Білім • 13 Желтоқсан, 2023

Қанша градус аязда сабақ тоқтатылуы керек?

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс жеткенде күн райының қандай боларын болжап білу мүмкін емес. Ауа температурасы аязды болып, қыс қысқанда үлкендердің өзі сыртқа шығуға тайсақтап тұрады. Сол себепті қысы қатты өңірлерде сабақтар жиі тоқтатылып жатады. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қанша градус аязда оқу орнына бармаса болады? Бүгін мектепке, колледжге барудың қажеті бар ма, жоқ па деп күн сайын көңілінде күдік ұялайтындар үшін сауалдың ресми реттелген тәртіптік жүйесіне түсінік береміз.

Қанша градус аязда сабақ тоқтатылуы керек?

Сабақ тоқтатылғанын кім хабарлайды?

Алдымен қолайсыз ауа райында сабақты тоқтату туралы ақпаратты әр өңірдің білім басқармасына қарасты мемлекеттік органдар хабарлау керек.

Мұдай мәліметтер:

  • Телеарналардың жүгіртпе жолында;
  • Радио хабарларында;
  • 169 (ақылы анықтама) немесе 109 (ұялы телефоннан тегін) номерінен телефоны арқылы;
  • Әкімдіктің ресми сайттарында; Астана қаласында е_astana.kz электронды қызмет порталында;
  • Bilim.astana.kz сайтында;
  • Smart Astana қолданбалы бағдарламасы мен жан-жақты дереккөздер арқылы хабарланып отырады.

Ата-ана, оқушы, колледж студенттері осы ақпарат арналарында жарияланған дерек негізінде әрекет ету керек.

Күн сайын, бірінші ауысым үшін сағат 6.45-тен 7.00-ге дейін, екінші және үшінші ауысымдар үшін сағат 11:15-тен 13:00-ден кешіктірілмей сабақтың кестеге сай болатыны не қашықтан оқытылатыны туралы мәлімет жариялануы керек.

Қыста ауа  температурасы қанша  градусқа жеткенде сабақ тоқтатылады?

Мектеп пен колледжде сабақтар мына метеожағдайдағы көрсеткіштер негізінде тоқтатылады:

 

Ауа температурасы

Желдің жылдамдығы

Сабақтарды тоқтату үшін

-25-29 және одан төмен

2-4 м/с

0-4 сынып

-25-29 және одан төмен

5 м/с және одан жоғары

0-9 сынып

-30-34 және одан төмен

2-4 м/с

0-9 сынып

-30-34 және одан төмен

5 м/с және одан жоғары

0-11 (12) сыныптар

Колледждерде 1,2 курстар үшін

-35 және одан төмен

2 м/с және одан жоғары

0-11 (12) сыныптар

Колледждерде 1,2 курстар үшін

 

Ал интернаттық білім беру ұйымдарында ауа райының қолайсыз метеожағдайлары кезінде сабақты тоқтату туралы шешім білім алушылардың тұрғылықты орнындағы ауа температурасы ескеріліп қабылданады.

Сабақ тоқтатылған күнгі жоспарлы тақырыптар қайта өткізіле ме?

Аязды күндер аптаға созылып кетсе сабақ жоспары бұзылары сөзсіз. Сондықтан білім беру ұйымдары егер сабақ 5 күннен артық тоқтатылса, онда оқу пәндерінің мазмұнының интеграциялануын, резервтік сағаттар және қайталауға бөлінген сағаттарды ескере отырып  құрылтайшының келісімі бойынша білім беру ұйымының жылдық күнтізбелік-тақырыптық жоспарына түзетулер енгізу қажет.

Егер бала, студент сабақ тоқтатылған күні білім ордасына барса кері қайтарыла ма?

Жоқ. Егер оқушы, студент сабақты қашықтан оқыту белгіленсе де мектеп, колледжге келсе сабақты сол жерде оқу керек. Бақылау жұмысы мен жаңа тақырыптан бөлек қосымша сабақ, үйірме тағы басқасы жүргізілуге тиіс.

Ал қашықтан оқытылған күндегі бағалау объективті болу үшін сабақ кестесіне сәйкес барлық журналдардың түрлерінде күні қойылады, ал «Сабақтың тақырыбы» бағанында «актіленген күн» деп жазылады. Сабақтар тоқтатылған күні орындалған жұмыс үшін білім алушыға баға түзету енгізілген күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес келесі оқу сабақтары күндерінде журналдың бағанына қойылады.

Ата-аналар (заңды өкілдер) баласы сабақ тоқтатылған күні білім беру ұйымына баратыны туралы шешім қабылдаған жағдайда оның білім беру ұйымына келуі және кері қарай жолындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі өздеріне жүктеледі.