Сараптама • 13 Желтоқсан, 2023

Балаларға арналған контент қалай талданады?

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясы қоғамның көп саласына әсер еткені секілді балалардың медианы тұтыну үлгілеріне де біраз ықпалын тигізгені сөзсіз. Сол себепті 2020 жылдан кейін әлемде осы саладағы зерттеулер көбейген.

Балаларға арналған контент қалай талданады?

ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ҚАРАЙ БАЛАЛАРДЫҢ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДЫ ҚОЛДАНУ КӨРСЕТКІШІ Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мысалы, АҚШ-та 8 жасқа толмаған балалардың медиа тұтынуын зерттейтін «Common Sense» санағы бар. Жоба аме­ри­калық балаларға медианың әсерін анықтау мақсатында жүр­гізіледі. Ал Оңтүстік Корея­да мек­теп жасына дейінгі бала­лар­дың цифрлы медианы тұты­ну тенденцияларын талдау нәти­желері бойынша арнайы зерт­те­уі бар. Бұл талдамада бала­лар­дың медиа құрылғыларын қолдануының уақыт жиілігіне және жыныстық ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Кореяда мектеп жасына дейінгі балалар ара­сында мультимедиялық құ­рыл­ғыларды пайдаланудың өсу тенденциясы байқалды.

Балалардың медиа тұтынуын зерттеуді еліміз де қолға алды. 2021 жылы осы саланы зерде­леу­дегі алғашқы кешенді жоба­ның «Балалар және медиа­тұ­тыну-2021» зерттеуінің нәти­же­сінде балалардың интернет, теледидар және әдебиеттегі кон­тент­ке деген қызығушылығы тура­лы сұрақтарға жауап алынып, оларды жас ерекшеліктері, сон­дай-ақ әлеуметтік медиа мен мес­сенджерлерде өткізген уақыт талданған.

Балалар тақырыбындағы әлем­­­дегі іргелі зерттеулердің бірі – бри­­­тандық «Ofcom» (Office of Communications) медиареттеушісі жыл сайын жүргізетін «Балалар мен ата-аналар: медианы пайда­лан­уы және оған деген көзқарас туралы есеп». Зерттеу әдіснамасы интернетте отыратын балалардың әдеттерін, медиа сауатын; осы тақы­рыптарға қатысты ата-ана­лар­дың ойын анықтайтын үш онлайн сауалдаманы қамтыды.

Осы зерттеудің 2022 жылғы қорытындыларының бірі ұялы телефон мен планшет – 3 пен 17 жас аралығындағы балалар арасында ең көп қолданылатын (10 баланың 7-еуі) құрылғы екені анықталды. Дегенмен жасқа бай­ланысты айырмашылықтар бай­қалады: 12 жасқа дейінгі бала­лар планшетті жиі қолданады (шамамен 10 баланың 8-і), ал 12 мен 17 жас аралығындағы бала­лар­дың көбі (10 баланың 9-ы) интернетке қосылу үшін ұялы теле­фонды пайдаланады.

Бейнехостинг платфор­ма­ларын пайдалану 3 пен 17 жас аралы­ғындағы (95%) бала­лар­дың арасында кең тарал­ған. Олар контентті қарау үшін бейне­хос­тингті жиі пайдалан­ға­ны­мен, өз­дері түсірген бейнелерді жария­лай­тындар үлесі әлдеқайда аз.

Балалардың жиі жасайтын онлайн әрекеттердің бірі (3 пен 17 жас аралығындағы 8/10-і) – ха­бар­лама жіберу немесе бейне­дауыс­тық қоңыраулар шалу үшін мес­сенджерді пайдалану. Бала­лар­дың жасы ұлғайған сайын олардың қолдану көрсеткіштері де артты. Стримге арналған қол­данбалар мен сайттарды пайда­лану – ересек топтар арасында әлеу­­­меттік медианы пайдалану сияқ­ты жоғары болмаса да, кіш­кен­­тай балаларға қарағанда бір­шама жоғары зерттеу қорытын­ды­ларының бірі.

Балалардың медианы тұтынуы туралы әлемдік зерттеулер негі­зінен бірдей тақырыпты, мақсат­тар мен міндеттерді қамтиды, сондықтан олар бір-бірімен жиі қиылысады. Сондай-ақ шолуда қарастырылған барлық зерттеудің арасында ұқсастықтар бар екенін байқауға болады. Атап өтсек, зерттеу әдісі, зерттеу нысаны, ата-аналарды зерттеуге қосу.

АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүс­тік Корея және Қырғыз Респуб­ли­ка­сында жүргі­зілген зерттеулер COVID-19 пандемиясының әсе­рінен балалар арасында ақпа­рат­тық коммуникациялық тех­но­логияларды (АКТ) пайда­ланудың өзгеру динамикасын көр­сетеді. АҚШ пен Ұлы­бри­танияда жүргізілген зерт­теу­лер балалар арасында медиа­тұтыну­дың өзгергенін аңғар­та­ды. Корея мен Қырғыз Рес­пуб­­ликасында жүргізілген зерт­теулер балалар арасында элек­тронды құрылғылар мен медиа­тұтынудың паттерндарын тал­дау­ға бағытталған.

Пандемияға байланысты ен­гі­зілген шектеу шаралары Қа­зақ­станда да ақпараттық тех­нологияларды және медиа өнім­дерді тұтынуда өзгерістер алып келді. Алдыңғы жылдармен са­лыстырғанда 2020 жылы ком­муникация құрылғыларын пай­даланатын балалардың үлесі айтарлықтай өсті. Бұл Қазақстанда әлемдік тәжірибедегідей, балалар арасында АКТ пайдалану­шы­лар­дың деңгейі күрт өскенін аңғартады. Статистикалық дерек­тер­ден балалардың цифрлы құрылғыларды пайдалануында жаңа тенденциялардың бар екенін аңғаруға болады. Алайда сандық деректер цифрлы құрыл­ғы­лар мен мультимедиялық контентті тұтынудың сапасы мен моти­ва­ция­сы туралы ақпарат бермейді.

 

Айзат СЕРҒАЗЫ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы