Төле би ұстаған Құран
Ел аузында Төленің даналығы мен мәмілегерлігі туралы аз айтылмайды. Бірде үш жүздің атақты билері Арқаға жиналыпты. Олар Төле би айтқан мезгілден кешігіп келсе керек. Оған шамданған қарт билер: «Төле би келсе орнымыздан тұрмайық», деп уәделеседі. Бірақ Төле би келгенде орындарынан тұрып кетеді. Тек екі-үш би ғана тұрмайды. Төле би көпшіліктен кешіккені үшін кешірім сұрайды. Екі-үш бидің бірі сөзден ұту үшін сынай сұрақ қояды:
– Бақ – дегеніміз не ?
Байлық – дегеніміз не?
Бала – дегеніміз не?
Төле би орнына отырмай, түрегеп тұрған бойда:
– Бақ ұзатылған қыз,
Байлық еритін мұз,
Бала артта қалған із.
Өмірдің адамға жақсы сыйы –
Сыйласқан сіз бенен біз, –
дегенде билердің бәрі жүрегін ұстап, қарттарға дейін орындарынан тұрып қызмет жасаған екен, дейді. Бұл жерде бақ пен байлықтың құс құсап қолдан сусып ұшып кететінін, мына жалғанда бір-бірімізді сыйлап өтсек, сол сыйластыққа жететін нәрсе жоқ екенін басып айтады, қасындағыларды сол сіз-біз десуге шақырады. Төле бидің дөп айтқан сөздері қасында отырған билердің ойынан шығып жүрегіне жетеді.
Төле бидің өнегелі өмірі мен қызметі туралы филологтер, тарихшылар, заңгерлер аз жазбаған. Біз бұл мақаламызда Төле би ұрпақтары қолында сақталған тарихи тұлғаның тұтынған заттары туралы айтпақпыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Киелітас ауылына барып Төле бидің алтыншы ұрпағы Еркінбек Балықбайұлының үйіндегі заттармен таныстық. Олар бидің Қожамжар деген ұлынан тарайды. Қожамжардың төрт ұлы болыпты, кенжесі – Кенжебайдан Балықбай, соңғыдан Еркінбектер тарайды. Балықбайұлы Еркінбек 1998 жылы қайтыс болған. Еркінбектің қосағы, Балықбайкеліні Тәжігүл апа біраз мәлімет беріп, сақталған дүниелерді көрсетті. Бұл әулет қалған заттарды киелі санап көпшілікке көрсете бермейді, шаңырақты киелі санап арнайы келіп түнеушілер де кездеседі екен. Зиярат етушілердің басым бөлігі – нәрестесі шетінегендер, бала көтермеген әйелдер, аурудан ем іздегендер.
Балықбай келіні Тәжігүл апа
Төле би шекпенінің жұрнағын ұстап тұр
Бірінші зат – Төле би шекпенінің жұрнағы. Қызыл түсті шекпен қалдығының ұзындығы – 80 см, ені – 40-56 см, қалыңдығы – 1,5 мм. Бір кездері Балықбайдың әкесі Кенжебайдың бәйбішесі киелі шапанды сөгіп шалбар етіп тігіпті. Шапанды сөккен күннің ертесіне қатты жаңбыр жауып, сол нөсерден Кенжебайдың мың жылқысы қырылып қалады. Шекпеннің киесі ұрғанын білген бәйбішесі шалбарды қайта сөгіпті. Одан кейін бұл затты киелі тұтқандар тәбәрік деп қиып ала беріпті. Тек соңғы 20 жылда Тәжігүл апа ақ матаға орап сандыққа сақтап келеді. Шекпен қазақта әдетте түйе жүнінен тоқылатын болған. Шекпеннің ұсақ бөлігі 2008 жылы 15 шілдеде Қазақстанның Түркиядағы Бас консулы Абуталип Ахметовтің арнайы хат жазып сұрауымен Түркияға сараптамаға жіберілген. Ыстанбұлдағы Institut Für marktökologie атты мекемеден келген жауапта мата байырғы көне тоқыма станогында жасалғаны, ол таза жүннен (100 пайыз) тұратыны, бояуы органикалық екені, шөп тамырларынан жасалғаны айтылады. Шекпеннің көне бұйым екенін сараптама көрсетіп тұр.
Екінші зат – Төле бидің киіз үйі есігінің маңдайшасы. Маңдайша да қастерленіп үйдің бір бөлмесінде сақталады екен. Ол ағаштан жасалған, түсі қара. Маңдайшаның жалпы қалыңдығы – 5 см. Беті жылтыр, бір бөліктері жұқалау етіп ойылған, бір орындары қалыңдау етіп жасалған. Ол әдеттегі есік маңдайшалары сияқты созыңқы төртбұрыш пішінді емес. Маңдайшаның жалпы ұзындығы – 1,1 метр. Маңдайшаның екі шеті дөңгелене етіп аяқталған. Орта беліне қарай көтеріңкі. Осы жердегі ені – 12,5 см. Ал екі шетіндегі ені – 12 см. Маңдайшаның сол жағында дөңгелек темір бекітілген, дөңгелек диаметрі – 2,5 см. Темір шеңбер жалау бекітуге арналыпты.
Төле би мәйіті жуылғаннан соң бетіне жабылған сейсеп.
Ортада Еркінбекұлы Омар (бабаның 7-ұрпағы)
Үшінші зат – Төле би қайтыс болғанда бабаның денесі жуылғаннан соң бетіне жабылған мата. Қызыл мақпал мата бетін көркемдеп сары, көк, ақ, сұр түсті жіптермен өсімдік іспетті өрнектер салынған. Жамылғы-сейсептің қалдығының бір жағының ұзындығы – 1,70-1,55 метр, ені – 119 см. Бұл әулетте бабалардан қалған деп саналатын тағы бір зат – қолжазба Құран. Оның мұқабасы қапталған тері бетіне қалыппен шығыстық өрнек түсірілген. Қағаз бетіне 15 қатар қара сиямен араб жазуы түскен.
Төле бидің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа таныту керек. Ең алдымен Ресейдегі, Қытайдағы, Өзбекстандағы мұрағаттардан Төле би туралы байырғы жазба деректердегі мәліметтерді алып, құжаттар жинағын басып шығарған дұрыс. Төле бидің шешендік сөзін, билік шешімдерін жеке дара етіп, ғылыми негізде сұрыптап, електен өткізіп басу қажет. Төле би ұрпақтары арасында сақталған заттарды жинақтап суретке түсіріп, олардың арасында Төле би шежіресін де жеке альбом етіп шығарған жөн. Төле биге қатысты тарихи құжаттарды жинап, Түркістан облысындағы Төле би ауданында арнайы музей салуды, оны туристік нысанаға айналдыруды ойластыру қажет-ақ.
Гүлжанат БАЙСАРИЕВА,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері
Түркістан облысы