса, кейінгі жылдары уақыт шы­мыл­дығы тұмшалап тастаған ілкідегі Алаш баласының жүй­­рік баптап, ит жүгірткен әдемі дәстүрін бүгінгі күннің бе­де­рі­мен айшықтап, қайта жаң­ғыр­тып жүр екен. Мектеп жанынан «Мұрагер» клубын ашыпты.

Клубтың негізгі мақсаты – ауыл балаларын ат құлағында ойнайтын шабандоздыққа бау­лу. Әрине, ауыл баласының тақымы тайға тиюден қалды демесек те, шабандоздықты шын өнер санап, ауыздығымен алысқан тұлпарды тақымдау өзгеше өнер. Демек оның қыр-сырына бойлап, қапысыз мең­герген жөн. Кәсіби негізде аузы­мен құс тістеген ерен жүй­рік­тің жалына жармасып жүр­ген жеті-сегіз оқушы бар екен. Тәубе дерлік. Ғұмыры ат үстінде өскен арыдағы аруақты ата-бабаның бүгінгі жалғасы жыл­қы­ны жатырқамаса керек қой. Қызығушылар да аз емес. Шоқ жұлдыздай ауылдың жиыр­­маға жуық баласы құрбы­ла­ры­ның бәйге атының басына мінген мықтылықтарына қы­зығып, ниет білдіріп жүр. Азамат Шернияз­ұлының өз ұл­дары Данияр, Ділшат және оқу­шысы Нұртілеу Ырымхан аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі қашықтықтағы бәй­геге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл арада айта кететін бір жайт, жылқының жалын жас­танып өткен аталарымыздың бүгінгі ұрпақтары тұлпардың тізгінін ұстау ғана емес, тілін білу, жүйрік жарату өнерін бүге-шігесіне дейін байыптап, тү­сініп-түйсіну. Айналып келгенде жер апшысын қуыратын хас жүйріктің бітім-болмысын, жаратылысын ұғу. Түптің тү­бін­де атбегілік өнерді қапысыз меңгеру.

– 2014 жылы ел іргедегі Ре­сей­­ден арзан көлік әкеліп жатты, мен болсам ағылшын тұ­қым­ды жылқының екі құлы­нын әкелдім, – дейді тарих пәнінің мұғалімі. – Кейін сол «Жезкиік» пен «Самалдан» бірнеше құлын алып, қолтума сәйгүліктер өсір­дім. «Самал», «Ханшайым», «Гауһартас» атты сәйгүліктерім топ жарып, жүлдеге ие болып жүр. «Барқас», «Ахилес» атты қолтума жылқыларымды баптап, жарыстарға қосып келемін. Бабы келісіп, бабы жанса, жүл­де­сіз қалмайды.

Кейіпкеріміз 6-сынып оқу­шысы кезінде-ақ жүй­рік­тің жалын тартып мінген екен. Тіпті республикалық дең­гейдегі ат жарыстарға да қа­тыс­­қан. Сол кезде олжалаған дип­ломдары мен медальдары от­ба­сылық мұ­ра­ғатында сақ­тау­лы. Ендігі бір құмарлығы – құмай тазы. Ағынан ақтарылған әңгімесін тыңдасаңыз, құмай тазысын біреу ит десе өкпесі қара қа­зандай болып ренжіп қалады екен.

– Ашаршылық жылдары бір ауылды бір тазының асы­ра­ғандығы туралы дерек өте көп. Киіз үйге кіріп, боса­ғасында жататын жеті қазы­наның бірі емес пе, – дейді Азамат Шерниязұлы. – Ақ көр­песін жамылған сайын далада ауыздығымен алысқан қақпан бел ат мініп, дегдар тазы ертіп келе жатсаң, сол сурет-ақ көкірегіңді қуанышқа бөлемей ме? Біз барымызды бағаламай жүрген халықпыз. Әйтпесе, құмай тазының тұқымын ірге­дегі көршілеріміз «азиятская борзая» деп еншілеп алды, қы­мызға немістер ие. Ал ұлттық құн­дылықтарымызды өзіміз ұлық­тауға неге сонша енжармыз?

Тарих пәнінің мұғалімі ұлты­­­­мыздың салт-дәстүрі мен көне тарихын жас ұрпақтың бо­йы­на шым-шымдап сіңірмек. Көкпарды да, теңге ілуді де, то­ғыз­құмалақты да меңгерген. Ал домбыра тартып, ән салғанда ерке Есілдің бойындағы қалың тоғай дүр ете түсетіндей.

– Азамат Шерниязұлы біздің мектепте 2007 жылдан бері жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Айгүл Ермұханқызы. – Ол нағыз ұлт жанашыры, сабақтары да өте қызықты әрі мазмұнды өтеді. Шәкірттерін өлкеміздің тарихымен таныс­тырып, олардың бойына туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып келеді. 2014 жылы білім ошағының жанынан тарихи-өлкетану музейін ашты.

Айтпақшы, осы музей бұл өлкеде бірінші болып ашылған екен. Бағзы замандағы тас, те­мір дәуірінен жылға тартатын, қатпары қалың қазына тура­лы сыр шертетін 3 мыңға жуық жәдігер жинақталыпты. Осының бәрі – тарих мұғалімінің талпынысы. Белағаш ауылының басым бөлігі өзге этнос өкілдері бол­ға­нымен, елгезек мұғалімнің ерен еңбегін бағалай біледі екен. Олар да өздері күнелтіп жат­­қан өлкенің өз тарихын ер­теңді ойлаған Азаматтан сұ­рап біледі. Жалғыз өзі жарғақ құ­ла­ғы жастыққа тимей, осынша шаруа­ны тыңғылықтап жүрген қара­­пайым мұғалімнің үлкен ісіне қалай сүйсінбессің.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы