Фото: ашық дереккөз
Мәселен, «Қарағанды-Астана» тас жолының бойында қалып қойған Өзбекстан азаматтары құтқарылды. Сарыағаштан жолға шығып, елордаға жетпей сынған автобуста 20 шақты жолаушы болған. Нәтижесінде олар Осакаров ауданына дейін жеткізіліп, жатын орын мен ішер тамақпен қамтамасыз етілді.
«Жексенбі күні кешкі сағат сегізде автобуспен жолға шықтық. Өзбекстаннан келдік. Құтқарушылар бізге ыстық тамақ беріп, жатын орынға орналастырды. Біз 25 адам едік, 8 адам Қарағандыда түсіп кеткен», деді шетел азаматы Әбубәкір Хаитов «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында.
Бұдан бөлек Қызылорда полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты соңғы бір тәулікте 15 жүргізушіге қол ұшын созды.
Түркістан облысында да ақтүтек боран салдарынан жолда қалып қойғандар құтқарылды. Қазір ауы райының күрт суытуына байланысты аумақ мектептерінің басым көпшілігі қашықтан оқытуға көшкен.
Ал «Шымкент-Тараз» автожолы мен Түлкібас ауданында ішкі жолдар уақытша жабылды. Аталған күрежол бойында үш бірдей тойота альфард көлігінің жүргізушілері мен жолаушылары құтқарылған.
Айта кетсек, Бәйдібек ауданында кешеден бері бұрқасын жел соғып тұр. Соның салдарынан Түркістан облысы Бәйдібек пен Түлкібас аудандарының аумағы, Батыс-Еуропа Батыс-Қытай трассасы мен оған қосылатын елді мекендер жолдары жабылды. Бұл аумақтардан да бірнеше жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылып, ақтүтекте адасып кеткен шопан да табылды.
Сондай-ақ Ақмола облысында қатты аязда жолда қалған 31 адам Көкшетау қаласындағы жылыту пунктіне аман-есен жеткізілді. Олардың арасында екі бала болған. Барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары.